Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Он бір жылға жуық күткен баспана: Олесяның отбасы жаңа үйге ие болды

оооооо

Кейде адам бір нәрсені ұзақ күтуден шаршап, оның бір күні болатынына күмәндана бастайды. Олеся Агапитованың да тұрғын үй кезегіне тұрған кездегі ойы осындай еді. Бірақ араға жылдар салып, көптен күткен баспана туралы хабар оның өміріндегі ең маңызды жаңалықтардың біріне айналды.

Олеся 2015 жылдың 1 сәуірінде тұрғын үй кезегіне тұрған. Ол кезде бұл шешімді қабылдауға әлеуметтік қызметкері себеп болған.

"Шынымды айтсам, бастапқыда үй аламыз деп аса сенген жоқпын. Әлеуметтік қызметкер кезекке тұруға кеңес берді. Содан кейін жыл сайын барып, белгіленіп жүрдік", - дейді Олеся.

Бұрын кезекте тұрған азаматтарға жыл сайын белгілену үшін арнайы мекемелерге барып, ұзақ уақыт кезекте тұруға тура келген. Олесяның айтуынша, кей күндері адамдардың көптігінен кезекке байланысты түрлі түсініспеушіліктер де болған.

оооооо

Кейін бұл процесс жеңілдей түсті. Ал тұрғын үй кезегін Отбасы банкке беру туралы ақпарат шыққанда, Олеся алғашында алаңдаған.

"Басында сенімсіздік болды. Енді үй алу тіпті қиын болатын шығар деп ойладым. Бірақ керісінше болып шықты. Отбасы банкінде бәрі түсінікті болды. Адамдардың баспаналы болып жатқанын көрдік. Біз де солардың қатарынан табылдық", — деп еске алады ол.

Осы жылдардың ішінде Олесяның отбасы үшін өмірдің өз сынақтары болды. Ол екі ұл тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Диас қазір 20 жаста, кіші ұлы Амир 11 жасқа толғалы отыр. Екі баласы да ерекше қолдауды қажет етеді. Диастың ерекшелігі ерте жастан байқалған. Олеся баласын дәрігерлерге көрсетіп, түрлі ем-дом мен дамыту сабақтарына апарған. Кейін оған мүгедектік рәсімделді. Анасы баласының қоғамға бейімделуіне көмектесу үшін бар мүмкіндікті іздеді.

оооооо

Кіші ұлы Амирдің де дамуына байланысты ерекшеліктер кейін байқала бастаған. Осылайша Олеся екі баласына да күнделікті күтім мен қолдау көрсетіп келеді. Балалардың жанынан табылу үшін оның тұрақты жұмысқа шығуына да мүмкіндік болмады. Оларды қалдыратын адам жоқ. Жақын туыстары да жанында емес.

"Кейде күшің таусылады. Бірақ жылап аласың да, қайта тұрып өмір сүре бересің", - дейді Олеся.

Бұған дейін отбасы Олесяның әжесімен бірге шағын үйде тұрған. Бір бөлмеде бірнеше адамның бірге тұруы, үйдегі жағдайдың қолайсыздығы күнделікті өмірді қиындата түскен.

оооооо

Сондықтан 2026 жылдың 19 қаңтарында келген SMS Олеся үшін ерекше жаңалық болды.

"Хабарламаны алғаш көргенде бірден түсінбей қалдым. Бізге шынымен баспана берілетінін бірден қабылдай алмадым", — дейді ол.

Келесі күні Олеся Отбасы банкке барып, отбасы тұратын болашақ пәтерін көрді. Сол кезде ғана бірнеше жылдық күтудің нәтижесі нақты шындыққа айналғанын сезінді. Бүгінде Олесяның отбасы Семей қаласындағы жаңа "Абай Елі" тұрғын үй кешенінен комфорт санатындағы екі бөлмелі пәтерге ие болды. Баспананы сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы арқылы алды. Пәтер отбасыға таза әрлеумен берілді.
Жаңа үй  Олеся үшін жай ғана басқа мекенжай емес. Бұл балаларына жайлырақ жағдай жасауға, әрқайсысына өз кеңістігін қалыптастыруға және күнделікті өмірін біршама жеңілдетуге мүмкіндік. 2015 жылы басталған тұрғын үй кезегі араға он бір жылға жуық уақыт салып аяқталды.
Бір кездері Олеся үшін баспана алу алыстағы арман сияқты көрінген еді. Бүгінде сол арман оның отбасы күн сайын кіріп-шығатын өз үйіне айналды. Ал ұзақ күткен жылдар жаңа өмірдің басталуына жол ашты.

Stan.kz
Жексенбі, 11 Қазан, 2026 12:25