Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Химия, биология, физика бір пән болуы мүмкін: Оқу-ағарту министрі пәндерді біріктіру талқыланып жатқанын айтты

пәнФото: Maskot / Getty Images

Мәжіліс отырысында депутат Болат Керімбек қазақстандық ата-аналар мектептегі оқу жүктемесі балалардың жас ерекшелігіне сай емес екенін айтып шағымданып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Ата-аналар мен педагогтар жалпы білім беру бағдарламасының мазмұны мен күрделілігіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Бастауыш және орта сыныптардағы оқу жүктемесі көбіне оқушылардың жас ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне сай келмейді", – деді депутат Болат Керімбек.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселе бойынша қазіргі кезде жаңа білім стандартының апробациясы өтіп жатқанын мәлімдеді.

"Сұрақтар математика пәнінің мазмұнына қатысты туындап отыр, бұл орынды деп есептейміз. Сондай-ақ тіл пәндері бойынша, жаратылыстану бағытындағы пәндер туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Қазір осы саланың сарапшыларымен бұл мәселелерді талқылаймыз. Бүгінде бекітілген стандарттар бойынша айтсақ, математикалық пәндерді біріктіру мәселесі көтерілуде", – деді министр.

Сонымен бірге ол жаратылыстану пәндерін біріктіру ұсынысына қатысты өз көзқарасын бұрын да білдіргенін, бұл пәндер бөлек оқытылуы керек екенін айтты.

Жақында министр пилоттық режимде апробациядан өтіп жатқан жаңа стандарт туралы хабарлаған еді. Егер өзгерістер қабылданса, бірнеше пәнді біріктіру жоспарланып отыр. Ол стандарт алгебра мен геометрияны "Математика" пәніне, химия, физика және биологияны "Жаратылыстану ғылымдары" пәніне, ал дүниежүзі тарихы мен құқық негіздерін "Әлеуметтік ғылымдар" пәніне біріктіруді көздейді.

Қазір жаңа стандарт апробация кезеңінде, яғни кейбір мектептерде тәжірибелік түрде тексеріліп жатыр. Бұл жұмыстың нәтижелері желтоқсан айының соңына дейін белгілі болады. Содан кейін білім беру бағдарламаларын ресми бекіту жұмысы басталады.

Сонымен бірге министр физика, химия және биологияны негізгі пәндер ретінде бөлек оқытуды ұсынатынын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда енді мектептерде алгебра мен геометрияны бір пәнге біріктіру ұсынылғаны хабарланған еді.

Рая Мінәп
Сәрсенбі, 03 Желтоқсан, 2025 15:12