Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда тіс дәрігеріне қаралған екі жарым жасар бүлдіршін комаға түсті

Нұр-Сұлтанда бүлдіршін тіс емдетуге барғаннан кейін комаға түсіп қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы елорда тұрғыны Facebook желісіне жариялапты. Сөзінше, тіс дәрігері баланың анасына айтпай қызының тісін емдеп жатқан кезде екі дәрі еккен. Сол себепті қызы 11 күн бойы комада жатыпты. 

"Мен өзімнің 2,5 жасар қызымды ертіп, оның тісін емдетуге тіс дәрігеріне барған болатынмын. Сараптамаға қанымызды өткіздік. Одан басқа ешнәрсе тапсырмадық, анық есімде. Оның себебі қан сараптамасының өзі 20 мың теңге болды, әйткен жағдайда тағы да ақша төлейтін едік. Бұған дейін қызымның бір тісін жұлдыртқанбыз, тіс дәрігері сынама жасаудың қажеті жоқ деп айтты. Қызымның тісін тазалатпай тұрып мен дәрігерден бірнеше рет севоран дәрісінен басқа ешнәрсе егілмейді ғой деп сұрағанмын. Ол маған иә деп жауап берді. Алайда содан кейін балама убистизин және эсмерон егілгені анықталды. Соның салдарынан тегіс жерден қызым 11 күнге комаға түсіп қалды", - деп жазыпты Анастасия Зеленая.

Бұған қоса Анастасия сөзінше, қалалық ауруханалар қызды қабылдаудан бас тартқан, сол себепті қазір бүлдіршін инфекциялық балалар ауруханасында жатыр екен. Айтуынша, баласының бұл жерде жатуы оның денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. 

"Алтыншаш Құралаевна есімді невропатолог "Бас ми тінінің өлімі" диагнозын қойған болатын.  Бірақ жасалған ЭЭГ-нің нәтижесінде баламның миы төменгі амплитудалық көрсеткішпен жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Егер қойылған диагноз дұрыс болғанда сараптама бірқалыпты түзу сызықты көрсететін еді. Дегенмен қызым аяғындағы қытықты сезіп, қимылдатады, дене температурасы, жүрек қағысы, қан қысымы дұрыс қалыпта", - деп қосты қыздың анасы. 

Әйел денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа үндеу жариялапты. Ол шенеуніктен бұл іске араласып, қызының өміріне араша болуды өтінген. 

"Мен бұл істі өз қадағалауыма алдым. Қыз баланың жағдайы өте ауыр, бірақ дәрігерлердің тарапынан көрсетілетін көмек тоқтатылмайды және тиісті ем шаралары орындалады", - деп жауап берген министр. 

Шенеунік денсаулық сақтау министрлігіне қарасты тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабековаға аталған жағдайды тексеруге бұйрық берген. 

Кейіннен қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қыз баланы №2 елордалық балалар ауруханасына ауыстырғанын мәлімдепті. 

 


 

Талқылау