Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзін құрбан ету үшін "айналайын" деп дауыстаған": Қазақтың қандай салт-дәстүрі мен ұғымдары ұмыт болды

Айналайын ұмыт болған салт дәстүрлер
Фото: ЖИ

Баяғыда қазақ қоғамының айрылмас бөлшегі болған, алайда бүгінде ұмытылған салт-дәстүрлер мен ұғымдарды этнограф Жамали Диханұлы баяндап берді. Қыздың келін болып түскен әулетіне сәлем салу дәстүрі бүгінде бұзылмай сақталса, күйеу баланың қайын жұртына жасайтын тағзымы мүлдем ұмыт болған. Этнограф Stan.kz редакциясына берген сұхбатында осындай салттардың мағынансын тарқатып айтып берді.

Санадан өшіп бара жатқан салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртып, тұрмыс-тіршілікке қайтару мүмкін болмаса да, оның шығу тарихын білу маңызды. Онда ата-бабаның даналығы мен ұрпаққа жеткізгісі келген өсиеті жатыр.

Ұмытылып бара жатқан дәстүрлі әдет-ғұрыптарды толықтай қалпына келтіру мүмкін болмаса да, оларды зерттеп, шығу тегін білу  маңызды. Себебі оның астарында ата-бабаның даналығы, келер ұрпаққа жеткізгісі келген өсиеті жатыр.

Көпшілік ұмытпаған, алайда ол туралы теріс көзқарас қалыптасқан ұғымның бірі – серілік ету, серілік құру. Барған жерін мерекеге бөлеген қазақтың серілері қандай болған? Олардың міндеті қызметі қандай болған деген сұраққа жауап іздеп көрдік.

“Серілік құру қыз-келіншектермен ойнас жасау емес”

Академик Әлкей Марғұлан “сері” деген сөзге анықтама берген. Оның айтуынша, бұл сөз серпілуден шыққан бой жазу, серпер осы сөзбен бірдей, шалқыту, асқақтату деген мағына береді.

“Сері көбіне оқымысты, кісілер арасында көп болған. Жақсы көрген қызға салдар секілді іздеп бармайды, хат пен жұмбақ жазысады. Біз оны Жошы ханның қазақ хандарының серілік құрған тұрмысын айтқан түрде көрсеттік. А.В.Затаевич “Сері ақүйектердің балалары болған, бай болған. Бірақ олардың оғаш қылықтары шектен шыққан емес” деген екен. Серілер, біріншіден, атақты мерген, екіншіден – саятшы, сұңқармен, лашынмен, тұйғынмен қызық көруші, тұлпар аттың ең жүйрігін қадірлеп, баптаушы”, – деп жазған академик.

Еліміздегі белгілі мәдениеттанушы Зира Наурызбай өзінің Instagram-дағы парақшасында серінің қызметі мен міндеті туралы айтқан. Оның сөзінше қазір серілер туралы жаңсақ пікір қалыптасқан.

“Сері дегенді көбі қыз-келіншектерге бару, ойнас жасау, богемаға жақын жігіттер мен ер адамдар деп түсінеді. Сері – негізі көнеден келе жатқан ұғым. Оның түбірі “шерік”, “жаңа шерік”, “әскер” дегеннен шыққан. Ұлы фольклорист Едіге Тұрсынов мұның тас дәуірінен келе жатқан құбылыс екенін 60-жылдары дәлелдеп, жазды. Ең таңдаулы әскер мен жауынгерлер құпия одақ құрған. Рудың әскері бөлек, ал серілер мүлде басқа, олар руға қарамайды. Бір-біріне қас жау болса да, бір-бірі құрметтеген”, – дейді Зира Наурызбай.

Сері деген кім және қандай болады?

Зира Наурызбайдың айтуынша серілер сымбатты, ер жүрек, соғыс өнерін жетік меңгерген. Сондай-ақ өзіндік киім үлгісімен ерекшеленген.

“Олар ақсүйек пен бай әулеттен шығады. Өйткені олар жүрген жерінде жомарттық танытып жүреді. Сыйлық беріп, өнерін көрсеткен. Соғыс басталған жағдайда олар алдыңғы шепте жүрген. Көбіне серілер жібек матадан тігілген, алабажақ киімдер киген. Әркімнің өз киіну үлгісі болған. Әйелдердің, қыз-келіншектер мен балалардың киімінің матасынан киім тігіп, киген. Мысалы, үкі тағуды алайық. Негізі үкіні балаларға тағады. Ал ер адамдардың үкі тағуы – серілердің әдеті. Тағы бір мысал, 20 метрлік ақ жібек матаны мойнына орап, сонымен матаны сүйретіп жүретін болған. Сонда ешкім ол матадан аттамаған. Соғысқа аттанғанда да сол жібек киіммен кете барған. Олардың көзсіз батырлығы басқа жауынгерлерді шабытандырған. “Жібек матамен бұлар жауға шапқанда, біз несіне қорқамыз” деп жау қарсы аттанған”, – дейді мәдениеттанушы.

Осылайша, соғыстан аман-есен шыққан сал-серілерді ел көтеріп, еркелететін болған. Олар бейбіт заманда ауылдарды аралап, ән айтып, сауық құрып, қыз-келіншектермен күліп-ойнап жүрген. 

“Кейін XIX ғасырда бодан болғанда, оларға қару асынуға рұқсат бермеген, соғысқа қатыса алмаған. Содан бері олар туралы “әртістік богема” деген пікір қалыптасып кеткен. Сөйтіп жаңадан келген шенеуніктер олармен күресе бастады. XIX ғасырдың екінші жартысындағы тарихқа көз жүгіртсек, осындай әнші-күйшілер абақтыда отырған. Өйткені олар еркін өмір сүріп үйреген және сол еркіндіктен шектеуге қарсы болды”, – дейді Зира Наурызбай.

Оның сөзінше, қазір “серілік” сөзінің мағынасы мүлдем жұтаң болып кеткен.

“Селтеткізер” мен “ұйқыашардың” мағынасы не?

Белгілі этнограф Жамали Диханұлы ұмыт болған “селтеткізер” мен “ұйқыашардың” мән-мағынасын түсіндірді. 

Бұрын қазақтан қолдан, қызылды-жасылды маталардан кесте, шілтер, орамал тіккен. Қыздар ұнататын жігіттерге жіптермен ормаладың шетіне жүрек, аққу салған, адамның атын жазған. Жігіттер қыздарға тарақ, айна секілді шағын сыйлық жасап, селт еткізген. Осылайша, адамды қуантып, көңілін тапқан.

“Ұйқыашар” да өзінің аты айтып тұрғандай, жастардың басын қосу мақсатында ұйымдастырылған. Кезінде көші-қон, өндірістегі адамдардың өмірінде ұйқыашар болды. Қалалықтардың өмірінде ол болмаған. Мысалы, ауыл жайлауға көшкелі жатыр. Қазақтар сүр еттен асып, біреулер тығып қойған қымыз-қымыранын, тары-жентін алып-шығып, жастар бас қосып, көңілді кеш өткізуді ұйқыашар дейді. Өйткені екінші жерге көшіп барып, кездескенше біраз уақыт өтеді. Сонда бір-біріне “ұйықтап қалмаңдар, әңгімелесейік” деп әңгіме-дүкен құрып, бас қосқан”, – дейді Жамали Диханұлы.

“Ашамай – қауіпсіздік”

Қазақ әсіресе, ұл балаға арнайылап тайды, құнанды атайды. Бала сүндетке отырғаннан кейін жаңағы тайын ашамай жасап, оған мінгізеді. Негізі ашамай – қауіпсіздік. Жығылып, құлап қалмасын деп, “мынау сенің тайың, болашақтағы тұлпарың деп” жетектеген.

“Балаға “осымен ел мен жерді қорғайсың, халыққа қорған боласың, батыр азамат боласың, мынау сенің қанатың” деп ата-бабаларымыз шабыт берген. Қазір бір-бір көлік, үй береді. Балалар ашамайға мінбейді. Жауапкершілігі бұрынғыдай емес”, – дейді этнограф.

Ашамайдың алды-арты биік, бүйір жақтары көлемді жасалған, сонда бала тербелмеймей, бір орында тұрақты отырады. Үзеңгіні кішкентай киіз дорба алмастырады. Дорбаның сырты әдетте матамен тігіліп, кестеленіп, безендіріледі. Бүлдіршінді жылқыға отырғызғанда бел тұсын көрпеше орап, қолтырмашты, яғни арнайылап жасалған ағаштарды бекітеді. Ол ағаштар ашамайдың алды-артына тіркеліп, бүлдіршіннің денесіне ауырлық түсірмей, сенімді ұстайды.

“Күйеу бала әруақ разы болсын деп, шаңыраққа тағзым еткен”

Сондай-ақ Жамали Диханұлы баяғы заманда күйеу жігіттің қайын жұртына сәлем беріп, тағзым етуі де бүгінде ұмытылғанын айтты.

“Күйеу жігіттің тағзым етуі – қазақтың салт-дәстүрі. Ол ең алғаш рет қайын жұртына барған кезде “күйеу табақ” деген табақ пен төс тартылады. Сонда бірінші рет келіп тұрған шаңыраққа сәлем береді. Бұл әруақ разы болсын деген мақсатта жасалатын дәстүр”, – дейді ол.

Ал Зира Наурызбай күйеу жігіт тағызымының қандай болатынын сипаттап берді.

“Күйеу жігіт үш рет сәлем салған. Оның қатты иілетіні соншалық, қолы жерге тиюі тиіс, ал басын өте баяу көтеретін болған. Кейбір деректерде күйеу бала басын көтеріп жатқанда етегін қағып тұрады делінсе, өзге мәліметтерде етегінің басынан тізесіне дейін қолымен сипап өтеді делінеді”, – дейді мәдениеттанушы.

“Көпбалалы апалардың іш киімін балаға киім етіп тігіп, кигізген”

Этнограф “құрсақ тойдың” келін болып түсіп, ұзақ уақыт бала көтере алмай жүрген келіндерге жасалатынын айтты. 

“Қыз ұзатылып келген соң біреше жыл бала көтермей жүріп қалатын жағдайлар болып қалады. Содан ерлі-зайыпты қырғи-қабақ бола бастайды. Ене де келінді қыспақтайтын болған”, – дейді салт-дәстүрдің шығу тарихына тоқталып.

Ол қазақ палуаны, грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың анасына осы “құрсақ той” жасалғанын айтып, тарихты баяндады.

“Белгілі спортшы Жақсылық Үшкемпіровтің де анасы ұзақ уақыт бала көтере алмаған. Сол кезде қария, кейуаналар қазақтың ырымын жасайық деген. Осы ауылдың баласы көп аналардың іш киімі керек. Сол ішкиімнен, апалардың ауының арасынан өткізу керек” дейді. Сөйтіп келіншекті үш апаның астынан өткізіп, қазан асқан. Келер жылы шекесі торсықтай ұл бала Жақсылық Үшкемпіров дүниеге келген. Сонда қазан көтеріп, той жасайды. Сол үш ішкиімді Жақсылыққа бірін шалбар, бірін итжейде етіп тігіп, кигізген екен. Сондасығы “аман болсын, ұрпақты болсын” деген ниет екен. Сонда енесі “келінім құрсақ көтерді, ұрпағымды өрбітті” деп құрсақ жасайды. 

“Қария киіз үйді айналып, өзін құрбандыққа атаған”

Тарихшы Ордалы Молдалыұлы “Айналайын” сөзі қалай шыққанын баяндады. Мұны өз алдына “рәсім бе” дерсің. Тарихшының айтуынша, бұрын қариялар сыртқаттанып қалған үрімдей қыз-жігіттердің жолында өзін құрбан еткен. Ол кезде науқасты киіз үйдің ортасына жатқызып, қария үйді үш мәрте айналып, есіктің жанына жеткенде “айналайын” деп дауыстаған. Сондан науқас ауруынан айығып, ал өзін құрбандыққа атаған қарт кісі қайтыс болған. Саясаткер, жауынгер, қолбасшы әрі ойшыл Бабыр патша баласы Құмайын ауырғанда ұлын үш мәрте айналып, күйлі, қуатты болса да қайтыс болған деген деректі де келтірді. Сол заманнан бері қазақтар балаларын “айналайын” деп еркелетіп, еміренетін болған. Бұл сөздері “сен үшін жаным құрбан” дегенді білдіреді.

Осылайша, қарттарымыз ұрпағына емірене айтатын “айналайын” деген сөздің төркіні тереңде екенін білуге болады.

Stan.kz
Жексенбі, 22 Наурыз, 2026 10:00