Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы ұшақ апаты: Бортсерік болған азаматтың әйелі экипаж мүшелерінің ерлігі ескерілсін дейді

Алматы маңындағы апатқа ұшыраған әуе кемесінде әуесерік болған Мұрат Саховтың жары мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Өзі жарақат алса да, апатқа ұшыраған ұшақтың ішінен аман қалған жолаушыларды құтқаруға тырысқан экипаж мүшесі Мұрат Саховтың жұбайы Шахноз Сахова мемлекет тарапынан оларға құрмет көрсетілуі міндетті деп айтты. Сөзінше, оның жұбайы Bek Air бортында жанқиярлық әрекет танытқан. 

Шахноз Сахова жұбайы апаттан кейін есіңгіреп қалғанын жеткізді. Десек те батыл әуесерік алдағы уақытта өз мамандығымен қош айтысқысы келмейтін көрінеді. Борт серігінің жұбайы Fokker-100 ұшағының құлағаны жайлы хабарды күйеуінің досынан естіген. Апат орын алған кезде ол күнділікті шаруасымен айналысып, үйінде болыпты. 

"Ол маған, Шахноз, ұйқыңнан оян, ұшақ құлады деді. Қатты шошып кеттім. Жалмажан жылап жүріп күйеуіме телефон шалдым. Мұрат тұтқаны көтерді де: «Менде бәрі жақсы, жарақат алмадым, сабыр ет. Қазір сөйлесе алмаймын, адамдарды шығарып жатырмыз» деп жауап берді. Ол адамдар толық құтқарылғанша, сол жерде болыпты", - деді әуесерік Мұрат Саховтың жұбайы Шахноз Сахова. 

Оның айтуынша, сол күні күйеуі үйіне түсте келіп, қан сіңіп қалған киімін ауыстырып, бірден мешітке жол тартыпты. Содан кейін оны тергеуге алынып, бірнеше тергеушілердің алдынан өткен. Дегенмен қызметкердің өзі бұл күнге қайта оралғысы келмейтіндігін білдіріпті, сол себепті үйлерінде ұшақ апаты жайлы ешнәрсе айтылмайды екен. 

Айта кетерлік жайт, Bek Air әуе компаниясының қызметкері Мұрат Сахов үш ұл тәрбиелеп отыр. Әуесерік болып жүргеніне 3 жылдан астам уақыт өтіпті. Ал оның әйелі апат кезінде басқаларына үлгі боларлық ерлік көрсетіп, жолаушыларды эвакуациялауға қатысқан оның күйеуі мен басқа да экипаж мүшелеріне тиісті құрмет көрсетілуі қажет дейді. 

"Бір жігіт апат кезінде аяғы ауыр келіншекті денесімен жауып қалған. Оның әрекетіне ерекше сүйсіндім. Кейін оған медаль тапсырғанын көрдім. Сондықтан әйел ретінде күйеуімнен «неге сендер туралы ештеңе айтылмайды» деп сұрадым. Ол мені сабырға шақырғаннан басқа жауап қатқан емес. Ұлдарым әкесін әрқашан мақтан тұтса екен деймін", - бортсерік Мұрат Саховтың жұбайы Шахноз Сахова.

Апаттан кейін жарының өмірі үшін қатты қорқып қалған Шахноз Сахова одан басқа жұмысқа ауысыуын сұрапты. Алайда оның жұбайы қызметінен кетпейтіндігін жеткізіпті. 

Естеріңізге салайық, жаңа жыл қарсаңында Алматы маңында «Бек Эйр» әуе компаниясына тиесілі «Фоккер 100» ұшағы құлап, 12 адам қаза тапты. Опат болғандардың арасында экипаж командирі де бар. Апатқа қатысты бірнеше болжам айтылғанымен, нақты себебі әлі анықталған жоқ. Тергеу, тексеру жұмыстарымен арнайы құрылған үкіметтік комиссия айналысып жатыр.

 

Талқылау