"Мен ешкімді ұрған жоқпын": Шерзат Полат ісі бойынша сотта тағы бір күдіктіден жауап алынды
Видеодан скрин
Шерзат Полат ісі бойынша сот отырысында тағы бір күдікті Азамат Тоқтаубаевтан жауап алынды. Оған бұзақылық және Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың телефонын ұрлады деген айып тағылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Күдікті Азамат Тоқтаубаевтың айтуынша, ол 2024 жылдың 3 қазанында кешкі уақытта үйінде болған. Кешкі сағат сегіздер шамасында оның үйіне айыпталушылардың бірі Шыңғыс Белғожаев келген.
"Мен ол күні өзімді жайсыз сезініп тұрғандықтан, одан мені дәріханаға апарып келуін сұрағым келді. Сол кезде біреу, нақты есімде жоқ – Нұркияс (айыпталушы Ілиясов) немесе Равиль (айыпталушы Сакиев) WhatsApp арқылы "Эйфория" кафесінде отырғандарын жазды. Біз сол жаққа амандасып қайту үшін бардық. Менің ағам Нұрбол да сол жерде болды", – дейді Азамат Тоқтаубаев.
Оның айтуынша, шамамен 20 минуттан кейін ағасы Нұрбол бір жаққа кетіп қалған. Ол кезде сағат 23:00 шамасында болған. Кафе жабылып жатқандықтан, олар сыртқа шығып, үйге қайтпақ болған.
"Сол сәтте Шыңғыс айтуынан Дархан емес, туған ағам Нұрбол соққыға жығылған деп түсіндім. Мен нақтылап сұрадым, Дархан ұрылған болып шықты. Бұл Талғардағы қалыпты жағдай, олар мас күйде біреудің шаруасына араласып қалған деп ойладық. Жағдайдың мән-жайын анықтағымыз келді. Біз ешкімді ұруға дайындалған жоқпыз, қолымызда пышақ болған жоқ", – деді Азамат Тоқтаубаев.
Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта адвокаттар прокурорды деректерді "бұрмалайды" деп айыптады
Ол оқиға орнына Шыңғыстың автокөлігімен барғандарын айтты. Көлікте Нұрқияс, Равиль, екі қыз және өзі болған.
"Мен Абзалды (айыпталушы Шынасыл) үйге кеткен екен деп ойладым, өйткені оны көрмедім. Дүкенге келдік. Бұған дейін бұл дүкенге барған емеспін. Олар сол жерде тұрған. Егер Дархан (айыпталушы Әскентай) мен ағамды қоссаңыз, барлығы 7-8 адам болды. Мен топқа бірінші жақындап, Ғайыпбаевпен амандастым. Бұл видеода көрінеді, менің ол жерде төбелесу немесе жанжал шығару ниетім болған жоқ, мен күліп, амандасып, тіпті құшақтастым. Мен Дарханның беті қан екенін көрдім де, "ауруханаға барыңыздар" дедім. Дүкен ішінен Дидар Қалиахметті көріп, амандасу үшін дүкенге кірдім. Біз дүкенде сөйлесіп тұрған кезде, көшеде төбелес басталды", – деді айыпталушы.
Сондай-ақ айыпталушы Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың қолында пышақ болғанын айтты.
"Мен Нұрқанатты да, Қаржаубайды да, Шерзатты да ұрған жоқпын", – деді Азамат Тоқтаубаев.
Ол ағасы сияқты 3–4 қазан түнгі сағат 3 шамасында ұсталғанын, полицияда таңғы 6-ға дейін болғанын жеткізді.
"Қаржаубай келді, ол бірінші болып соққы жасады. Жедел уәкілдер мен тергеушілер маған қысым көрсетті, өйткені мен үйқамақта едім, олар мені кісі өлтірді деп айыптағысы келді. Жедел уәкілдер мен тергеушілер пакет басыма кигізіп, аяусыз ұрды. Мен мұны жасырмаймын. Олардың кім екендерін білемін, есімдерін де атай аламын", – деді Азамат Тоқтаубаев.
Айта кетейік, айыпталушылар қатарында Азамат Тоқтаубаевтың туған ағасы – Нұрбол Тоқтаубаев та бар. Бүгінгі сот отырысында ағайындылардың екеуінен де жауап алынды. Нұрбол Тоқтаубаев сот барысында “Хутор бандасы” шын мәнінде бар ма деген сұраққа жауап берді.