Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Айт намазынан бұрын союға болмайды": Құрбандыққа қандай мал шалынады және ол кімдерге үлестірілуі керек

Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Құрбан айт кезінде малды сойған соң етті кімдерге тарату керек? Осы мәселе бойынша наиб имам Ержан Ниязовпен сөйлестік. Ол құрбандыққа қой, ешкі, сиыр мен түйе шалынып, жылқы мен құс союға болмайтынын айтады. Имам еттің алғашқы бөлігі неліктен өз отбасында, ары қарай жетім-жесірлерге үлестірілетінін түсіндіріп берді. 

Наиб имам Ержан Ниязовтың түсіндіруінше, құрбандыққа шалынған малдың еті үшке бөлінеді. Бір бөлігі өз отбасына, қалған екі бөлігі туыс, көрші және мұқтаж жандарға беріледі. Бұл әлеуметтік теңдікті сақтауға, қоғамдағы қамқорлық пен жанашырлықты арттыруға бағытталған амал. 

"Еттің қай бөлігін тарату керек деген шектеу жоқ. Маңыздысы, шын көңілмен беру. Мысалы, сойғаннан кейін ең әуелі туыстарыңызға таратқан абзалырақ. Туыстарыңыздың ішінде жағдайы төмен кім бар, содан бастасаңыз болады. Одан кейін көршіңізді қараңыз. Егер білмей жатсаңыз, қазір мешіттерде де жинайды. Мешітте тұрған жауапты адамдар тізім бойынша қандай мұқтаж кісілер бары айтылып, соларға таратылады. Тізімдегі кісілердің біріне апарып беремін десеңіз де өз еркіңіз. Құрбан шалудың негізгі мақсаты –  әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қуанту. Құрбандықты Аллаға жақындау деп түсіну керек", – деді имам Ержан Ниязов.

Құрбандық шалу үшін адамның белгілі бір мөлшердегі мүлкі болуы керек, оны нисап дейді Ержан Ниязов.

"Кейбір адамдарға зекет беруге мүмкіндік болмағандықтан, оларға құрбандық шалу міндетті емес. Егер қаржыңыз жетсе, құрбандық шала аласыз, бірақ қарызға кіріп, өзіңізді қинаудың қажеті жоқ. Құрбандыққа адал жолмен табылған немесе адал ақшамен сатып алынған мал ғана шалынады", – деді имам.

Имам құрбан шалудың уақыты айттың бірінші күні, айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға дейін жалғасады дейді. Егер қандай да бір себеппен айт намазына бара алмасаңыз, намаз оқып үлгеретін уақытқа дейін күтіп, сосын құрбан шала беруге болады екен.

"Құрбандыққа шалынатын малдың төрт аяғын байламау керек. Бұл малдың өз еркімен құрбандыққа берілгенін білдіреді. Құрбан шалған кезде малдың басын Құбылаға қаратып, "Бисмилләһи, Аллаһу әкбар" деп ниет, иман айту керек. Содан кейін өткір пышақпен бауыздау қажет. Құрбандық шалып жатқанда құрбандық иесі мен оның отбасы мүшелері малдың аяғын ұстап, союға көмектеседі. Сонымен қатар кейде балалар мен жастарды құрбандыққа жақындату мақсатында құрбандық қанын маңдайға жағып, ырым жасайды", – деді имам Ержан Ниязов.

Имам шариғатта мал сою дұрыс және белгілі бір тәртіппен жүргізілетінін атап өтті. Мысалы, сиыр мен қойды тамағынан (мойнынан), ал түйені көкірек тұсынан сояды. Имам құрбан шалатын адам малды бауыздар алдында кім үшін шалынатынын, яғни құрбандық кімнің атынан шалынатынын айтуы керек екенін еске салды.

"Малды сою үшін оны жатқызып, оның басын құбылаға қарату керек және малды таза жерде сою маңызды. Пайғамбарымыздың айтуынша, пышақ малдың алдында қайралмауы қажет. Әрі бір малды сойып жатқан кезде оның көзінше басқа малды союға болмайды. Құрбандық шалынған кезде дұға оқылып, Алладан құрбандықтың қабыл болуын сұрау керек. Құрбандыққа сойылатын қойдың жасы кемінде 1 жаста болуы керек. Бірақ кейбір діни кітаптарда, егер қой алты айлық болса да, денесі үлкен болса, оны союға болады деп айтылады", – деді наиб имам.

Құрбандыққа қандай мал сойылады?

Имамның сөзінше, құрбандыққа малдың төрт түрін, яғни түйе, сиыр, қой немесе ешкіні союға болады.

"Құсты соймайды, ал жылқыны Имам Ағзамның айтуынша соғысқа арналған көлік ретінде санап, құрбандыққа жатқызбайды. Құрбандыққа ешкі бір жасқа толып, түйе – бес жасқа, ал сиыр мен өгіз – екі жасқа толуы керек. Сонымен қатар, малдың денесі толық сау және мүшелері бүтін болуы қажет. Құрбан айт кезінде көпшілік жіберетін үлкен қателік бірі олар құрбандық етін жеті бөлікке бөліп береді. Бұл дұрыс емес, ол етті үш бөлікке бөлу керек. Жеті бөлікке бөлген кезде еттің салмағы да азаяды. Сонымен қатар Айт намазынан бір күн бұрын малды соймау керек. Ең дұрысы, құрбандықты Құрбан айттың бірінші немесе екінші күнінде, яғни үш күнде сойып тастау қажет", – деп түсіндірді наиб имам Ержан Ниязов.

Бұдан бөлек, имам мал сатумен айналысатын кәсіпкерлерге арнайы үндеу жасады. Ол Құрбан айт қарсаңында малдың бағасын себепсіз көтермеуді, бұрынғы бағамен сата беруді өтінді. Имамның айтуынша, әр пенденің ризық-несібесін беретін Алла Тағала. Сондықтан да осындай сауапты күндерде дүниеқоңыздық танытып, пайда табуға құнықпаған жөн.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 05 Маусым, 2025 13:03
Талқылау