Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"1 миллион 100 мың теңгеге дейін": Құрбандық шалуға арналған мал бағасы қанша?

Фото: pixabay.com

Елімізде құбандық шалу үшін қазақстандықтарға қанша қаражат қажет? Ет қымбаттағандықтан азаматтарға шамамен ең төменгі баға қой үшін 60 мыңнан басталса, ең қымбат мал түйе үшін 1 миллион 100 мың теңге керек екен. Stan.kz ақпарат агенттігі елдегі құрбандыққа шалынатын малдардың құнына шолу жасады. 

Биыл наурызда елімізде ет бағасы 2%-дан аса қымбаттады. Ал мал бағасы былтырмен салыстырғанда биыл 14,5 пайызға өскен. Құрбан айтқа қарай мал базарларының саудасы жүріп, баға үстемелене түсері анық.

Редакциямыз Алматыдағы мал базарларына хабарласып, баға жайын сұрап білді.

Олардың ішінде құрбан айтта ең көп сұраныстағы түліктердің бірі қой:

  • Тоқты – 60-70 мың теңгеден басталады;
  • Қой, ісек, қошқар – 80 мың теңгеден жоғары бағаланған. 

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы өңірлердегі мал бағасын есептепті. Мұнда ең қымбаты: қой – 100 мың теңге; сиыр – 700 мың теңге, түйе – 1 100 000 теңгеге дейін бағаланған. 

Құрбан айт қарсаңында тіпті базарларда саудагерлермен бағаны келісетін делдалдардың да қызметі қыза түседі. Желіде тараған видео астындағы жазбаларға қарасақ, олар тіпті мал бағасын 40-50 мың теңгеге дейін түсіріп береді екен. 

Одан бөлек, құрбандық шалуға қаражаты болса да, денсаулық жағдайы келмесе немесе белгілі бір себептермен өзі барып бұл міндеттерді орындай алмаса, азаматтар ақшасын аударып онлайн түрде құрбандық шала алады. 

“Биыл да елімізде Құрбан шалу онлайн және оффлайн форматта өтеді. Діни басқарма халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосты. Дінімізде құрбандық шалу рәсімін басқа біреуге тапсырып, оны өкіл ете алады. Егер өзі бара алмаса, бір кісіге өтініш жасап, құрбан шалуға рұқсат етілген. Демек онлайн форматта құрбан шалуға тапсырыс бере аласыздар”, — деді Бас мүфти ҚМДБ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ал құрбандық шалатын уақыт келгенде әркез ақша болмай қалатын жандарға да желіде түрлі кеңестер айтылуда. Мәселен, құрбан айтқа деп арнайы ақша жинауға болады екен.

“Құрбан айт жақындап келеді. Астанада баға 90 мың. Құрбан шалғың келеді. Алайда суырып 90 мыңды бере салу да оңай болмауы мүмкін. Сондықтан мынаны мысал етсек болады.
Түрік ағайындарда ет қымбат, құрбан шалу да арзан емес. Сол үшін олар Алланың бұйырған уәжіпті орындаймын деген ниетпен 1 жыл бойы құрбан айт үшін ақшаларын жинайды екен. Мысалы ай сайын 7 500 тенге бөліп отырса, Құрбан айтқа бір қойдың ақшасын жинап қоюға болады екен. Сауабы қандай мол. Кедей-кепшік бір тойып,ауызы майланып ет жеп қалады. Сол 7500 қайда кетпей жатыр? Кофемен, сағызға да кетіп қалады ғой!”, – деп жазды желі қолданушысы.

Еске салсақ бұған дейін,  Құрбандық шалып, қажылыққа бару үшін несие алған қаншалықты дұрыс екенін жазған едік. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 05 Маусым, 2025 10:18
Талқылау