Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құжаттарымыз бен мысықтарымызды ғана алып үлгердік": Павлодарда бес отбасы балаларының тентектігінің кесірінен баспанасынан айырылды

Павлодарлық бес отбасы балаларының тентектігінің кесірінен баспанасынан айырылды. Төтенше жағдай 16 мамырда Циолковский көшесіндегі 12/1 мекен-жайында болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” телеарнасына сілтеме жасап. 

Тұрғындардың айтуынша, өрт балалардың терек ұлпасын тұтатып ойнауынан шыққан. Енді олар қайда баратындарын білмей отыр. 

Қызыл жалын 120 шаршы метр аумақты қамтып, үйдің шатыры толығымен жанып кеткен. 

Ұзақ жылдар бойы тұрғанына қарамастан Павлодардың жайлы аудандарының бірінде орналасқан екі қабатты бірнеше отбасы үшін баспана болып келген еді. Үйі өртеніп кеткен Алена Гладких мұндай сұмдықтың боларын білмедік деп отыр. Өтіп бара жатқан жолаушылар кенеттен шыққан өрт туралы ескертіп үлгергендіктен әйел мен оның қызы құтқарылыпты. 

“Қызым екеуміз тек құжаттарымыз бен мысықтарымызды ұстап алып, жүгірдік. Менің аяғымда тәпішке мен үстіме халат киіп жүргенмін. Солай сыртқа шығып кеттік. Үйіміз қатты зардап шекті. Біріншіден, төбе, екіншіден, еден бәрі қирады, ас үй жиынтығы толығымен жанып кетті. Жарықсыз қалып отырмыз. Техникалар жұмыс істеп тұр ма жоқ па ол да белгісіз”, – дейді Павлодар тұрғыны Алена Гладких. 

Газ баллондарының салдарынан бүкіл үй жарылып кетуі мүмкін еді. Бақытымызға орай, құтқарушылар оларды жанып жатқан ғимараттан уақытында алып шықты. Өрттің шығу себептеріне келетін болсақ, бейнебақылау камералары мен куәгерлердің сауалнамасы арқылы екі жасөспірім темекі шегіп, терек мамығын өртеп жібергені белгілі болды. Күдіктілер туралы барлық ақпарат полицияға берілді.

“Егер құқық қорғау органдары бұл балалардың шынымен сол жерде болғанын анықтаса, олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл полицияның құзыретіндегі мәселе”, – дейді Павлодар қаласы ТЖБ бастығы Ренат Валишанов. 

Бір пәтер толығымен жанып кеткен. Тағы жетеуі аз-көп дәрежеде зақымдалған. Билік үйдің апатты болғанын және оны әлі де бұзуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Үш отбасы бұл жағдайға дейін жаңа баспана алған. Өрттің салдарынан қалған бес отбасыны шұғыл көшіруге тура келеді. 

"Зардап шеккен 5 отбасыға тұрақты тұрғын үй алғанға дейін мемлекет тарапынан жалға алатын пәтерлерге көшу мүмкіндігі туралы түсініктеме берілді. Ертең таңертең тұрғындар Кривенко көшесі, 25, "Open Pavlodar" фронт-кеңсесіне келеді деп келістік. Жақын күндері тұрғын үй қатынастары бөлімі оларды уақытша көшіру үшін пәтер іздейтін болады", — дейді Асайын Байханов.

Оның айтуынша, отбасылардың үйді жалдау ақысы қала бюджеті есебінен төленеді. Олар тек коммуналдық қызметтер құнын өтейді.

Сондай-ақ қала әкімі үй кезегін тосып отырған отбасылар Сарыарқа ықшамауданында салынып жатқан жаңа тұрғын үйлерге 2023 жылға дейін қоныстандырылатынын айтты.

Талқылау