"Қатты қиналып, жылайтынмын": 20 жасында қазақ отбасына келін болған орыс қызы дәстүрлерге қалай үйренгенін айтты
26 жастағы Кристина Бейсенова өзін “русская келін” деп атайды. Ол небәрі 20 жасында қазақ дәстүрі мен мәдениетін білмей, қазақ азаматына тұрмысқа шыққан орыс қызы. Ару әлеуметтік желіде орыс және қазақ дәстүрлеріндегі ерекшеліктер, қазақ отбасындағы келіндік рөлі туралы айтады. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ару келіндік рәсімдері, менталитке сіңісуі және өзін таңғалдырған ғұрыптары туралы айтып берді.
Кристина Бейсенова, жеке архивтен
Кристина Көкшетау қаласында туып өскен, сауда саласында қызмет етеді, одан бөлек, әлеуметтік желіде белсенді, өз блогын жүргізеді. Өзін “русская келін” деп атайтын келіншек қазақ отбасына 20 жасында келін болып түскен.
“Қазақ тіліне деген қызығушылығым мектеп табалдырығынан қалыптасты. Білім ордасында жүріп, байқаулар мен пәндік олимпиадаларға қатысатынмын, тіл үйрету барысында менімен жеке мұғалімдер жұмыс істейтін.
Қазір тіл деңгейім керемет деп айта алмаймын, бірақ сөйлей аламын, түсінемін. Алайда тілдік акцент үшін қобалжимын”, – дейді ару қазақ тілін үйренуі жайлы.
Жұбайымен Кристина мектеп қабырғасында танысқан.
“Өзімнен үш жас үлкен. Мектеп кезінде мені ұнатып қалған екен. Ол кезде мен 9-сынып оқитынмын. Ешқашан күйеуім қандай, қай ұлттан болады деп ойланып көрген емеспін. Яғни қазаққа тұрмысқа шығу деген не екенін елестетіп көрген жоқпын, дәстүрлерді де білмейтінмін. Мұның бәріне ешкім мені дайындаған жоқ, бәрін тұрмысқа шыққан соң білдім”, – дейді ару.
“Туыстарым қиналасың деп ескертті”
Сөзінше, бес жыл қазақ азаматымен араласқан, содан соң оған тұрмысқа шыққан. Оған дейін дәстүр мен ғұрыптар туралы құлақпен естісе де, көзбен көрмеген.
“Ата-анам күйеуімді жақсы қабылдады. Ол өте интеллигентті, байсалды адам. Туыстарым, “Жассың ғой, күте тұр” дегендей пікірлерін білдірді. Бірақ ол уақытта біздің араласып жүргенімізге бес жыл болған. Күйеуім үйдің кішісі, 4-бала. Ол бауырларынан бірінші үйленді. Туыстарым “Қайда барасың, қазақтарда бұл өте қиын” деп айтты. Менталитеті басқа, қиналасың деп уайымдады. Ал күйеуімнің туыстары мені бірден жылы қабылдады, ешқандай түсініспеушілік болған жоқ. Бізде “Сырға салу”, “Беташар” болды”, – деп есіне алады ару некедегі алғашқы жылдарын.
Кристина әлеуметтік желіде келіннің рөлін көрсетуге басымдық береді. Оның ойынша, қазақ менталитетінде бұл актуалды әрі ауыр тақырыптың бірі.
“Осы үшін ажырасу да көп. Кейде келін тарапынан қателік кетеді, кейде енелерінен кемшілік болады. Осының бәрі майда-шүйде дүниелер үшін болып жатады. Мұның бәрін жүрекке қатты қабылдап, одан трагедия жасаудың қажеті жоқ. Өзім түсіретін видео ролиіктер арқылы бәріне жеңіл қарау керектігін жеткіземін. Аудиторияға бұл ұнайды, олардың көңіл-күйін көтеремін. Яғни өмірде де айтылған ауыр сөздерге аса мән бермеу керек, өкпелеп, ренжудің қажеті жоқ деп ойлаймын”, – деп бөлісті ойын Кристина.
Кристина Бейсенова отбасымен, жеке архивтен
“Қазақ рәсімдері шошытатын”
“Мен үшін күйеуімнің отбасының кейбір әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін қабылдау қиын болды, әсіресе қонақтарға қатысты. Мені тіпті қонақтарды отырғызу “рәсімі” шошытты, кім және қайда отыру керек, кімді қалай қарсы алу керек. Мәселен мен күйеуімнің қасындағы үстелге отыра алмаймын, өйткені ол "жоғарыда", мен "төменде" отырамын дегендей.
Алғашқыда қиындықтар болды. Оны мойындаймын, әрқашан ашық айтамын. Қатты қиналдым, жылайтынмын. “Осылай өмір сүремін бе?” деп қынжылатынмын. Тұрмысқа шықпай тұрып, күйеуіммен ғана қарым-қатынасымды елестететінмін. Ал шын мәнінде күйеуімнен бөлек, үлкен отбасы болады. Оларға көметесіп, көңілдерін аулау керек. Тек өз үйімдегі тіршіліктен бөлек, туыстардың үйіне қызмет етуге жіберіп отыратын. Бітпейтін, той, мерекелер бар.
Одан бөлек, келін үстел басында соңына дейін отыру керек дегенді де түсінбейтінмін. Шай құю рәсімі де қиын болып көрінетін. Орыстарда мұндай мүлдем жоқ. Бірнеше жылдан соң ғана менің етім үйренді. Қыз бала тез есейеді, тек уақыт керек екен, – дейді орыс қызы.
Кристина Бейсенова отбасымен, жеке архивтен
Орыстар мен қазақтар дәстүріндегі ерекшеліктер
Кристинаның сөзінше, айырмашылық өте көп. Қазақтардың менталитеті ауыр болғанына қарамастан, олар келіннің рөлін маңызды деп есептеуден бөлек, қонақжайлыққа да үлкен мән береді дейді ару.
“Олар түнгі уақытта да келген қонақтарын құшақ жая қарсы алып, дастарханын жайнатып қояды. Орыстарда мұндай жоқ. Орыстарда тіпті туыстардың өзіне алдын ала ескертіп барады. Келген күннің өзінде дастархан жайып қарсы алмайды. Бізде, орыстарда осылай.
Шай құю рәсіміне қатысты да ерекшеліктер бар. Қазақтарда жарты кесе шай құйсаң, бұл – құрметтің белгісі. Сондай-ақ, бірінші кімге шай құю керектігін білуің керек. Ал орыстарда керісінше, стақанға жартылай шай құйсаң, ренжиді, “Суды сұрап алдың ба?” деп жатады. Оларға бір стақанды толтырып құйып беру керек, әйтпегенде бұл құрметсіздіктің белгісі саналады”, – дейді кейіпкеріміз.
“Қазақтардың қонаққа барғанда құр алақан жүрмейтіні ұнайды”
“Сыйлық сыйлау, өз үйіңнен сый беріп жіберу, барғанда сыйлық алып бару деген рәсімдер ұсақ-түйек болса да, көңіл көтереді”, – дейді Кристина.
Кристинаны сондай-ақ, “келін шай” рәсімі қатты таңғалдырса керек.
“Үйлену тойынан кейін келін шай құятынын естігенмін, сол үшін тіпті ақша береді екен. Содан соң менің туыстарымды дастарханға “бауыр”, “май” қойып қарсы алды. Бұл тағамдар үшін де ақша беру керек болды. Одан кейін бұл ақшаны әйелдер асханада бөліп алды. Осы рәсімдер мен үшін ерекше болып көрінді.
Шай құйғанда жақын отырған адамнан бастап емес, үлкен кісіден бастап ұсыну, қонақтарды отырғызу тәртібі осыларға көп уақыт бойы үйренісе алмадым. Сондай-ақ, құрметті қонаққа омыртқа тарту, сарқыт салып беру де таңғалдырған дәстүр мен ғұрыптар болды”, – дейді ол.
Ата-енеммен бірге тұрамын
Кристинаның қазақ шаңырағына келін болғанына алты жыл болған. Қазір ерлі-зайыптылар ұлдарын тәрбиелеуде. Сөзінше, бастапқыда ата-енесінен бөлек тұрғысы келген.
“Мені ұзатар алдында кездесуде анам менің бөлек тұрғанымды қалайтынын айтты. Анам қазақ азаматына тұрмысқа шыққан, оның осы мәселеде “тәжірибесі бар” еді. Ене қанша жерден керемет, жақсы кісі болғанымен, жастар бөлек тұруы керек дейтін. Осыған қарамастан, мен бөлек кеткен жоқпын, қазір бұған қалыпты қараймын.
Алғашқы уақытта өзімді бөтен сезінетінмін, ал қазір өз үйімде жүргендеймін. Бірақ меніңше, ата-анасы қартаймай тұрып, жастар бөлек тұрып көруі керек”, – дейді келіншек.
Кристина жас келіндерге өз кеңестерін де берді.
“Әрдайым күйеуіңнің анасына құрметпеу қарау керек. Өзіндік шекарадан өтпей, анасын баласына жамандаудан, шағымданудан аулақ болу қажет”, – деп санайды ол.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
