Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жастар практикасы" арқылы жұмыс таптым": Қазақстандық колледж түлегі кілем фабрикасында еңбек жолын қалай бастағанын айтып берді

Фото: Stan.kz / Малика Мусажоджаева

Шымкенттік Малика Мусажоджаева колледжден кейін бірден жұмыс табамын деп ойламаған. Алайда “Жастар практикасы” бағдарламасының арқасында ол кілем фабрикасында өз мамандығы бойынша еңбек етіп, алғашқы табысын тапты. Осы ретте Stan.kz министрліктен мұндай бағдарламалар арқылы қанша жас қазақстандықтың еңбекке араласқанын және тағы қандай жобалар бар екенін сұрап білдік.

“Өз күшіммен ақша табуға және өзімді жауапты сезінуге көмектеседі”

Шымкенттің жас тұрғыны Малика Мусажоджаева еңбек жолын мемлекеттік “Жастар практикасы” бағдарламасы арқылы бастап, алғашқы кәсіби тәжірибесін жинақтап жүр. Малика биыл Шымкент политехникалық колледжін “тоқушы-оператор” мамандығы бойынша тәмамдаған.

"Колледж бітірген соң тәжірибемнің жоқтығы қиындық тудыра ма деп ойлаған едім. Бірақ “Жастар практикасы” бағдарламасының арқасында өз мамандығым бойынша жұмыс істеу мүмкіндігі туды. Қазір фабрикада “зат белгі-операторы” болып жұмыс істеймін. Ұжымда өзім сияқты жастар көп, сондықтан жұмыс көңілді өтеді. Бағдарлама мерзімі аяқталған соң осында тұрақты қалып, кәсіби тұрғыдан өскім келеді", – дейді Малика.

“Жастар практикасы” – оқу орнын жаңа ғана аяқтаған түлектерге алғашқы еңбек тәжірибесін беріп, жұмысқа бейімделуге бағытталған мемлекеттік бағдарлама. Бұл бастама жастардың еңбек нарығына еркін енуіне жол ашып келеді.

Малика өз сөзінде "Жастар практикасы" бағдарламасының жастар үшін үлкен қолдау екенін ерекше атап өтті.

"Жастар практикасы" мен сияқты түлектер үшін үлкен мүмкіндік. Себебі колледжден кейін бірден тұрақты жұмыс табу оңай емес. Ал бұл бағдарлама арқылы мен мамандығым бойынша тәжірибе жинап, еңбегіме жалақы аламын. Ай сайын мемлекеттен де, жұмыс орнынан да төлем беріледі. Бұл өз күшіммен ақша табуға және өзімді жауапты сезінуге көмектеседі. Күн сайын жаңа нәрсе үйренемін, өз ісімді жақсы көремін", – дейді Малика Мусажоджаева.

Шымкент қаласында бұл бағытта "Жастар практикасы" бағдарламасымен қатар "Алғашқы жұмыс орны" жобасы да сәтті жүзеге асырып жатыр. Қазір қала бойынша 1500-ден астам жас "Жастар практикасы" арқылы тәжірибе жинап жүр. Ал 300-ден аса жас "Алғашқы жұмыс орны" жобасы аясында мемлекеттік мекемелер мен өнеркәсіп кәсіпорындарында еңбек етіп жатыр.

Жастарға арналған мұндай жобалар олардың кәсіби дамуына ғана емес, өз қабілетін ашып, тұрақты жұмыс табуына да үлкен мүмкіндік беріп отыр. Маликаның табыс тарихы соның бір дәлелі.

“Бағдарламаға қатысушылардың басым бөлігі қыздар”

Осы ретте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Анар Бижанова жыл басынан бері елімізде жиырма бір мыңнан астам жас "Жастар практикасы" арқылы алғашқы жұмысын тапқанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл бағдарлама бойынша жыл соңына дейін отыз үш мыңға жуық түлек еңбекке араласады деп жоспарланып отыр.

"Ең көп қатысушылар Түркістан облысында шамамен алты мың жас, ал Қызылордада – 2300, Жамбылда 1 700, Ақтөбеде – 1 500, ал Шымкентте – 1300 адам алғашқы тәжірибесін жинап жүр. Бағдарламаға қатысушылардың басым бөлігі қыздар, олардың үлесі 66%-дан асады. Сондай-ақ, ауылдық жерлерден келген жастар да аз емес – он екі мыңнан астам адам, яғни барлық қатысушылардың жартысынан көбі", – деп пікір білдірді Анар Бижанова.

“Жастар практикасына” отыз бес жасқа дейінгі, оқу бітіріп, әлі жұмыс таппаған жастар қатыса алады. Ол үшін жергілікті мансап орталығына барып, өтініш қалдыру жеткілікті дейді Анар Бижанова.

"Жұмысқа қабылданған жастарға тәжірибе жинауға көмектесетін тәлімгерлер бекітіледі, ал ай сайынғы еңбекақы орта есеппен жүз он сегіз мың теңге шамасында. Төлемді мемлекет “Азаматтарға арналған үкімет” арқылы тікелей жастардың банк картасына аударады. Қазір “Жастар практикасы” арқылы ең көп жұмыс істеп жүрген мамандықтар – мұғалімдер (шамамен бес мың сегіз жүз адам), медицина қызметкерлері (екі мыңға жуық), бағдарламашылар, тәрбиешілер, заңгерлер және фельдшерлер", – дейді министрлік өкілі.

Биыл жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында мемлекет белсенді шараларды жалғастырып келеді. Соның арқасында жыл басынан бері екі жүз алпыс тоғыз мыңнан астам адам жұмыспен қамту бағдарламаларымен қамтылған

“Биыл 1 қазанға дейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен екі жүз алпыс тоғыз мыңнан астам адам қамтылды, ал алты жүз жеті мыңнан астам қазақстандық тұрақты жұмысқа орналасты. Оның ішінде субсидияланатын жұмыс орындарына жүз елу үш мыңнан астам адам жолданды. Мысалы, жастар практикасына – жиырма бір мыңнан астам, қоғамдық жұмыстарға – тоқсан алты мыңнан астам, "Күміс жас" жобасына – он жеті мың азамат қатысты. Сондай-ақ, "Алғашқы жұмыс орны" мен "Ұрпақтар келісімшарты" жобалары да өз нәтижесін беріп жатыр”, – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Анар Бижанова.

Оның айтуынша, бүгінде азаматтар тек жұмысқа ғана емес, жаңа мамандық игеруге де мүмкіндік алып отыр.

"Онлайн оқыту бағдарламаларына елу үш мың адам қатысып, оның қырық тоғыз мыңы оқуын аяқтады. Ал "Бастау Бизнес" жобасы аясында қырық бес мыңнан астам адам кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, жиырма бес мыңнан астамы сертификат алды. Сондай-ақ, жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша сегіз мыңнан астам адам қысқа мерзімді кәсіби оқудан өтті, – деді ол.

Анар Бижанова азаматтардың нақты жұмысқа орналасқаны олардың зейнетақы жарналарының түсуі арқылы расталатынын атап өтті.

"Биылғы көрсеткіштер халықтың еңбек нарығына белсенді қатысып жатқанын көрсетеді. Әлеуметтік осал топтарға жаңа іс бастау үшін төрт жүз айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни шамамен бір жарым миллион теңге көлемінде тоғыз мың грант бөлу жоспарланған еді. Қазірдің өзінде сегіз мың тоғыз жүзден астам грант берілді, – деп атап өтті министрлік өкілі.
Айым Атамбаева
Жұма, 31 Қазан, 2025 12:15
Талқылау