Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үй алудың жаңа мүмкіндіктері: Алдағы уақытта қандай тұрғын үй бағдарламалары іске қосылады

Әскери баспанаФото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Таяуда үкімет шұғыл арада шешім қабылдап, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және экономикалық реформалардың теріс салдарын азайтуға бағытталған бірқатар шараларды қабылдаған еді. Осы шешімнен соң ипотекалық несиелеу көлемі екі есеге өсіп, жалпы 500 млрд теңгеге дейін жеткізілетін болды. Stan.kz бұл шолу материалында қазір жұмыс істеп тұрған негізгі мемлекеттік ипотека бағдарламаларының шарттарын, артықшылықтары мен шектеулерін салыстырды. Кімге қандай мүмкіндік бар және қайсысы тиімді екенін осы материалдан біле аласыз.

"Наурыз" және "Наурыз Жұмыскер"

Айта кетейік, 3 қарашада елімізде екі мемлекеттік ипотекалық бағдарламалары бойынша тағы өтінім қабылдау басталады.

Бұған банктің барлық салымшылары қатыса алады. Осылайша, жаңа салымшылар да, көктемгі іріктеуден өте алмағандар да өтінім бере алады. Қосымша қабылдау 500 миллиард теңге шамасында тағы қаржы бөлінгеннен кейін ашылды.

Ескеретін жайт, қатысушылар мен олардың отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда өз аттарында баспанасы болмауға тиіс.

Ипотека шарттары

  • Алғашқы жарна: бірінші нарықтағы, таза әрлеудегі пәтерге – кемінде 10%, ал екінші нарықтағы немесе қара күйіндегі жаңа үйге – 20%-дан бастап.

  • Сыйақы мөлшері: әлеуметтік тұрмысы төмен топтар үшін – 7%, қалғандары үшін – 9%.

  • Несие уақыты: 19 жылға дейін.

  • Берешек құны: аймақтарда – 30 миллион теңгеге дейін, ал Астана мен Алматыда – 36 миллион теңгеге дейін.

  • Қатысу шарты: Отбасы банкінде кем дегенде 2 млн теңге жинақ болуы және соңғы 6 айда ресми табыс расталуы қажет.

Қазақстанның үш негізгі қаласында және өңір орталықтарында тек жаңа пәтер (құрылыс компаниясынан) сатып алуға рұқсат етіледі. Басқа аймақтарда қолданыстағы тұрғын үй мен жеке үйлерді де алуға болады.

Іріктеу жүйесі

Өтініш берген соң қатысушылар балдық жүйе арқылы таңдалады. Ұпайлар депозит мөлшері, некедегі мәртебе, бала саны, жасы 35-тен кіші болса және әлеуметтік тұрмысы төмен топқа жататыны үшін беріледі.

Өтінім беру тәртібі

  1. Отбасы банкінің сайтына кіріп, Baspana Market бөліміне өтіңіз.

  2. Авторизациядан өтіп, "Менің өтінімдерім" бөлімінен "Наурыз" бағдарламасын таңдаңыз.

  3. Баспана сатып алу және тұру аймағын көрсетіп, шарттармен келісіңіз.

  4. Депозитті таңдап, SMS-код арқылы растаңыз.

  5. Мәліметтерді тексеріп, өтінімді ЭЦҚ арқылы қол қойыңыз.

Банк 3 жұмыс күні ішінде жылжымайтын мүлік пен меншік мәртебесін тексереді. Осылайша, өтінім қабылдау 1 желтоқсанға дейін жалғасады.

Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

"Наурыз Жұмыскер" бағдарламасы

Дәл 3 қарашада "Наурыз Жұмыскер" ипотекасына да өтінім қабылдау басталмақ. Бұған конкурс өткізілмейді, сондықтан өтінім қабылдау мерзімі шектеусіз. Шарттары "Наурыз" бағдарламасына ұқсайды. 

Бағдарлама жұмысшы саласының өкілдеріне арналған. Оған мына бағыттарда еңбек ететін азаматтар қатыса алады:

  • өндіріс және құрылыс,

  • инженерлік және энергетика салалары,

  • көлік және логистика,

  • агроөнеркәсіп кешені,

  • су жүйелері мен ирригация саласы.

Офистік қызметкерлер (мәселен, бухгалтер, PR-менеджер және тағы басқалары) қатыса алмайды.

Бұл бағдарламаға өтінім банктің филиалдарына барып беріледі. Сөйтіп жұмыс орнынан анықтама (үлгісі банктің сайтында бар) апару қажет.

"Әскери баспана" бағдарламасы қайтадан іске қосылады

Бұл бағдарлама алғашында тұрғын үй төлемін алушыларға арналған. Яғни мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер қатыса алады. Бағдарлама біраз жыл белсенді жұмыс істемей тұрған еді, бірақ қазір қайта жаңарып, іске қосылды.

Қалай қатысуға болады:

•    Алдымен Отбасы банкінде арнайы шот ашу керек;

•    Біраз уақыт бойы жинақ жинау қажет;

•    Содан кейін 3,5%-дан 5%-ға дейінгі төмен пайызбен несие беріледі (Жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме шамамен 3,6-6,9%).

Маңыздысы:

•    Үй құнының 50%-ын жинап қойсаңыз, несие ең төмен пайызбен беріледі;
•    Тұрғын үй төлемін жалдауға да, жинаққа да қатар жұмсауға болады;
•    Үйді Қазақстанның кез келген қаласынан сатып алуға мүмкіндік бар.

Бұл бағдарлама әсіресе әскерилер мен мемлекеттік қызметкерлер үшін тиімді, өйткені олар ай сайын тұрғын үй төлемін алады және соны жинақ ретінде пайдалана алады.

Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

"2-10-20" жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы

Бұл бағдарлама халықтың әлеуметтік осал топтарына арнап жасалған және төмен пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді.

Кімдер қатыса алады:
•    Көп балалы отбасылар;
•    Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетімдер;
•    І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар;
•    Отбасында ерекше қажеттілігі бар (мүгедек) баласы бар отбасылар.

Бағдарлама шарттары:
•    Несие мөлшерлемесі: жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ГЭСВ) – 2%-2,1%;
•    Бастапқы жарна: тұрғын үй құнының 10%-ы;
•    Несиенің мерзімі: 20 жылға дейін;
•    Сатып алынатын тұрғын үй: тек әкімдікте кезекте тұрған өңірде орналасқан жергілікті атқарушы органның тұрғын үй қоры арқылы берілетін кредиттік баспанасы.
•    Қатысу үшін табыс көзі болуы керек.

Несие алу үшін азаматтың негізгі табыс көзі (жалақы, жеке кәсіпкерлік, келісімшарт негізіндегі табыс, т.б.) болуы міндетті. Егер негізгі табыс жеткіліксіз болса, қосымша табыстар мен қосалқы қарыз алушылардың кірісі есепке алынады.

ИпотекаИнфографика: Stan.kz

Неліктен "Svoy Dom" тиімді?

"Svoy Dom" бұл Отбасы банкінің салымшыларына арналған тұрғын үй бағдарламасы. Мұның көмегімен адамдар жаңа салынып жатқан үйлерден нарықтағы бағадан арзан пәтер сатып ала алады. Бұған қатысқыңыз келсе, Отбасы банкінде кем дегенде 500 000 теңге жинағыңыз болуы керек. Сол кезде сіз де жаңа үй алуға өтініш бере аласыз.

Пәтерді өзіңіз таңдайсыз – қандай тұрғын үй кешені ұнаса, соған дауыс бересіз. Дауыс беру банк порталы арқылы онлайн жүргізіледі.

 Бағдарлама шарттары

  • Алғашқы төлем – пәтер бағасының 20%-ынан бастап.

  • Несие пайызы – жылына 6%-дан басталып, кейін 3,5-5% шамасына дейін төмендеуі мүмкін.

  • Қарыз сомасы100 миллион теңгеге дейін.

Қысқаша айтқанда, "Svoy Dom" – бастапқы төлемі аз, пайызы төмен, жаңа үйден пәтер алғысы келетіндерге арналған ыңғайлы бағдарлама.

Неліктен "Svoy Dom" тиімді?

  • Бағасы арзан. Бағдарламадағы пәтерлердің құны нарық бағасынан төмен.

  • Салық жеңілдіктері бар. Қатысушыларға кейбір салықтар бойынша жеңілдік беріледі.

  • Құрылыс кезінде сатып алуға болады. Яғни, үй салынып жатқанда-ақ өз пәтеріңізді таңдауға мүмкіндік бар.

Тағы бір жақсы жағы:

  • Құрылыс кезінде-ақ нақты пәтерді таңдай аласыз.

  • Тұрғылықты тіркеу (прописка) міндетті емес.

  • Бұрыннан өз атыңызда пәтер болса да, қатысуға рұқсат.

Қалай қатысуға болады?

  1. Отбасы банкінде жинақ шотыңызды ашыңыз (егер әлі жоқ болса).

  2. Интернет-банкингке тіркеліңіз.

  3. Банк порталына кіріп, "Svoy Dom" бағдарламасына өтініш беріңіз.

  4. Ұнаған тұрғын үй жобасын таңдап, дауыс беріңіз.

  5. Төлем қабілетіңізді тексеруден өтіңіз.

  6. Тұрғын үй бөлу нәтижесін күтіңіз.

  7. Ұнаған пәтеріңізді брондаңыз.

  8. Несие рәсімдеп, жаңа үйіңізге ие болыңыз!

пәтер баспана үй pixabayФото: pixabay.com

2023-2027 жылдарға арналған жас ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы

Осы бағдарлама Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында жұмыс істейтін жас ғалымдарға арналған. Мақсаты – ғылым саласында еңбек етіп жүрген мамандарға қолжетімді шарттармен баспана алуға мүмкіндік беру.

Бағдарлама арқылы қандай баспана алуға болады?

Қатысушылар жаңа салынған үйлерден (бірінші нарықтан) немесе дайын тұрғын үйлерден (екінші нарықтан) пәтер сатып ала алады.

Негізгі шарттар:

Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5 пайыз.
Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ГЭСВ) шамамен 5,5 пайызға дейін.

Алдын ала қарыз (зайым) мерзімі – 6 айдан 8 жылға дейін.

Тұрғын үй қарыз мерзімі – 25 жылға дейін.

Жинақ сомасы займның 50 пайызына жеткеннен кейін, несие пайызы төмендейді:
– жылдық 3,5 пайыздан
– 5 пайызға дейін.

Бұл жеңілдік банк алдындағы міндеттемелерін уақытында орындаған салымшыларға беріледі. Максималды займ сомасы 20 миллион теңгеге дейін.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
•    ғылыми-зерттеу институттарының,
•    жоғары оқу орындарының,
•    ғылыммен айналысатын жас қызметкерлері қатыса алады.

Яғни, ғылыми дәрежеңіз болмаса да, егер сіз зерттеу бағытында жұмыс істесеңіз бұл бағдарламаға қатысуға құқығыңыз бар.

Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

"7-20-25" жеңілдетілген ипотека бағдарламасы

Бұл мемлекет қолдайтын төмен пайызды ипотека, яғни 7% мөлшерлеме, 20% бастапқы жарна, 25 жылға дейінгі мерзіммен беріледі. Мысалы, егер пәтердің бағасы 25 миллион теңге болса, 5 миллионын өзіңіз төлейсіз, ал қалған 20 миллионын несиеге аласыз. Ай сайынғы төлем шамамен 141 мың теңге болады. Қазір мұның сомасы 30 миллион теңгеге дейін көтерілді.

Қай үйді алуға болады:

Тек жаңа салынған, пайдалануға берілген үйлерден сатып алуға рұқсат етіледі.

Баға шектеуі:

•    Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау және олардың маңында – 25 миллион теңгеге дейін
•    Қарағанды мен Түркістанда – 20 миллион теңгеге дейін
•    Басқа өңірлерде – 15 миллион теңгеге дейін.

Қатысу шарттары:

•    Соңғы 18 айда өз атыңызда және жұбайыңыздың атында үй болмауы керек;
•    Бағдарлама бойынша тек бір рет баспана алуға болады.
Негізгі мәселе:
•    Баға шегіне сай келетін жаңа үйлер аз;
•    Банктер лимит бойынша қабылдайды, сондықтан кезек ұзақ болуы мүмкін;
•    Бір жылға 100 миллиард теңге бөлінеді, шамамен 6 мың адамға жетеді.

Қай банктер арқылы беріледі:

Halyk Bank, Банк ЦентрКредит, Freedom Bank, РБК, ForteBank, Altyn Bank, Еуразиялық банк. Әр банкте шарттар сәл өзгеше:
•    Halyk Bank – алдын ала өтінішті бөлімшеде береді;
•    ЦентрКредит – онлайн өтініш, СМС күту керек;
•    Freedom Bank – тек SuperApp арқылы, жауап бірнеше минутта келеді, бірақ кезек 6–12 ай болуы мүмкін;
•    Altyn Bank – тек 5 қалада (Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау);
•    Басқа банктерде де онлайн өтініш беріп, кейін менеджер хабарласады.

Қай жерде көбірек ипотека алынады:

Барлық несиенің 80%-ы Астана, Алматы және Шымкентке тиесілі. Ал Жетісу, Ұлытау және Қызылорда облыстарында ең аз – 3-11 несие ғана. Қазірге дейін бағдарлама арқылы шамамен 82 мың адам баспана алған. Жалпы сомасы 1,2 триллион теңге. Бағдарлама әлі де сұранысқа ие, бірақ лимит пен үй бағасы шектеуі қатысушылар үшін қиындық туғызып отыр.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 22 Қазан, 2025 16:26
Талқылау