AAPL
173.19 $
0.63 %
TSLA
927.96 $
3.1 %
NDAQ
191.95 $
0.8 %
GOOGL
122.08 $
0.33 %
FRHC
56.08 $
-3.06 %
AAPL
173.19 $
0.63 %
TSLA
927.96 $
3.1 %
NDAQ
191.95 $
0.8 %
GOOGL
122.08 $
0.33 %
FRHC
56.08 $
-3.06 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Жолдасым қазақша сөйлейтініме ғашық болды”: Беларусь қызы қазақ отбасына келін болуы, тіл үйренуі, дәстүрді ұстануы жайлы айтты

Атырау облысындағы елді мекендердің бірінде беларусь ұлтының өкілі Раушангул Стомма Александрқызы тұрады. 41 жастағы келіншек жастайынан бойына қазақилықты сіңіріп, салт-дәстүрге қанық боп өскен. Әкесі Беларусьтің тумасы бола тұра, Қазақстанды қатты құрметтейтін көрінеді. Балаларын отанын сүюге тәрбиелеп өсірген. Раушангүл әкесінің батасын алып, қазақ азаматына тұрмысқа шыққан. Stan.kz тілшісі келіншекпен тілдесіп, қазақ тілін үйренуі, келіндік қызметі, дәстүрді ұстануы жайлы сұрады.

Раушангүл Стомма, жеке архивтен

Раушангүл Стомма – кітапханашы. Қазіргі уақытта Атырау облысындағы Миялы ауылындағы "Арман" мәдениет үйінде ұйымдастырушы ретінде қызмет етеді. Бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Раушангүл Стомманың өзі де, балалары да өнерге жақын.

“1981 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданы, Миялы ауылы Аққора елді мекенінде үйде дүниеге келдім.

Балалық шағым өте керемет өтті, ауылда қазақы тіршілігімен біте қайнасып, анамызға қолғабысымызды тигізіп өстік. Киіз басса, ши тартып ши тоқыса,  ұршық иіріп, тоқуыш тоқыса да, сол анамыздың қасынан табылатынбыз. Қазанға ет асып, отқа нан көміп нағыз қазақтың салт - дәстүрлерін бойымызға сіңіріп өстік”, – дейді ол.

“Әкем Беларусьтегі балалар үйінен шыққан”

Ата-анасынан жастайынан жетім қалған әкесі 1965 жылы Қызылқоға ауданына Беларусьтен келген. Ол сонда балалар үйінде тәрбиеленген.

“Сонау сұм соғыстың салқыны басылып бейбітшілік заман енді орнап жатқанда 1948 жылы әкем дүниеге келген. Ол ата-анасын білмейді, соған қарағанда сәби кезінде дүниеден өтіп кеткен болуы керек. КСРО кезеңінде тың игеру мақсатында Қазақстанға әкем сияқты бір топ орыс балаларын ол кездегі Гурьев қаласына алып келген. Сол жерден әкемді Сағыз ауылындағы орта кәсіптік оқу орнына (СПТУ) механизатор мамандығы бойынша оқуға қабылдап, “Қызыл Ту” кеңшарына тракторист болып жұмысқа орналастырады. Сонда жүріп өзіне ана тауып, оған бала болып, бауыр басып кетеді.



Әкеме шұрайлы қазақ жері қатты ұнап осы жақта қоныстанған. Оның екі Отаны бар: соның ішіде жастығы  мен қарттғы өткен Қазақстанын қатты құрметтейді. Оның дәлелі – барлық балалары, немере-жиендеріне қазақша тәрбие беруі. 1979 жылы асыл анам Сәнжанмен отау құрады. Бүгінде ол 7 ұл, қыз тәрбиелеп өсіріп, немере, жиендерінің бақытына бөленіп отырған мәуелі бәйтерек”, – дейді Раушангүл әкесі жайында.

Сөзінше, өзі әкесінің еліне барып көрмеген. Тілін де білмейді.

“Өкінішке қарай, беларусь тілін білмеймін. Бірақ ата анам Беларуське барып қайтты, әкемнің балалық шағы өткен атақты Днепр өзенінің бойына барып аунап-қунап қайтты”, – дейді ол.

“Құрт, ірімшік жасаудың қас шебері болдым”

Cөзінше, сиыр сауып, май шайқап, құрт пен ірімшік жасауды бала кезден білген. Беларусь қызы мектепті де қазақ тілінде оқыған.

“Әкеміз өзге ұлт өкілі болса да қазақ тәрбиесін санамызға сіңіріп өсуімізге үлкен үлесін қосты. Бізге үнемі “сендер Қазақстан азаматшасысыңдар, қазақ тілі сендер үшін маңызды” деп айтып отырады. Ауылдағы кітапханадан орысша кітаптар алып беріп, оқытатын. Ондағысы екі тілді де біліңдер, көп тілді білген артықтық етпейді дегені екен. Анамыз – қазақтың қара қызы, барлық салт-жоралғыны білетініміз анамыздың ақ сүтімен дарыған”, – дейді Раушангүл.

Қазақтың салт-дәстүрінің осалы жоқ дейді ол. Салт-дәстүрдің өзі психология, тұнған білім, ғылым деп бағалайтынын айтады.

“Қазақтық ұлттық тағамдарының бәрі керемет! Соның ішінде қазы-қарта, бешбармақ, бадана бауырсағын айтсаңшы. Әрбір қазақстанда тұратын азамат азаматшалар ана тілінде сөйлеп, салт-дәстүрді миына құйып, санасына сіңіруі – міндет.

Қазақтың салт-дәстүрлерінің ешқайсысы ерсі емес, жаныма өте жақын. Анамның үйретуімен санама сіңіріп, зердеме тоқып өстім”, – дейді беларусь ұлтының қызы.

Раушангүл Стомма, жеке архивтен

“Жолдасым қазақша сөйлетініме ғашық болды”

Раушангүлдің жолдасы – қазақ. Екеуі жұмыс барысында танысқан. Жұбайы оның қазақи мінезі мен қазақша таза сөйлеуіне тәнті болыпты.

“Жолдасым құрылыс саласы бойынша жұмыс атқарады. Мен қызмет ететін мәдениет үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізді, сонда менің қазақша сөйлейтініме ғашық болып, екеуміз жарасып кеттік. Ол өзі орысшаға жақын, көп сөздерді орысша айтатын еді, ал қазір әңгіменің арасында мақал-мәтелдетіп сөйлейтін деңгейге жетті. Менің қазақи тұрмыс-салтқа икемді екеніме көз жеткізгеннен кейін тіпті ғашық болды”, – дейді Раушангүл Стомма.

“Қазақ азаматына тұрмысқа шыққаныма әкем дән риза болды”

Беларусь қызы қазақ отбасына келін болу еш қиындық туғызбағанын айтады. 

“Енеммен ара-қатынасымыз өте керемет. Білмегенімді, кемшілігімді жасырып, жақсылығымды асырып отырады. Жалпы, өзге ұлт өкілі қайда тұрса, сол жердің салт-санасын бойына сіңіріп өсуі міндет деп есептеймін. Қазақ азаматына тұрмысқа шыққаныма әкем риза болды”, – дейді Раушангүл.

Сөзінше, қазақ тілінде сөйлегеніне қарап, көпшілік таңғалып жатады. 

“Бірақ менің түріме қарап көбісі орысша қалай сөйлесеміз деп жасқанғандар болған”, – дейді ол.

“Қой бағып жүріп ән салатынмын”

“Өзім бала кезімде ақ-қара теледидардан және радиодан Мақпал, Мадина апаларымыздың әндерін тыңдап өстім. Тым арманшыл болдым, қой баққанды өте жақсы көремін. Қой бағып жүріп бар дауысыммен айқайлап ән салатынмын. Біздің ауылдың шөбі өте қалың әрі биік болып өсетін. Сол көк майса шөпті сипалап жүріп ойша, қазіргі тілмен айтқанда, клип түсіріп жүргендей әсер алатынмын. Үлкен жалт-жұлт еткен сахнада өлең айтып жүргендей армандайтынмын. Армандар орындалады деген рас екен, қазіргі таңда "Арман" мәдениет үйінің әншісі болып қызмет атқарамын”, – дейді Стомма.

Сөзінше, мектеп табалдырығынан бері әншілікке қызыққан, Бердіғалиева Ұлмекен, Елеусінова Роза сияқты өнерпаздардың ықпалы көп болған. Екеуі де сахнаға шығуыма себепкер жандар дейді өзі. 

“Ата-анамда өнер саласын таңдағаныма еш қарсылығын білдірмеді. Кесінше анам сахналық қазақ көйлектерімді тігіп беретін. Әнге деген қызығушылығым әкемнің қанымен, анамның сүтімен дарыған. Олай дейтінім анамның анасы Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін атарбамен келе жатқанда сызылтып айтып келетін болған екен. Ал әкемнің қанымен дегенім, әкемнің де дауысы өте керемет, жоғарғы дыбыстарды жақсы алып, әнді тамаша шырқайды”, – дейді беларусь қызы.

“Шала қазақтарға қарағанда өзге ұлттар қазақша тамаша сөйлейді”

“Өзге ұлт өкілдері тұрмақ қазіргі таңда өз ана тілімізді білмейтін шала қазақтар қаншама. Оның қасында мен сияқты өзге ұлттар қазақша тамаша сөйлейді. Әрине, Қазақстан елінің азаматы бола тұра өз ана тілінде сөйлей алмауы өте ұят”, – дейді ол.
 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр