Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Санитарлық дәрігер қаулысы: Қазақстанда кімдерге маска тағу міндеттелді

Қазақстанда бас санитар дәрігердің міндетін атқарушы Нұрқан Сәдуақасов ауруханалардағы медицина қызметкерлеріне маска кию режимін қайтару туралы қаулы шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Pixabay.com

Құжатқа сәйкес, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары 1 қыркүйектен бастап медициналық ұйымдарды тұмауға қарсы екпеге дайындау керек. Медицина қызметкерлеріне мынадай міндеттер жүктелді:

  • Белгіленген мерзімде вакцинациялауға құқығы бар адамдардың тізімін жасау;
  • Вакцинаны сақтау және тасымалдау нормаларын ұстану;
  • Егу кабинеттері мен бригадаларын екпеге дайындау және асқынған кезде шұғыл көмек көрсету.

Сондай-ақ 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы екпе басталған соң дәрігерлер маска киіп жүруге міндетті.  Олар мекемелерде эпидемиялық маусым (тұмау, ЖРВИ және COVID-19) кезінде науқастарын қабылдауға дайын болу керек.

Сонымен қатар ЖРВИ және тұмау белгілері бар науқастарды сұрыптау қағидатын сақтауды ескере отырып, тұмаумен, ЖРВИ-мен және COVID-19-бен науқастар саны артқан жағдайда медициналық ұйымдарда қосымша инфекциялық төсек-орнын ашу жоспарын бекіту ұсынылып отыр.

Медицина қызметкерлері тұмаумен, ЖРВИ-мен және COVID-19-бен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсетіп, медициналық мекемелерде эпидемияға қарсы режимді сақтау үшін міндетті түрде оқу-жаттығудан өтуге тиіс. Ауруханаларда дезинфекциялау режимі күшейтіледі.



“Білім беру ұйымдарының басшылары студенттер мен қызметкерлердің сабаққа қатысуына күнделікті мониторинг жүргізіп, сабаққа келмеу себептерін анықтап, медициналық ұйымдарды хабардар етуге міндетті. Аурулардың алдын алу үшін білім беру ұйымдарында ЖРВИ, тұмау және COVID-19 белгілерін анықтау үшін "таңертеңгілік сүзгілеу" ұйымдастырылады. Сонымен қатар білім бөліміне ауру балаларды дер кезінде шеттетіп, ата-аналары келгенше оларды оқшаулау тапсырылды”, – делінген құжатта.

Бұған дейін вице-министр елімізде коронавирустың өршуіне байланысты маска режимі туралы айтқан еді.

Талқылау