Қазақстанда банк шоттарын бұғаттау ережелері өзгертілмек
Қазақстанда банк шоттарын бұғаттау ережелері өзгертілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ria.ru
Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір салық бойынша қарызы 2024 жылы 6 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) немесе 22,1 мың теңгеге жеткенде мәжбүрлеп өндіріп алу шарасы қолданылады.
"Ал әлеуметтік төлемдерге: медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру, зейнетақыға қатысты қарыз 1 теңгеден асатын болса, шаралар қолданылады. Енді жаңа ереже аясында, қарыз көлемін қайта қарайтын боламыз. 20 АЕК-ке немесе 73 840 теңгеге дейін, мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданбауды, яғни есепшотты бұғаттамауды ұсынамыз", — деді Ержан Біржанов.
"Өлім мен салықтан ешкім қашып құтылмайды": Қаржы министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасады
Жаңа ереже бойынша, әлеуметтік төлем бойынша қарызы 20 АЕК және одан жоғары қазақстандықтарға хабарлама жіберіледі. Қарыздың кешіктірілген әр күні үшін үстемақы қосылып отырады. Ал қарыз 20-дан 45 АЕК-ке дейін, яғни 73,8-ден 166,1 мың теңгеге жеткенде, салық төлеушіге қарызды өтеу керектігі туралы хабарлама жіберіледі, әйтпесе 30 күн ішінде шара қолданылады.
"Егер салық төлеуші қарызын өтемеген болса және оның сомасы 166 мың теңгеден асып кетсе, онда біз шоттарды жабуға мәжбүр боламыз. 45 АЕК-тен жоғары болса, онда біз тек шоттарды бұғаттаумен тоқтамаймыз, борышкердің есебідегі мүліктен өндіріп алуды жоспарлап отырмыз", – деді Біржанов.
Еске салсақ, бұған дейін жаңа салық кодексіне қандай өзгерістер енгізілгені туралы жазған едік.