Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мен Қытай бірігіп түсірген фильм АҚШ-та 4 бірдей жүлдені иеленді

Алғашқы қазақ-қытай бірлескен жобасы – «Композитор» фильмі Лос-Анджелесте өткен Golden Screen Awards жүлдесінің 4 бірдей сыйлығына ие болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

фильм

ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы, Shinework Pictures және China film coproduction corporation қытайлық компаниялары бірлесіп түсірген кинотуынды «Үздік ко-өнімдегі фильм», «Үздік әйел адам рөлі» (актриса Аружан Жазылбекова), «Үздік ер адам рөлі» (актер Ху Чжунь) және «Үздік музыка» сыйлықтарымен марапатталды.  

«Мен өте бақыттымын. «Қазақфильм» киностудиясы мен фильмнің  түсіру тобына алғысымды білдіремін», - деді актриса Аружан Жазылбекова.

Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың маусым айында қазақстандық прокатқа шыққан фильм қытайлық композитор Си Синхайдың Совет одағында, оның ішінде Алматыға эвакуацияланған кезі мен қазақтың композиторы Бақытжан Байқадамовпен достығы туралы баяндайды.

Фильмнің әлемдік тұсаукесері IX Бейжің халықаралық кинофестивалінің (The 9th Beijing International Film Festival) конкурстық бағдарламасы аясында өтті. Сондай-ақ бұл картина ХХІІ Шанхай халықаралық кинофестиваліне қатысып, 2 марапатқа лайық деп танылды.

Композитор Бақытжан Байқадамовтың жиенінің рөлін сомдаған жас қазақстандық актриса Ділнәз Нұрсейіт «Үздік жаңа есім» аталымында қытайлық  CCTV-6 телеарнасының жүлдесіне ие болса, фильмінің продюсерлік тобы ұйымдастыру комитетінің құрметті сыйлығын алды.

Естеріңізге сала кетсек, қазақстандық актрисаның фильмдегі рөлі АҚШ-та үздік деп танылғанын хабарлаған едік. 

Талқылау