Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Азиаттық нәсілді балалардың арасында 10 есе жиі кездеседі: Дәрігерлер қазақстандықтарға Кавасаки синдромының қауіптілігі жайлы айтты

Жақында еліміздің бірқатар аймағында балалардың қауіпті Кавасаки синдромына шалдыққаны анықталды. Алғашында бұл ауру Ақтөбеде байқалып, артынша Нұр-Сұлтан, Алматы мен Петропавлда коронавирусқа шалдыққан балалардың арасында пайда бола бастады. Қауіпті синдромның арты өлімге алып келетін кездер де болыпты. Кавасаки синдромының туындауының себебі неде? Оны қалай емдеу керек және балаларды бұл синдромнан қалай қорғау қажет? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі балалар дәрігері Қайырғали Көнеевтен сұрап білді. 

кавасаки

Қауіпті Кавасаки синдромының пайда болуы балалардың коронавируспен ауыруымен байланысты болуы мүкін. Десек те COVID-19 синдромға себепші емес, алайда иммундық жүйенің ауытқуына әкеліп, синдромды қоздырушы тетікке айналады. Ұл балалар Кавасаки синдромына қыздарға қарағанда бір жарым есе жиі шалдығады. 

Балалар невропатологы, медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев Кавасаки синдромы тек коронавирустың себебінен пайда болмайтынын жеткізді. Сөзінше, кез-келген инфекциялық ауру асқынып кетсе, балалардың ағзасында синдромының туындауына алып келуі ғажап емес. 

"Кавасаки синдромы - сирек алайда өлімге алып келетін аутоиммунды ауру. Синдром балалардың қан тамырлар жүйесін зақымдап, қалтырауға, теріде бөртпелердің түзілуіне, ісік пен конъюнктивитке, аяқ пен қол буындарының ауруына алып кеп соғады. Аурудың негізгі белгісі - теріде бөртпелердің пайда болуы. Тіпті, ағзаның шырышты қабығында да осындай өзгерістер болуы мүмкін. Ауру асқынса, жүрек-қан тамырларында тромбтардың түзілуі де мүмкін. Бұған қоса синдромға шалдыққан адамның дене қызуы көтеріліп, демікпе пайда болады. Көбіне 1-15 жас аралығындағы балалар бұл синдромға шалдығуға бейім келеді. Синдромның туындауына тек коронавирус қана емес, кез-келген инфекциялық ауру себепші болуы мүмкін", - дейді балалар дәрігері. 

- Аурудың алдын алуға болады ма?

 - Өкінішке орай, медицинада бұл аурудың алдын алу терапиялары қарастырылмаған. Бұған қоса оны бірден емдеп, жазуға болатын ем шаралары да жоқ. Кавасаки синдромын болдырмау үшін инфекциялық аурулардың алдын алу қажет. Негізінен синдром тұмау эпидемиясы кезінде де пайда болуы мүмкін. Бұл ауру коронавирустан ғана туындайды деп ойлау қате.     

Бұл синдром кімдер үшін өте қауіпті? Ол ересектерге жұғуы мүмкін бе?

- Балалар енді өсіп, жетіліп келе жатқан кезде олардың ағзасы ауруға тез шалдығуға бейім болады. Синдром балалардан ересектерге жұқпайды, өйткені ол инфекциядан туындағанымен өзі жұқпалы ауру болып саналмайды. Синдром кезінде баланың иммундық жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Ал ол өз кезегінде ағзаның қан тамырларының қызметіне кері әсер ете бастайды. Яғни иммундық жүйенің өзі осы ауруға алып келеді

- Синдромның арты өлімге алып келетін рас па? 

- Иә, аурудың арты өлімге алып келуі де ғажап емес. Себебі тромбтардың түзілуі өте қауіпті жағдай. Бұған қоса алдында айтқанымыздай жүрек жұмысына ауыртпалық түседі.

- Аталмыш синдромды болдыртпау үшін ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Баланың дене қызуы көтеріліп, ауыра бастаған кезде дәрігерге көрінген жөн. Ата-аналар көп жағдайда өз бетінше баласын емдеп жатады, бұл дұрыс емес. Бірден педиатрға бару керек. Олар егер бала инфекциялық ауруға шалдыққан кезде оның бойындағы екінші созылмалы аурудың байқалуын тексеріп, ем жазып береді. Әрбір инфекция пайда болған уақытта дер кезінде емдеу керек. Тиісті анализдер тағайындалады. Сараптама нәтижесінен кейін дәрігер баланы қалай емдеу керек екенін айтады. Негізі Кавасаки синдромына шалдыққан бала станционарларда емделеді. Ем шаралары өте ұзаққа созылып кетуі де мүмкін, себебі бұл синдром өте қиын емделеді, оның қайтуы қиын. Уақытылы анықталған және дұрыс қойылған диагноз синдромды иммуноглобулин мен аспириннің көмегімен тез емдеп, жазуға көмектеседі.   



Педиатр дәрігер Михаил Мирер коронавирустың табиғаты әлі түсініксіз екенін айтады. Бұған себеп індеттің жақында балалардың арасында байқала бастаған Кавасаки синдромына алып келуі дейді. Сөзінше, синдром азиатттық нәсілді балалардың арасында жиі кездеседі. 

"Кавасаки синдромы - азиаттық нәсілді балалардың арасында жиі таралады. 100 мың адамға шаққанда 250 бала осы синдромға шалдығуы мүмкін. Ал африкалықтар мен еуропоидтықтардың арасында синдром он есе сирек байқалады", - дейді маман. 

Бұған қоса ол қазақстандық әріптесінің айтқандарын толығымен қостады. Ең бастысы баланың дұрыс әрі дер кезінде диагноз қойылса, баланың өміріне қауіп жоқ дейді. 

Тағы бір ресейлік дәрігер Наталия Ленская Кавасаки синдромының туындауына күн сәулесі әсер етеді деген ойда. 

"Күн сәулесі, яғни ультрафиолет аутоиммунды ауруларға әкелетіні белгілі. Мәселен, қызыл жегі, лейкозды алып қарайық. Әрине, ғылыми тұрғыда дәлелдемелер жоқ. Бірақ синдромның пайда болуын зерттеу келе осындай тоқтамға келуге болады. Әсіресе, коронавирустан кейін осындай аутоиммунды аурулар көбейіп кетті. Жазда күн ыстық, сәйкесінше, күн сәулесінен балаларды қорғаған дұрыс деп айтар едім", - дейді Ленская. 

Кавасаки

Кавасаки синдромының ең жас құрбандарының бірі  - сегіз айлық бала. Алғашында оның ата-аналары баланың денесінде пайда болған бөртпенің неден екенін түсінбей дал болған. The Sun басылымының мәліметінше, Алекс Парсонс есімді сәбидің ата-анасы балалары көз жұмбай тұрып коронавируспен ауырғанын айтады. Сол себепті олар ауруды тез анықтау арқылы өлім қауіпін алдын алуға болады дейді.     

Шілде айында ғалымдар Кавасаки синдромының байқалуы 30 есеге артқанын байқаған. Ғалымдар бұнын  SARS-CoV-2 эпидемиясымен байлынсты екенін айтады. Бұған қоса олар пандемия әсер еткен елдерде аурудың таралуы артатынын айтады. 

Айта кетейік, Кавасаки синдромын 1967 жылы жапон ғалымы Томисаку Кавасаки ашқан, сол себепті де ағзаның ауытқуы зерттеушінің құрметіне аталды. Синдромның таби ғаты әлі толық зерттелмеген. Көбіне бұл ауру балалар бес жастан асқанға дейін жиі көрініс табады. 

Естеріңізге сала кетсек, Нұр-Сұлтан, Алматы және Петропавлдағы коронавируспен ауырған балаларда қауіпті Кавасаки синдромы тіркелгенін хабарлаған болатынбыз. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеп, аурудың негізгі белгілерін көрсеткен еді. 

Сұхбаттасқан Дидар Халық

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр