Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағандыда балалар аттракционының кабинасы адамдармен бірге құлап кетті

Қарағандының орталық саябағында балалар аттракционының кабинасы адамдармен бірге құлап кетті. Ішінде әйел мен бала болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан скриншот жасалған

Мәліметтерге сенсек, аттракционның ішінде 25 жастағы қыз бен 2 жасар қыз болған. Жедел жеткен медициналық көмек олардың жарақаты мен көгерген жерлерін таңып берді. Сөйтіп үйлеріне жіберілген. Алдын ала болжам бойынша, карусельдегі гидравликалық шланг шығып кеткен.

Саябақта бірнеше жылдан бері "Тікұшақ" балалар аттракционы жұмыс істеп келеді және осы жерден орын жалдап тұратын кәсіпкердің меншігінде. Алайда иесі байланысқа шықпай отыр.  

Қарағанды мәдениет және демалыс саябақтары басқармасының директорының міндетін атқарушы Ерғанат Бикеновтің айтуынша, маусым басталар алдында мамыр айында барлық аттракцион, соның ішінде тікұшақ техникалық сараптамадан өткен.

"Қазақстанда мұндай сараптама жүргізетін бірнеше компания бар. Тіпті Қарағанды облысында, Теміртаудағы "Теміртау ойын-сауық комбинаты" ЖШС бар. Оның да мұндай қорытынды беруге құқығы бар. Бұл аттракцион балаларға арналған. "Тікұшақ" ол осы фирмадан шығарылған", – деді саябақ басшысы.

Теміртау ойын-сауық комбинатының басшысы да сөйлесуден бас тартты. Карусельдердің қызметін бақылау жергілікті атқарушы органдарға, яғни әкімдіктерге, нақтырақ айтқанда, тұрғын үй инспекциясы бөліміне жүктелген.
Саябаққа келушілердің айтуынша, аттракциондардың сапасы көңілден шықпайды.



Айта кетейік, Қазақстанда карусельдер мен аттракциондардың қызметін реттейтін заң жоқ. 2019 жылғы бірқатар апаттардан кейін аттракциондарды сату кезеңіне дейін ҚР СТ 3359 ұлттық стандарты әзірленді. Бұдан әрі жауапкершілік тек әкімдіктерге жүктеледі.

Қарағандының орталық саябағында болған төтенше жағдайға байланысты полиция "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Кәсіпкер 18,5 миллион теңгеге дейін айыппұл төлеуіне тура келеді. Саябақ басшылығы онымен келісімшартты бұзбақ.

Еске салайық, бұған дейін Астанада адамдар отырған аттракцион үзіліп кеткенін жаздық. Қыз бен жігіт аттрауционға отырып, видео түсірмек болған. Бір сәтте қыздың бойын үрей билеп, қобалжи бастайды. Ал бозбала барынша оны тыныштандыруға тырысып бағып жатыр. Бейнежазбаға аттрацион сымының үзілген сәті түсіп қалды. Артынан аттракционды шұғыл тоқтату дабылы естілді.

Талқылау