Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысындағы шахтада апат болды: Құтқарушылар машинистті іздеуде

Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға тиесілі Ленин атындағы шахтада апат болды. Төтенше жағдай кезінде тереңдікте 137 адам болған, олардың біреуін құтқарушылар әлі де іздеуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Апат 13 қаңтарда сағат 21.53-те "АрселорМиттал Теміртау"АҚ Көмір департаментінің Ленин атындағы шахтасында болған. Барлау ұңғымасын бұрғылау кезінде метан газы мен көмірдің ұсақ фракциялары бөлінді.

"Бұл күні үш жұмысшы, атап айтқанда бұрғылау қондырғысының машинисі, машинистің көмекшісі, сондай-ақ желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің тау-кен шебері ұңғыма түбінде барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан.

Апат салдарынан тау-кен шебері мен машинистің көмекшісі апат орнынан дереу кетіп қалған, ал машинист ұңғымадан шыға алмады.

Апат кезінде шахтада үшінші ауысымның 137 қызметкері болды, оның 136 - сы жер бетіне шығарылды", - делінген ТЖМ хабарламасында.

"АрселорМиттал Теміртау" шахтасының тау-кен қазбаларындағы жағдай сағат 23.00-де қалыпқа келді. Машинистті іздеу 23.25-те басталды.

"Қазіргі уақытта зардап шегушіні іздеу жұмыстары жалғасуда. Шахтаның 17 қызметкері мен авариялық-құтқару қызметінің екі бөлімшесі жұмылдырылды.

Аталған апатты тексеру үшін ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің жанында комиссия құрылды", - деп хабарлады құтқарушылар.

Еске салайық, Ленин кенішінде 2006 жылы үлкен апат болған. Сол кезде метан жарылысы салдарынан 41 шахтер қаза тапты.

Талқылау