Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иранда Әли Хаменеиді жер қойнына тапсырды

Хамени жерлеу
Фото: t.me/Irna_ru

Иранда бірнеше күнге созылған елдің Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеиді жерлеу рәсімдері аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әли Хаменеи мен оның отбасы мүшелері Мешхед қаласындағы кесенеге жерленді. Бұл бір аптаға созылған жаппай жерлеу рәсімі мен қаралы шерулердің қорытынды кезеңі болды.

Хаменеи АҚШ-тың әуе шабуылы салдарынан соғыстың алғашқы күні – 28 ақпанда қаза тапты. Бұл шабуыл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери науқаны аясында жасалған. Елдегі әскери қақтығыс әлі де жалғасып жатыр. 

Қаралы шеру елдегі қасиетті орынға жетіп, сол жерде Әли Хаменеиді жерледі. Кесене ауласына мыңдаған адам жиналды. Олардың кейбірі АҚШ президентін айыптайтын және "Біз Трампты өлтіреміз" деген жазуы бар транспаранттар ұстап тұрған.

“Шамамен сағат 22:00-де қаланың басты қасиетті орнында және оған іргелес алаңдарда жаназа намазы оқылды”, – деп хабарлады IRNA агенттігі.

Қаралы рәсімді қаза тапқан көшбасшының үлкен ұлы Мостафа Хосейни Хаменеи басқарды. Мемлекеттік телеарналардың мәліметінше, жаназаға қатысушылардың алдыңғы қатарында рухани көшбасшының өзге ұлдары мен оның кеңсесінің басшысы Мохаммад Мохаммади-Гольпаегани де болды.

Иранның Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи әкесінің жерлеу рәсіміне ресми түрде қатысқан жоқ. Алайда CNN мәліметінше, Тегерандағы мешіт ауласына аза тұтушылар лық толған сәтте діни қызметкердің киімін киген белгісіз адам балконнан тарихи рәсімді сырттай бақылап тұрған.

Анық емес бейнежазба әлеуметтік желілерде тез тарап, көпшілік оның аятолланың ұлы әрі Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи болуы мүмкін деген болжам айта бастады.

Иранның рухани көшбасшысын жерлеу рәсімі АҚШ-тың ел аумағына қайта бастаған әуе соққылары аясында өтті.

Еске салайық, 28 ақпан күні АҚШ пен Израиль Иранға қарсы бірлескен әуе операциясын бастады. Олар Хаменеи резиденциясы орналасқан Тегеран ауданына да соққы жасады. Салдарынан Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи көз жұмды. Оның қазасын алғаш болып Дональд Трамп мәлімдеді. Алайда Тегеран бастапқыда бұл ақпаратты жоққа шығарды. Бірнеше сағаттан соң елдің мемлекеттік БАҚ-тары Жоғарғы көшбасшысының қаза болғанын ресми түрде растады.

Али Хаменеи туралы не белгілі?

Имамнан президентке дейін

Аятолла Әли Хаменеи Иранды отыз жылдан астам уақыт басқарды. Ол Ислам республикасындағы ең ықпалды тұлға әрі әлемдік аренадағы даулы қайраткерлердің бірі саналады.

Оның жоғарғы билеуші лауазымындағы жолы 1979 жылы Ислам революциясының жеңісінен кейін басталды. Хаменеи дін қызметкері ретінде саясаттан тыс болуы тиіс еді. Алайда консервативтік күштер мен реформашылдар арасындағы күрес оны саясатқа араластырып, ел өміріндегі басты тұлғаға айналдырды. Ол мемлекет басшысы әрі Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы болды. Оның ішінде Ислам революциясы сақшылары корпусы секілді элиталық құрылымды да басқарды.

Хаменеи диктатор болған жоқ. Алайда мемлекеттік саясаттың кез келген мәселесіне вето қою құқығына және мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді жеке таңдауға құқылы болды. Ол Иранда саясатты жұмсартып, еркін етуге бағытталған барлық бастамаға қарсы болды. Мемлекеттік телеарна оның әр қадамын көрсетіп отырды. Оның бейнесі қоғамдық орындардағы билбордтарда ілініп, дүкендердің көпшілігінде суреті қойылды.

Айым Болатқызы
Жұма, 10 Шілде, 2026 08:06