Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халықтың қамын ойламай ма?": Атырауда ашулы саудагерлер базарда шу шығарды

Бүгін жұмысқа шыққан атыраулық саудагерлер, ішке кіргізілмеді. Бұған ашулы топ шу көтерді. Шаһардағы ең ірі базар кәсіпкерлері сауда орнының ашылуын талап етті. Айтуларынша, 5 айдан бері табыссыз қалған, қазір несие төлей алмай жүргендері жетерлік. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Дина" базарының алды таңертеңнен бері у-шу. Сауда қызғаннан емес. Керісінше, саудагерлер карантин басталған 5 айдан бері күнкөрісіміз күрт нашарлады деп ашуға булықты. Айтуларынша, бірер күн бұрын базар әкімшілігі 17- тамыз күні ашылатынын хабарлаған. Дүңгіршіктерін санитарлық талапқа сай тазалауды да тапсырыпты.  

 "Кеше "ашамыз",-  деді. Кредитіміз басымыздан асады. Біз бүгін мәз боп келдік. Бүгін "жабық" - дейді. Кредитімізді бәленбай есеге өсіріп жіберді. Сотқа беріп жатыр алды. Оны қалай төлейміз? Ауру баламызды қалай асыраймыз үйдегі?", - деді саудагер Нұргүл Мырзағалиева.

"17-сінде келіңдер", - деді. Келдік ал. Барлығымыз жүрміз бала-шаға азып тозып. Халықтың бәрі жаңа кетіп алды. "Ертең кел", "тұсқайта кел", "бірсігүні кел",-  деген соң. Масқара емес пе мынау деген. Халықтың қамын ойламай ма? ", - деді саудагер Адау Демешова.

Базар аумағында далада орналасқан нүктелер саудасын карантин мезгілінде тоқтатқан жоқ. Жабық павилиондағы кәсіпкерлер осыған ренішті.

"Павилиондардың бәрі жабық. Жарты базар жұмыс істеп тұр. Жарты базар жатырмыз. Үкіметтің берген 42 мың мен 21 мыңын жеп жатырмыз үйде. Енді үкімет оны да бермейді ғой, бізге. Біздің зейнетақымыз жоқ. Халық көбі аш. Бас санитарды шақырдық, келген жоқ. Әкімдік неге келмейді?", - деді саудагер Кәмшат Әділова.

Наразы топқа, шенділер түскі астан соң ғана қара көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары мен бас санитар келіп, сауда орталығын әбден аралап шақты. Содан кейін кемшіліктерді тізіп берді.  

"Кемшіліктер көп болды. Ең бастысы вентеляция болды. Мысалы, бір павилионның ішінде ауа жоқ. Дезтунельдер болды кіріп келгенде антисептик шашатын. Сосын термометрия өткізетін тепловизор болу керек кіріп келгенде адамның температурасын өлшейтін", - деді Атырау қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Хамзин.

Базар әкімшілігі бұл талаптарды 10 күннің ішінде орындауға уәде етті. Ал жанұшырған саудагерлерге ертеңнен бастап жұмысқа кірісуге рұхсат берді.

Талқылау