"Есікке еңбектеп жетті": Мемлекеттік музей қызметкерлері полицейлер мен курсанттарды қалай құтқарғанын айтты
Алматы орталық мемлекеттік музейінің қызметкерлері тәртіпсіздік кезінде жараланған полицейлер мен курсанттарды құтқарған. Оқиғаның қалай өрбігенін музей директорының орынбасары Бибігүл Дандығараева айтып берді, деп хабарлады Tengrinews.kz.

"Бастары жарылған, үсті қанға боялған, қолдарында қарулары жоқ, өздері әрең қозғалып, кейбірі бір-бірін арқалап, тіпті, еңбектеп жетті", - дейді әйел.
Музей әкімшілігі жараланғандарға қауіп төніп тұрғанын түсініп, оларды жертөледе жасырған.
"Шамамен 15 адамды жертөлеге түсірдік. Одан кейін біздің орталық есігімізге бір топ қарақшылар келді. Есікті бұзып кіріп: “Полицейлерің қайда?" - деді. Біз музейді өзіміз қорғап отырмыз дедік. Артық қимыл жасамадық, себебі қауіпті екенін түсіндік", - дейді Дандығараева.
Естеріңізде болса, бұған дейін музей директорының орынбасары жәдігерлерді сақтап қалу үшін қарақшыларды қалай райынан қайтарғанын айтып берген еді. Қызметкерлер бір топ тонаушыларды көндіруге тырысып жатқанда, жертөледе құқық қорғау қызметкерлеріне көмек көрсетіліп жатты.
"Өздері қимылдай алмады. Қолымыздан келгенше, оларға қолда болған және туыстары әкелген қарапайы киімдер кигізуге тырыстық. Жетпегенін шарфпен жаптық, бастысы қарапайым азамат болып көрінсін дедік", - дейді Дандығараева.
Сондай-ақ, Дандығараева 20-дан аса қарақшының намаз оқу үшін төсеніш сұрағанын айтты.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге қосымша кәсіп ашуға рұқсат берілді: Бұл кімдерге қатысты