Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"20-дан астам адам намаз оқимыз деп төсеніш сұрады": Директордың орынбасары музейге шабуыл жайлы

Лаңкестер сақ және ғұн тайпаларынан қалған көне жәдігерлерді қару ретінде қолданбақ болып, Қазақстан орталық мемлекеттік мұражайына басып кірген. Оларға керегі қылыш пен найза еді. Музейде түнеген қызметкерлер алғашқыда жарақат алған өз күзетшілерін көреді. Көп ұзамай содырлар тарихи жәдігерлер сақталған нысанға баса-көктеп кірген. КТК арнасына берген сұхбатында музей директорының орынбасары оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.

"Қанжоса болған, ақсаңдап, құлаған, сүйретілген өзіміздің күзет қызметкерлерін көрдім. Оның ішінде курсанттар да болды. Кіргізіп, алғашқы көмек көрсете бастадық. Қабырғалары сынған, қолы сынған, басы жарылған", – дейді ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Бибігүл Дандығараева. 

Лаңкестердің қолынан жарақат алған күзетшілер ішке кіргізіліп, оларға алғашқы көмек көрсетілген. Сол сәтте қызметкерлер бір топ жігіттердің бейнебақылау камерасын сындырғанын көреді.200-ден астам бұзақы есікті бұзып ішке кіріп, мұражайда сақтаулы тұрған орта ғасырлардағы жауынгерлердің суық қаруын сұраған екен. Оқ өтпейтін кеудеше мен әскерилердің бас киімін киген содырлар бес сағат бойы музейді босатпай, алдағы әрекетін жоспарлаған көрінеді. Сол аралықта қызметкерлерлен төсеніш сұрап, намаз оқуға ниет білдірген. 



"20-дан астам адам" намаз оқиық деп едік, төсеніш беріңіз" деді. Қара материалдар болған, жігіттерге айттым, олар алып берді. Намаз оқығанда бәрі тынышталып қалды. Кешкі тоғыздың уақытында тағы бір рет намазға жығылды. Меніңше, сол діни бағыттағы адамдар. Ұзын жігіт кірді, қара пальто киген. Мен алыста тұрғам. Кіріп, соларды алып шығып кетті", – деді Бибігүл Дандығараева.

Бір мезетте содырлар әлдебіреудің тапсырмасын алып, музей ғимаратын босатқан. 

Бұған дейін Бибігүл Дандығараева “жауынгер рухтардың” көмегімен лаңкестерді қалай райынан қайтарғанын айтып берген еді.

Талқылау