Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Еңбегіміз елеусіз қалып келеді": Қазақстандық психологтар жалақыларының мардымсыз екенін айтып шағымдануда

Бүгінде психологияға танымал тұлғалар бет бұрып, тіпті өзін-өзі дамыту тақырыбында кітап жазуды кәсіпке айналдырғаны жасырын емес. Дегенмен Instagram әлеміндегі психолог-коучтарға қарағанда, қарапайым емдеу мекемелері мен мектептерде жұмыс жасайтын мамандардың жағдайы мәз емес. Осы уақытқа дейін психологтар жалақыларының аздығына шағымданып, билік басындағыларға жанайқайын білдірген болатын. Алайда бұл мәселе әлі күнге дейін өз шешімін табар емес, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Әбдеш

Қызылорда қаласының тұрғыны Әсел Әбдеш бес жылдан бері облыс орталығындағы емдеу мекемелерінің бірінде психолог болып жұмыс жасайды. Жаман әдетті жанына серік еткендермен түрлі семинар-тренингтер өткізіп, ашық әңгімелер жүргізеді. Алдына келген әрбір науқастың жағдайы ерекше ізденіс пен уақытты қажет етеді. Міндет оңай болмағанымен, Әселдің қызметі үшін алатын жалақысы мардымсыз. Жас маман айлықтың жайы қашан жақсаратынын да білмейді.

"Жыл сайын медицина саласы қызметкерлерінің айлықтары өседі. Мемлекет дәрігерлер мен медбикелерге ерекше қолдау көрсетіп отыр. Алайда психолог мамандардың еңбегі еленбей қалып жатыр. Біз медицина саласы қызметкерлерінің қатарына жатпаймыз. Магистратура бітірген мамандардың еңбекақыларына бар-жоғы 10 мың теңге ғана қосылып отыр. Есесіне біз дәрігерлермен иық тіресе жұмыс жасаймыз. Психологтарға жүктеліп отырған міндет өте көп", - деп шағымданады жас маман.

Әселдің айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын билік басындағылар Алматы қаласындағы оқу орындарының бірінен "Клиникалық психология" мамандығын ашу бастамасын көтеріпті.  Алайда бұл жұмыс аяқсыз қалған. Қазір қызылордалық психолог жеке емханаларда қосымша жұмыс жасайды. Қымбатшылық бүйірден қысқан тұста маманның басқа амалы жоқ.

Тараздық Назира Жоламанова да ауруханалардың бірінде психолог болып жұмыс жасайды. Денсаулық сақтау саласында 10 жылдан аса еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Назира жүкті және жаңадан босанған әйелдермен жұмыс жасайды. Депрессияға шалдыққан нәзік жандылардың мінез-құлқын бақылап, қажетті көмегін көрсетеді. Әсіресе, алғаш босанушы әйелдерге психолог маманның кеңесі өте қажет. Осындай жұмыстарды қатар алып жүрген психолог та өз жалақысының аздығына қынжылады.

"Қазір менің айлығым 100 мың теңгеге де жетпейді. Жас мамандардың айлығы тіпті аз. Жыл сайын дәрігерлер мен медбикелердің айлығы өседі. Алайда психологтар мен одан кіші буын қызметкерлердің еңбегі тасада қалып қояды. Президентіміз биылғы Жолдауында кітапханашылардың,  күзетшілер мен тазалықшылардың айлығы өсетінін айтты, ал психологтар назарға ілікпей қалды. Бұл әділетсіздік қой", - дейді Назира Жоламанова.

Психолог-мамандар осы уақытқа дейін жауапты сала мамандарына жүгінген. Жергілікті жерлердегі денсаулық сақтау басқармаларына шағымданған. Алайда нақты нәтиже жоқ. Бүгінде республика бойынша  психологтардың  мессенджерлерде арнайы чаттары бар. Әр облыстан жиналған мамандар Жаңа жыл алдында ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне ашық хат жолдамақшы. Психологтар құзырлы ведомстваның проблеманы шешіп бергенін қалайды. Жалақы өсуінен қағыла беретін мамандардың келер жылдан күтіп отырған үміттері зор.

"Шынымызды айтсақ, қазір психологтардың өзіне психолог керек заман болып тұр. Кейбір әріптестеріміз мемлекеттік жұмысты қойып, жеке кабинеттерін ашып жатыр. Бірақ мұндай мүмкіндік бәрінде бірдей жоқ. Біздің де отбасымыз, балаларымыз бар. Келесі жылы дәрігерлер, медбикелер мен мұғалімдердің айлығы өседі деп жатыр. Осы жолы біздің жалақымыз өзгеріссіз қалмаса екен деп тілейміз", - дейді түркістандық психолог Шыңғыс Алиев.

Талқылау