Бишімбаев Салтанатты не үшін өлтірді: Марқұмның ағасы өз нұсқасын айтты
2 мамыр күнгі сот отырысында сөз алған Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевтың Салтанат Нүкенованы неліктен өлтіргені жайлы өз нұсқасын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі
Айтбек Амангелді сот алқасынан бұрын көрсетілген видеоға тағы да назар аударуды сұрады.
"Видеолардың бірінен Салтанаттың қанды көйлекті ұстап тұрып, Бишімбаевқа оның айғақ болатынын айтып жатқанын байқауға болады. Сондай-ақ оған "Бұл үшін кемінде 10 жыл отырасың" деп жатқанын естисіз. Қанды көйлекті қайта-қайта көрсетеді. Менің ойымша, дәл осы ашу қорқынышы, сол кезде болған соққыны жұрттың біліп қоюы және жасаған ісі үшін қайтадан түрмеге түсуі мүмкін деген қорқыныштан адам өлтіру туралы саналы түрде шешім қабылдап, одан әрі жасыруға әрекеттенді", – деді Айтбек Амангелді.
Ағасының айтуынша, Бишімбаев оны ол адаммен (Райымбек Баталов) арасында ештеңе болмағанына ант беруге мәжбүрлеген.
"Салтанат бұл кісімен (Райымбек Баталовпен) арада ештеңе болмағанын айтқан. Шамасы, бұл (Бишімбаев) ол кісіні қызғанып, өзін одан төмен сезінген. Оның талабы бойынша Салтанат анасының, Алланың, болашақ балаларының және әкесінің атынан ант берген. Ол тіпті жатырымен ант беруін талап еткен. Бірақ оған жауап ретінде соққыдан соққы алды", – деді Айтбек Амангелді сөзжарыста.
Айтбек Амангелдінің айтуынша, Бишімбаев сияқты адамдар күш көрсетуді ғана түсінеді. Сол себепті ол Салтанат Нүкенованың қазасы үшін әділ жаза тағайындалуын талап етті.
"Ол бостандыққа шыққан соң тағы да заң бұзатынын бұған дейін дәлелдеп қойған. Осы жолы жазадан оңай құтылса, бұдан да ауыр қылмыс жасауы мүмкін. Оның қылмысы геометриялық прогреспен өсіп келеді. Өз басым айыпталушыдан адамдық көріп тұрған жоқпын. Оның арамдығын дәл мен сияқты көресіздер деп сенемін. Ол не айтса да, Салтанаттың айуандықпен өлтірілгені ақиқат. Ал қанішер сіздің алдыңызда, әйнектің дәл артында отыр", – деді Салтанаттың ағасы.
Айтбек Амангелді сот алдында Салтанат Нүкенованың қиналмай, тез қаза болғанына үміттенгенін мойындады. Алайда сот тергеуі мен айғақ ретінде ұсынылған бейнежазбалар Салтанат Нүкенованың нағыз азапты бастан кешіп, қиналып өлгенін дәлелдеді.
"Бұл видеоларды бәріңіз көрдіңіз, құрметті сот алқасы. Бұл видеолар менің көз алдымда қайта-қайта қайталанып, басымнан бір сәт шыққан емес. Олар мені іштей өлтіріп жатыр. Оны қалай өлтірді дегенді ойлап кетсем...", – деген Айтбек Амангелді сот залында жылап жіберді.
Сөзінің соңында Айтбек Амангелді 2023 жылдың 9 қарашасында Салтанат Нүкенова ғана емес, оның бүкіл отбасы, ата-анасы мен ағасы да өлтірілгенін айтты.
"Біз үшін өмір тоқтап қалған сияқты. Біз ойымызбен әлі сол 9 қарашадамыз. Біз уақыттың алға жылжуын қаламаймыз. Өйткені ортамызда Салта жоқ. Үмітіміз үзілгендей. Мұның бәрі эмоциялы түрде өте қиын. Бәріміз бір адамның кесірінен осы жерде отырмыз. Сізден әділдік сұраймын. Сол түні не болғанын түсініп, шешім қабылдау үшін барлық дәлелді көріп, түсінуіңізді сұраймын", – деді Айтбек Амангелді.
Бұған дейін ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев 29 сәуірде Бишімбаев неге сотқа келмегенін айтты.
Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова сотталушының сотта осыған дейін “сценарий” құрып, соңында қалай шалыс басқанын дәлелдеді.