Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Басқа адамдікі болып шыққан: Алматы облысында 88 отбасы үкіметтен тегін жер алып опық жеп отыр

Алматы облысы Жетіген ауылында 88 әулет үкіметтен тегін жер алып опық жеп отыр. Өйткені онда үй тұрғызып, жарық тартып, жол төсегенде бөтен біреу жеті гектар жердің «қожайыны менмін» деп сотқа берген. Расымен, ауыл шаруашылығына арналған жердің иесі сол екен. Тек әкімдіктегілер кезекте тұрған тұрғындарға қалай тегін үлестіргені беймәлім. 

Басқа адамдікі болып шыққан: Алматы облысында 88 отбасы үкіметтен тегін жер алып опық жеп отыр

Сайлауға қатыса алмаймыз деп күйіп-піскен жұрт шенеуніктерге әбден ызалы. Өйткені үйі болғанымен, тіркеуге тұра алмай жүр. Соның кесірінен үкіметтің кеше ғана шығарған 21 мыңдық жәрдемақысына да іліге алмаған. Бала-шағасымен қаңғыған отбасылар өздерінің Жетігенде тұрып жатқанын да дәлелдей алмаймыз деп ашулы, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Мекен жай бойынша тіркеуіміз жоқ. Тұра алмаймыз. Балалы келіншектер жәрдемақы ала алмай отыр. Өздері әке шешесінің үйінде тұрады. Кім болса да бес баласын тіркеуге тұрғызбайды ғой», - дейді ауыл тұрғыны Бейсенгүл Құттыбаева.

Сөйтсе, Жетігендегі жеті гектар жер осыдан 12 жыл бұрын кезекте тұрған тұрғындарға біртіндеп үлестірілген. Шенеуніктер алғашқы үш жылында жарғақ құлағы жастыққа тимей құжаттарын асығыс рәсімдетіпті. Қолдарында жері өз атында екенін растайтын, төлеген салығының түбіртектері бар. Тек 88 әулет үйлерінің техникалық құжатын жасатарда ғана жерлері өзгенің меншігінде екенін біліп отыр. 

«Мемлекеттік акт бар. Енді мекен жай бойынша тіркеуге тұру үшін техникалық құжат алайын десем, жерге тыйым салынғанын айтады. Оны бес жылдан соң білдім. Әйтпесе сатып алмас едім», - дейді ауыл тұрғыны Кемел Төлебаев.

Тегін жерге ие болдық деп көбі несие алып үй тұрғызған. Әлі сол банкке қарызы өтелмей жатып, қожайын баспананың бәрін сүреміз деп қорқытады. Ал шенеуніктер соттасыңдар, дейді. Онсыз да ауылдағы жол, жарықты өз қалталарынан жасатқан жұрт соттан сотқа сабылып, адвокаттарға ақша шашқысы жоқ. 

Ал Жетіген ауылдық округінің әкімі бұрынғы әріптестерінің шикілігін түзеуге кірісіп кеттік, дейді. Тек алғашында жеті гектар жерден бас тартқан қожайын енді әкімдіктен қомақты қаржы талап етіп отыр екен. Бұлар ұсынған бірде бір телім ұнамапты-мыс. Оның үстіне, ол аумақ ауыл шаруашылығына арналған. Кезінде кезектегі жұртқа қалай үлескені де белгісіз. Әйтеуір, қазір соттасып жатырмыз, деп жұбатты. 

«Біздің қолымызда тұрса, нақты уақытын айтып беретін едім. Сот шешеді. Заңды түрде қарастырылады», - дейді ауылдық округ әкімі Нұрлан Әбілов.

Жетігендегі бұл 88 әулеттің бәрі бірдей өз президентін таңдау құқығынан айырылып отыр. Өйткені, сайлауға қатыса алмайды, еш жерде тіркеуде жоқ. Ал, шенеуніктер 2012 жылдан бері шешілмей келген мәселені сайлау алды бір амалын табамыз деп сендіруде. Бірақ қараша халықты сайлау да, үкіметтің беретін 21 мыңдық жәрдемақысы да қызықтырмайды. Тіркеуі болмай ауада қалқып жүрген жұрт атқамінерлер жерге түсірсе екен, дейді.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр