"Басымды жарды": Қызылордалық келіншекті күйеуі алты баласымен үйінен қуып шыққан
Қызылордалық келіншек алты баласымен 40 күннен бері қаладағы дағдарыс орталығын паналап жүр. Айтуынша күйеуі ұрып-соғады, енесі қорлайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қызылордалық Ләззат Әбенованың үйінен қуылуына негізгі себеп телефон болған екен. Дегенмен мәселе телефонда ғана емес. Түйткілдің төркіні әлеуметтік себеп болуы мүмкін: ұрып соғу, тілдеу, қорлау.
"Бізде күнде қырғын, күнде айқай-шу! Оң қолым да сынды, аяғым да сынды. Соңғы рет басымды жарды", - деді көпбалалы ана Ләззат Әбенова.
Даудың басы бұл жолы телефоннан басталды.
"Қызға телефон алып берейік, дедім, сабақ онлайн болды ғой, содан басталды ғой, қырғын. Енеміз алмайсыңдар дейді, біз аламыз дейміз. Сонымен қырғынның аяғы шығыңдар үйден деді ғой", - деді Ләззат Әбенова.
Осыдан кейін Ләззат 6 баланы құшағына басып, үйінен кеткен. Оның айтуынша, енесі ұлына басқа әйел алып беретінін айтқан.
"Сенің қатының өз білгенін істеп жүр, шамаң келмейді, сен кет, мен басқа қатын әперемін дейді", - деді көпбалалы ана.
Енесі ұлын әйеліне қарсы қояды. Екі оттың ортасында қалған азаматы анасының айтқанынан шыға алмайтын көрінеді.
"Жаздай сол күріш ектік, егін ектік, сол жақта жүреміз ғой, күннің ыстығы демейміз. Егіндікте қаппен мына балалар тасиды, бері қарай. Соны әкеліп, трассада сатамыз. Әкелеміз мына балам бірдеңе алайық, әперші дейді. Мен сол алмаймын ғой, бермеймін. Сөйтіп әкелеміз де енемізге береміз", - деді ол
Анасының жылағаны қай балаға жақсын. Бірге еңіреп, көз жастарын көл етті.
"Біздің мамамызды күнде ұрады. Самокатпен ұрады, ішіп келіп, күнде айқайлап, төбелеседі. Бізді де ұрады. Ішіп келіп ұрады бәрімізді. Анамызды талай ұрды", - деді баласы Нұрислам.
Келін емес күң болдым, не істесем де жақпадым деген Ләззаттың сөзін қайынжұрты жоққа шығарды. Айтуларынша, кетіп қалу - келіннің күндегі әдет екен.
"Бұл әйел, Ләззат деген әйел 5 жыл бұрын да осылай сотқа беріп, күйеуін сөйтіп, ажырасып кеткен болатын. Сөйтіп, 6 ай жүріп, сотқа беріп алиментін төлеп тұрған, менің інім. Сөйтіп, 6 ай жүрді де үйге келіп кірген-тұғын. Қаңғырып, қаңғырып келді, өзі үйге кірді. Ешкім қол көтерген жоқ. Ешкім қатты сөйлеген де жоқ. Нұрисламды қорқытып қойған, олар", - деді қайынбикесі Айша.
Псилог болса ересектер ерегісінен үй, үй емес дала, жапа шегетін бала болатынын айтады.
"Себебі бала дұрыс өсуі үшін, ол балада бір ғана орта болуы керек. Ол бала қорғаныста, қауіпсіз ортада болу керек. Әкесі үніме анасын, баланың өзін ұрып отыратын ортада қауіпсіз сезімі болмайды. Ол сезім болмаған жерде бала сау болып өспейді. Психикасы сау болып өспейді", - деді отбасылық психолог Серікгүл Сали.
Ал көз жасы құрғамаған балалардың жан дүниесімен 40 күннен бері дағдарыс орталығының мамандары жұмыс істеп жатыр.