Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өмірбаянды қалай жазу керек: ережелері, үлгісі және түйіндеме үлгісі

Жұмыс істейтін адамдардың әрқайсысы өмірбаянды қалай дұрыс жазып, онда қандай мәліметтерді көрсету керегін білуі тиіс. Оны жиі жазуға тура келмегенімен, қажет кездері болады. Сондықтан өмірбаян жазу ережелерімен алдын ала танысып алған жөн. Stan.kz өмірбаян жазу ережелері мен үлгісін ұсынады. 

Түйіндеменің негізгі мақсаты өмірдегі жетістіктеріңізді көрсетіп, мансабыңыздағы маңызды сәттер туралы айту емес. Мұндағы мақсат басқа – кәсібилігіңіз бен жұмыс тәжірибеңізді көрсету. Жұмыс беруші түйіндемеңіз арқылы қызметте қандай мансапқа жеткеніңізді, әлеуетіңізді және өз компаниясындағы бос қызметке маман ретінде қаншалықты сәйкес келетініңізді түсінуі керек. 

Өмірбаян жазудың негізгі ережелері

Өмірбаян жазудың қатаң талаптары жоқ, алайда оны жазудың ортақ ережелерін білу міндет. Себебі аталған қағаз іскерлік құжаттар қатарына жатады. Өмірбаянға не жазу керек:

  • Өмірбаян ықшам әрі мағынасы кең болуы тиіс. Құжаттың оңтайлы көлемі – 1-2 бет. Тәжірибеде дәлелденгендей, көлемді «шығармалар» толық оқылмайды және автордың артықшылықтарын ашып көрсетпейді. Сондықтан жиі теріс әсер беріп жатады. 
  • Ақпарат беру түрі – ресми іс-қағаздар стилі. Өмірбаян қатесіз жазылуы тиіс. Себебі құжатпен танысу кезінде жазылған мәтін емес, оның берілу түру алғашқы әсер қалдырады. Сондықтан сауаттылық, мәтінді қабылдауға жеңіл етіп жазу жұмыс беруші алдында ұпай жинауға мүмкіндік береді.
  • Өмірбаян жазған кезде хронологиялық тәртіпті сақтаған дұрыс. Яғни мәтін уақытқа байланысты белгілі бір тәртіппен және логикаға сай етіп жазылуы тиіс. Мысалы, мектеп туралы жазғаннан кейін бірден қызметіңіз туралы сөз етіп, жоғары білім алу сияқты маңызды сәтті қалдырып кету дұрыс емес. 
  • Өмірбаян жазудағы маңызды нәрсе – құжатта көрсеткен мәліметтеріңіздің бәрі шындыққа сәйкес болуы тиіс. Өтірігіңіз ашылып, кез келген жалған мәлімет анықталған жағдайда, белгілі бір қиындықтар туындап, тіпті, іскерлік имиджіңізге нұқсан келуі мүмкін. Сонымен қатар өмірбаян жалған мәліметтер қалаған жұмыс орныңызға қол жеткізуде кедергі келтіруі мүмкін. 

Өмірбаян жазу үлгісі

Өмірбаянды қалай дұрыс жазу керегін түсіну үшін, оның жазылу үлгісімен танысып алыңыз:

Өмірбаян (үлгі)

Мен, Жансұлтанов Қайрат Бауыржанұлы, 1987 жылы 15 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келдім. 1994 жылы №2 орта мектепке бардым. 2004 жылы мектепті үздік тәмамдап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Журналистика» факультетіне түстім. 2008 жылы оқу орнын қызыл дипломмен бітірдім. Сол жылдың қыркүйек айынан осы күнге дейін «Алматы ақшамы» газетінде журналист қызметінде жұмыс істеймін. 

Сотталмағанмын.

1989 жылы 4 наурызда дүниеге келген Аманова Майра Думанқызымен некелескенмін. Ол Нұр-Сұлтан қаласында туылған. Мұғалім мамандығы бойынша жоғары білімі бар, мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Менімен бірге Алматы қаласы Төле би көшесі 20-үй 45-пәтерде тұрады. Балалармыз жоқ.

Қосымша мәліметтер:

Әкем: Есенбеков Бауыржан Жансұлтанұлы 1967 жылы 13 наурызда Семей қаласында дүниеге келген. Жоғары техникалық білімі бар, инженер болып жұмыс істейді. Алматы қаласы Сейфуллин даңғылы 15-үй 10-пәтерде тұрады. Сотталмаған. 

Анам: Орынтаева Зәуре Еркінқызы 1968 жылы 16 наурызда Атырау қаласында дүниеге келген. Жоғары экономикалық білімі бар, бас есепші болып жұмыс істейді. Алматы қаласы Сейфуллин даңғылы 15-үй 10-пәтерде тұрады. Сотталмаған.

Інім: Жансұлтанов Азамат Бауыржанұлы 1995 жылы 1 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Журналистика» факультетінің 3-курс студенті. Алматы қаласы Сейфуллин даңғылы 15-үй 10-пәтерде тұрады. Сотталмаған.

Енді сіз өмірбаянды қандай үлгі арқылы жазу керегін білесіз. Алайда мәліметтерді өзіңіздің жағдайыңызға байланысты нақтылап көрсету керек. Оқушыға өмірбаян жазғанда оқуда, үйірмелерде қандай жетістіктері бар екенін көрсеткені жөн. Сонымен қатар байқаулар, көрмелер, олимпиадаларға қатысқаны туралы жазып, жалпы білім берудегі қосымша шаралардағы белсенділігін көрсету керек. Егер оқушы спорт секцияларына барса, разрядтары және белгілі бір жетістіктері болса, бұл мәліметтерді де көрсеткен дұрыс. 

Студент өмірбаянға нені жазуы керек

Оқудағы жетістіктерінен бөлек, оқу кезінде жүргізілген ғылыми жұмыстары туралы мәлімет беру қажет. Сондай-ақ, конференцияларға, оқу орнының қоғамдық өміріне, өндірістік тәжірибеге қатысқаны жөнінде қысқаша мәлімет берген жөн. Студенттің өмірбаянында оқудың жеңіл түсіп, жоғары деңгейде білім алып жатқанын атап өткені маңызды. Сонымен қатар белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз, курстарға, спорттық шараларға, байқаулар мен оқу орнының қоғамдық өміріне қатысқаныңыз туралы мәліметке аса мән беріңіз. 

Жұмысқа орналасқан кезде өмірбаянды қалай жазу керек

Қалаған қызметіне орналасқысы келетіндер өмірбаян жазатын кезде нені білуі керек? Нақты үлгіні негізге алу үшін, өмірбаян үлгісімен танысуды ұсынамыз: 

Түйіндеме (үлгі)

Мен, Жансұлтанов Қайрат Бауыржанұлы, 1987 жылы 15 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келдім. ... (мұнан кейін жұмысқа орналасу тармағына дейін жоғарыда біз көрсеткен мәліметтерді келтіресіз). 2008 жылдың қыркүйек айынан осы күнге дейін «Алматы ақшамы» газетінде журналист қызметінде жұмыс істеймін. Жазған бірқатар мақалам оқырмандардың қызығушылығын тудырды: 24.01.2015 жылы 15-басылымда жарияланған «Билік пен заң», 12.07.2017 жылы 3-басылымда жарияланған «Жергілікті фаунаны қорғау», 18.04.2017 жылы 12-басылымда жарияланған «Ұлт мәселесі». Қызмет уақытында «Маманмен тілдесу» жобасын басқарып, қызметкерлердің шығармашылық тобының өмірінде сәтті жүзеге асырылды. Ол «Алматы ақшамы» редакциясының сайты үшін дайындалды. 

Біз аталған бөлімдегі қаралымға мониторинг жүргізіп, өткен және биылғы жылдардың 5 айының сараптамалық мәліметтерінің негізінде бірқатар тұжырым жасадық. Алған нәтижелеріміз мынадай: жобаны жүзеге асыру халықтың сайт парақшаларына кіру көрсеткішінің артуына алып келді. Соның нәтижесінде газеттің сатылымы 15%-ға өсті. Оған қоса аталған жоба «Жылдың үздік басылымы» байқауына қатысуымызға мүмкіндік берді. Байқауда бас жүлдені иеленіп, 50 қатысушының арасында көш бастадық. 

Өзіңіздің кәсіби қызметіңіз және жетістіктеріңіз туралы мәліметті осындай түрде берген дұрыс. Сонымен қатар бұрынғы жұмыс орныңызды ауыстыру сияқты маңызды жайтқа назар аударған жөн. Оның себебін қысқа әрі әдепті түрде жеткізіңіз. Егер жұмысыңызда дау туындап, қызметіңізден босатылған болсаңыз, басшыңыздың нашар болғанын және сізге әділетсіздік жасағанын жазудың қажеті жоқ. Оның орнына мәліметті әдепті түрде жеткізіп, өзіңізді дау шығаруға құмар, тәрбиесіз адам ретінде көрсетпеуге тырысыңыз. Бұл орайда мына тәрізді тіркесті пайдаланыңыз: «Бұрынғы жұмыс орнымнан кетуімнің себебі – еңбек шарттарының өзгеруі. Сондықтан маған әрі қарай жұмыс істеу мүмкін болмады». Сұхбаттасуға келгенде басшының бұрынғы жұмысыңыздан неліктен кеткеніңіз туралы сұрағына дайын болыңыз. Болған даудың мән-жайын түсіндірудің, оның үстіне басшының ішкі тәртіпті өзгертіп, тапсырмаларды арттырып, қызметтік міндеттерді кеңейтіп, жеңілдіктерді алып тастағанын және мұндай тәртіпте жұмыс істей алмайтыныңызды айтудың қажеті жоқ. 

Өмірбаян жазғанда тағы қандай мәліметтерді көрсету керек?

Егер жұмыс іздеп жүрген болсаңыз, әдетте өмірбаянды түйіндеме алмастыратынын біле жүріңіз. Түйіндемені жазғанда оның кейбір ерекшеліктері бар. Мысалы, ата-анаңыз, жұбайыңыз, балаларыңыз бен жақын туыстарыңыз туралы мәліметтерді көрсетудің қажеті жоқ. 

Бүгінде түйіндемеге өзіңіздің фотосуретіңізді қосып ұсыну кең етек алуда. Алайда мұнда да кей ережелерді сақтаған жөн: сурет бейтарап фонда түсіріліп, суретке түскен адам іскерлік киімде болуы тиіс. Егер сіз әйел адам болсаңыз, шаш үлгіңізді дұрыстап, бетіңіз бен тырнағыңызды тым көзге түсетіндей боямаңыз. Сонымен қатар көзге түсетін көлемді әшекейлерден де бас тарту қажет. 

Түйіндемеде бұрынғы жұмыс орныңызда берілген мінездемеге сілтеме жасап, ұсынымхатты ұсынған жөн. Бұл жұмыс берушіге сіздің кәсібилігіңізді «бірінші тұлғалар» арқылы бағалауға мүмкіндік береді. Егер сіз педагог, гуманитарлық немесе тар бағыттағы мамандық иесі болсаңыз, аталған тәжірибе тиімді болып табылады. 

Әдетте ұсынымхатты бұрынғы басшыңыз ұсынады. Алайда мінездемені фирманың директоры да бере алады. Егер сіз әскери борышыңызды өтеген болсаңыз, оны да түйіндемеде көрсетуді естен шығармаңыз. Әйелдерге жүктілік және босану бойынша еңбек демалысы туралы көрсеткен жөн. Түйіндемені жазушының қолы мен жазған мерзімі қорытындылайды.


Талқылау