Ауыр атлетикадан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынында 18 алтын, 6 күміс және 12 қола медаль бар
Фото: Қазақстан ауыр атлетика федерациясы баспасөз қызметі
Астанада өтетін жастар мен жасөспірімдер арасындағы ауыр атлетика бойынша Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының жас спортшылары сәтті өнер көрсетіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күш сынасқан 19 жастағы Ерасыл Саулебеков үш алтын жүлдені қанжығасына байлады. Ол жұлқа көтеру жаттығуында 153 келі, серпе көтеруде 191 келі көтеріп, қос сайыс қорытындысында жалпы 344 келіні еңсерді.
71 келі салмақта 17 жасқа дейінгі санатта бақ сынаған Әлихан Әскербай да қарсыластарынан оқ бойы озып, үш алтын медаль иеленді. Ол жұлқа көтеруде 141 келі, серпеде 169 келі көтеріп, салмағында толық үстемдік көрсетті.
Сондай-ақ Едіге Ембердінің өнері де назар аударарлық болды. Ол жұлқа көтеру кезінде 153 келіге, ал серпе көтеруде 194 келіге табан тіреп, Азия чемпионатының жаңа рекордын орнатты. Бұл нәтиже оған үш алтын медаль алып келді.
Осы жарыста 15 жастағы Ксения Прозорова да жоғары деңгейдегі нәтижемен көзге түсті. Ол Азия рекордына тең көрсеткіш көрсетіп, Қытай мен Өзбекстанның мықты спортшыларын артта қалдырды және үш алтын медаль жеңіп алды.
Бұған дейін 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 17 жасқа дейінгі қыздар арасында Кира Данилова қарсыластарының барлығын басып озып, абсолютті чемпион атанған еді.
Бүгінге дейін Қазақстан құрамасының қоржынында 18 алтын, 6 күміс және 12 қола медаль бар.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
