Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда 4 жасар бала 100 теңгені жұтып қойып, бір өлімнен аман қалды

Атырауда 4 жасар бала 100 теңгені жұтып қойып, дәрігерлердің арқасында бір ажалдан аман қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

18 қарашада сағат түнгі екі шамасында Атырау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне 4 жасар бала түсті. Алғашқы белгілері оның жағдайы ауыр екенін айқындады. Баланың тамақ, өңеш жолдары бітеліп, тамақ жүруі тоқтаған. Оның өңешіне 100 теңге тұрып қалғаны белгілі болды. 

Дәрігер Ербол Төлегенов эндоскопиялық құрылғының  көмегімен теңгені шығарып алды.

"Түнгі екілер шамасында жұмыстан қоңырау шалды. Жағдайды түсінген бойда, дереу ауруханаға келдім. Жүз теңгелік монетаның диаметрі кішкентай бала тұрмақ, үлкен адамның өңешін бітеп тастай алады. Бірақ, ата-анасының дер кезінде хабарласып, біздің мамандардың дер кезінде тиісті шараларды жүзеге асыруының  арқасында, қажетті медициналық процедура жүзеге асырылды. Баланы аман алып қалдық. Қазір, оның жағдайы жақсы, - деді эндоскопист.

Сәл болмағанда балаларынан қол үзіп қала жаздаған ана дереу келген жедел жәрдем қызметкерлеріне, дәрігерлерге рахмет айтты. 

'Баламның тиынды қай кезде жұтып қойғанын білмеймін, бір білетінім, бет әлпеті өзгеріп, жағдайы нашарлай бастағанда жедел жәрдем шақырдым. Одан кейін, жедел жәрдем ауруханаға апарды. Әйтеуір, аман алып қалды баламды. Сол себепті , дереу келген жедел жәрдем қызметкерлеріне де, тиісті ем-домын жасаған балалар ауруханасы дәрігерлеріне де  алғысым шексіз", - дейді әйел. 

Естеріңізге сала кетейік, осыған ұқсас оқиға бір ай бұрын Қарағандыда орын алды. Сол кезде дәрігерлер  бір жарым жасар қыздың асқазанынан 5 ине алып шықты.
 

Талқылау