Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан секілді бірлігі ұйысқан басқа елді білмеймін – Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының "Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу" атты ХХХІІІ сессиясының отырысы басталды. Президент еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, биылғы сессияны онлайн-форматта өткізу туралы шешім қабылдады. Stan.kz тілшісі Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Кристина Гринькомен тілдесіп, бүгін көтерілген мәселелерді бірге талдап көрді. 

Фото: Кристина Гриньконың жеке мұрағаты

Кристина – Қазақстан халықтары ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай мүшесі. Ол “Азаттық рухы” YouTube-арнасында ұлттар достығын нығайтуға, ел бірлігін көрсетуге арналған “Бірлік” бағдарламасын жүргізеді. Қазақ тілінде еркін сөйлейді.

“Адамдар қазақ тілінде сөйлеуден ұялмайтын болды”

Кристина қазақ тілін студент кезде үйренген. Оның тіл үйренуіне студент кездегі достары , ортасы әсер еткен көрінеді. Әріптесіміз кейінгі жылдары мемлеттік тілді үйренуге деген сұраныс артып келе жатқанына қуанамын дейді. 

“Маған бүгін мемлекет басшысының “қазақ тілі этносаралық қатынас тіліне айналуы мүмкін” деген пікірі ұнады. Мемлекеттік тілді білу – менің дамуыма, өсуіме көп әсер етті деп айта аламын.

Жыл сайын қазақ тіліне деген сұраныс артып келеді. Көптеген қазақстандық мемлекеттік тілді білу қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Бұл – өте қуанарлық жағдай. Қазақ тілі этносаралық қатынас тіліне айналады деп мен де сенемін, шамалы уақыт керек деп ойлаймын. Азаматтарымыз этнос пен ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді білуі керек”, – дейді ол. 

Спикеріміз тырысып жүргендердің қатарында балалар ғана емес, үлкен, ересек адамдар да бар дейді. Олардың қорықпай осы істі қолға алғанының өзі – батырлық.

“Бәрі тырысып жатыр. Бұрын көбі қазақ тілін түсінгенімен сөйлемейтінін байқайтын едім. Журналист болғаннан кейін түрлі адамды кездестіремін. Олардан “неге сөйлемейсіз” деп сұрағанда “ұяламын” деп жауап беретін. “Күледі” деп қорқатын. Шын мәнінде ешкім күлмейді. Кейінгі бірнеше жылда адамдар қысылуды қойғанын көріп жүрмін. Өте керемет қой! Себебі бәріміз оңай болмайтынын, кейде қиындықтар туындайтынын білеміз. Тек қысылмай сөйлей беру керек. Бір-бірімізге күлмей, қолдау білдіру керек. Сол кезде қазақ тілі этносаралық қатынас тіліне айнала алады. 

Кристина орыс мектебін бітірген. Мектептен кейін Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжіне түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алған. Ол кезде мүлдем қазақша сөйлей алмаған екен. “Түсінік қана болды. 4 жыл оқимын деп еркін сөйлеп кеттім ғой. Негізгі керегі орта деп ойлаймын. Орта болса үйреніп кету өте жеңіл болады” дей ол. 

“Су тасқыны болған кезде Ассамблея волонтерлері алдыңғы шепте қызмет етті”

Кристинаның пікірінше, біздің ең негізгі байлығымыз – бірлік. 

Бүгін Ассамблеяның 32-сессиясы өтті, бұл – елдегі маңызды саяси оқиға. Әсіресе елде, әлемде түрлі жағдайлар болып жатқанда оның өткені дұрыс деп есептеймін. Қазір біз қолда бар байлығымызды сақтауымыз керек. Қолда бары – ел бірлігі”, – деп атап өтті ол.

Ассамблея мүшесі ретінде оған Урмашев Александрдің бүгінгі волонтерлер туралы айтқан сөзі ұнапты. Урмашев осындай қиын сәтте ассамблея волонтерлері қалай еңбек еткенін айтып берген. 

“Елде су тасқыны болған кезде ассамблея алдыңғы шепте қызмет етті. Қателеспесем, Қазақстанның түкпір-түкпірінен 12 мыңға жуық волонтер тартылды. Өңірлердегі халыққа ассамблеясы өкілдері 1,5 тонна азық-түлік, ең қажет өнімдер жіберді. Олар күні-түні еңбек еткен. Мемлекет басшысы айтқандай, ең бастысы – бірлік. Біз осындай қиын-қыстау кезде бірлігімізді сақтап қалдық деп ойлаймын. Себебі Қазақстан халқы үнемі мейірімділігімен, татулығымен ерекшеленеді”, – дейді ол. 

“Ассамблея жасанды ұйым емес”

Спикеріміз президенттің “Ассамблея кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес” деген пікіріне тоқталып өтті.

“Солай ойлайтындар бар шығар. Бірақ біреу білсе, біреу білмес, ассамблея ел бірлігін нығайту үшін тынбай жұмыс атқарып жатыр және бірнеше жылдан бері осы бағытта еңбек етіп келеді. 

Мәселен, еліміздің әр өңірінде “Достық үйі” бар. Ол жерде қызметкерлер татулық пен ынтымақтастықты арттыру үшін жұмыс істейді. Онда кез келген ұлттың адамы келіп, өзін алаңдатқан кез келген сауалға жауап алады. Ассамблея – халықтарымызды біріктіретін институт деп айтамын үнемі.

Мен түрлі талқылауларға қатысамын, жиналыстар болады. Су тасқыны болған кезде, кім қай өңірге барады, соны ақылдасып отырдық. Мен журналист ретінде “Азаттық Рухы” YouTube-арнасына материал дайындаймын. 

Біздің арна ай сайын шығарылым жасайды. Тақырыбы – “Бірлік”. Сол тақырып аясында қызықты материалдар жасаймыз”, – дейді ол. 

“Ақпыз, қара, сарымыз – ағайынбыз бәріміз”

Оның сөзінше, кейде біреумен әңгімелесіп отырып ол орысша сөйлеп, оған қазақша жауап беріп отыратын кездері де болады екен.

“Кейбіріне ойын жеткізуі қиын. Мен “сіз айта беріңіз, мен толықтырамын” деймін. Яғни, бізге бір-бірімізді қолдау маңызды.

Бәріміз Қазақстанда тұрамыз. Бәріміз қазақтың, орыс болсын, украин халқының болсын салты мен дәстүрін құрметтейміз. Пасхада қазақтар жұмыртқа бояп, біз Наурызды күліп-ойнап тойлап жүреміз. Бәріміз бір отбасы боп кеттік. Бір-біріміздің мәдениетімізді танып алдық.

Мен сонша ұлт бола тұра, бірлігі ұйысқан, бір-біріне қонаққа барып, етене араласып кете алған әлемде басқа елді білмеймін. Бұл туралы көп айтуға болады. Не болса да біз біргеміз”, – дейді ассамблея мүшесі. 

Талқылау