Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шетел азаматы SMS-бластер арқылы қазақстандықтардың жеке дерегін ұрламақ болған

алаяқ смс бластер
Фото: видеодан скриншот

Астанада алаяқтар төрт күн ішінде 150 мыңға жуық адамға жалған SMS жіберіп, банк карталарының деректері мен SMS-кодтарды қолға түсіруге тырысқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астана қаласының прокуратурасының мәліметінше, биыл қаңтар айында Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінің азаматы ақшалай сыйақы үшін Қазақстан Республикасының аумағында заңға қайшы қызметті ұйымдастыруға жергілікті тұрғынды тартқан.

“Қылмыстық схемаға жабдықтың жұмысын қамтамасыз еткен басқа да адамдар тартылған. Құқық бұзушылар ұялы байланыс базалық станциясының жұмысын имитациялайтын және операторлардың сүзгілеу жүйелерін айналып өтіп, хабарламаларды жаппай таратуға мүмкіндік беретін "SMS-бластер" құрылғысын пайдаланған. Төрт күн ішінде Beeline, Kcell және Activ операторларының абоненттеріне белгілі компаниялардың атынан бонустарды айырбастау туралы ұсыныстармен шамамен 150 мың фишингтік SMS-хабарлама жіберілген”, – деп жазылды хабарламада. 

Осылайша қаскөйлер сілтемеге өткен кезде пайдаланушылардың дербес және банктік деректерін, оның ішінде төлем карталарының деректемелерін, CVV кодын және SMS арқылы жіберілген растау кодын енгізу талап етілген азаматтардың құпия ақпаратына және олардың банктік қаражатына қол жеткізген.

“Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі SMS-бластерді тәркіледі. Жүргізілген сараптама нәтижесінде аталған құрылғы жедел-іздестіру іс-шараларын және жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге арналған арнайы техникалық құрал болып табылатыны анықталды. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 399-бабының 2-бөлігі, яғни "Ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды заңсыз дайындау, өндіру, сатып алу, өткізу немесе пайдалану" бойынша тергелуде”, – деп жазды хабарламада.

Қазір төрт күдікті қамауда отыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 20 Тамыз, 2026 12:35