Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ Конгресінде Қазақстанның рөлі төрт сағатқа жуық талқыланды

талқы
Фото: nationalaffairs.com

Қазақстанның жаһандық жеткізу тізбегіндегі рөлі АҚШ Конгресінде өткен тыңдауда талқыланды. Төрт сағатқа жуық уақытқа созылған жиында еліміздің маңызды минералдар нарығындағы әлеуетіне ерекше назар аударылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Маңызды ресурстарға қолжетімділікті және жеткізу тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі стратегиялық серіктестік” тақырыбындағы тыңдауда АҚШ-тың тау-кен өнеркәсібін дамыту, шикізатты өңдеу қуаттары, Африка елдерімен ынтымақтастық және сауда саясаты секілді мәселелер қаралды. Жиында Қазақстан жиі мысалға келтірілген елдердің бірі болды.

Тыңдау АҚШ Конгресі делегациясының Қазақстанға жасаған сапарынан бір апта өткен соң ұйымдастырылды. Делегацияны комитет төрағасы Джейсон Смит басқарған.

Талқылау барысында Қазақстан АҚШ-тың жеткізу тізбегіне қазірдің өзінде қатысып отырған сенімді серіктес ретінде сипатталды. Джейсон Смиттің айтуынша, АҚШ-қа импортталатын уранның төрттен бірінен астамы Қазақстанның үлесіне тиеді.

АҚШ-тың бұрынғы елшісі, Атлантикалық кеңестің Еуразия орталығының аға директоры Джон Хербст Қазақстанды әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел, марганец қоры бойынша екінші орында тұрған мемлекет әрі титан өндіруден жетекші елдердің бірі ретінде атады.

Оның айтуынша, АҚШ Орталық Азиядан минералды шикізатты өте аз көлемде импорттайды. Қазір оның үлесі небәрі 2,1% болып отыр.

Хербстің пікірінше, бұл көрсеткіш америкалық компаниялардың өңірдегі қатысуын кеңейтуге үлкен мүмкіндік береді. Себебі Орталық Азия елдері инвестиция мен технология тартуға, Ресей мен Қытайға тәуелділігін азайтып, экономикалық байланыстарын әртараптандыруға белсенді түрде ұмтылып отыр.

Қазақстанның транзиттік әлеуеті де аталды

Қазақстанның маңызын арттыратын факторлардың бірі – ел аумағы арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағыты. Ол Орталық дәліз деп те аталады.

Қатысушылар бұл бағыттың Орталық Азия мен Батыс нарықтарын байланыстыратын маңызды көлік дәлізі ретіндегі рөлі артып келе жатқанын айтты. 

Джексон-Вэник түзетуі де талқыланды

Қазақстанға қатысты тыңдаудағы негізгі саяси мәселелердің бірі Джексон-Вэник түзетуі болды.

Шақырылған бес сарапшының үшеуі Қазақстанға және Орталық Азиядағы талаптарға сай келетін басқа да мемлекеттерге қатысты Джексон-Вэник түзетуінде қарастырылған шектеулерді алып тастауды тікелей қолдады. Тағы бір сарапшы Конгресті мұндай мүмкіндікті қарастыруға шақырды. Бұл ұстанымды екі партияның өкілдері де қолдады.

Джейсон Смит Орталық Азияға жақында жасаған сапары кезінде өңір елдерінің кеңестік кезеңнен қалған бұл шараны экономикалық байланыстарды тереңдетуге кедергі ретінде қабылдайтынына көз жеткізгенін айтты.

Джон Хербст Конгресті Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдеріне қатысты Джексон-Вэник түзетуінен қалған шектеулерді жоюға шақырды.

Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының штаттан тыс аға кеңесшісі Дэниел Рунде Конгресті Қазақстанға тұрақты қалыпты сауда қатынастары режимін беруге шақырды.

Ол Орталық Азия елдері Вашингтон, Мәскеу және Бейжіңнің бірін таңдауға мәжбүр болмауы керек екенін айтты. Рунде Джексон-Вэник түзетуін 35 жылдан бері тәуелсіз мемлекет болып келе жатқан және эмиграция еркіндігіне қатысты бастапқы талаптарды әлдеқашан орындаған елдермен қарым-қатынасты реттейтін ескірген механизм деп атады.

Оның пікірінше, түзетудің күшін жою АҚШ-тың өңірмен заманауи серіктестік орнатуға дайын екенін көрсетер еді.

Тыңдау барысында кемінде алты комитет мүшесі қолданыстағы шектеулерді жоюға шақырып, бұл бастамаға екі партия өкілдерінің де қолдау білдіретінін көрсетті.

Конгресс мүшесі Кэрол Миллер Джексон-Вэник түзетуін америкалық инвесторлардың қызметін тежейтін ескірген шара деп атады.

Ал конгрессмен Джимми Панетта Қазақстанды қолдайтын ең кең ауқымды уәждердің бірін келтірді. Ол “АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда қатынастарын жаңғырту туралы” заң жобасының авторы ретінде шектеулерді алып тастау көп шығынды қажет етпейтін, бірақ екі елге де айтарлықтай экономикалық, стратегиялық және дипломатиялық пайда әкелетін қадам екенін айтты.

Панетта Джексон-Вэник түзетуі Қазақстанға әлі де қолданылатынына назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстан 1990 жылдардан бері түзетуде көзделген эмиграция еркіндігіне қатысты талаптарды тұрақты түрде орындап келеді.

Сонымен қатар ол Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше екенін және президент Тоқаевтың басшылығымен жүріп жатқан реформаларды айтты. Олардың қатарында сот және құқық қорғау жүйелеріндегі өзгерістер мен президенттік өкілеттіктің бір ғана жеті жылдық мерзіммен шектелуі бар.

Панетта Қазақстанды географиялық орналасуына байланысты бірқатар шектеулерге қарамастан, АҚШ-пен қарым-қатынасын жақындатуға ұмтылып отырған мемлекет ретінде сипаттады.

“АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда қатынастарын жаңғырту туралы” заң жобасының алғашқы авторларының бірі, конгрессмен Том Суоззи де Демократиялық партия атынан бастаманы қолдады.

Ол Қазақстанның Ресей және Қытаймен тығыз экономикалық байланыстарына қарамастан, АҚШ-пен жақындасуға ұмтылып отырғанын айтты. Суоззи өз ұстанымын Қазақстандағы реформаларға, діни ашықтыққа және елге жасаған сапары кезіндегі жеке әсерлеріне сүйеніп түсіндірді.

Конгресс мүшесі Клаудия Тенни, “АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда қатынастарын жаңғырту туралы” заң жобасының бірлескен авторы ретінде, шектеулерді алып тастауды қолдады.

Конгрессмен Блейк Мур тұрақты қалыпты сауда қатынастары режимін беру Орталық Азия елдеріне экономикалық мүмкіндіктер аясын кеңейтуге жол ашатынын айтты.

Ал конгрессмен Дон Бейер АҚШ әкімшілігінің сауда саясатын кеңінен сынға алғанына қарамастан, өңір елдеріне қатысты Джексон-Вэник түзетуіндегі шектеулерді алып тастауды негізді бастама деп атады.

Қазақстанның рөлі талқылаудан кейін қалай бағаланды?

Тыңдау қорытындысында Қазақстан тек шикізат жеткізуші ел ғана емес, Орталық Азиядағы жетекші мемлекет, АҚШ-тың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды серіктес, Транскаспий көлік бағыттарының негізгі буыны және экономикалық дербестігін арттырып, Вашингтонмен ынтымақтастығын тереңдетуге ұмтылған ел ретінде сипатталды.

Айта кетейік, бұған дейін рамп Қазақстаннан жасанды интеллект бәсекесінде АҚШ пен Қытайдың бірін таңдауды талап ететіні айтылған еді.  

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 05 Қыркүйек, 2026 16:20