Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында кене шаққаннан кейін жасөспірім жансақтау бөліміне түсті

Кене энцефалиті студент
Фото: magnific.com

Ақмола облысында 17 жастағы жасөспірімді кене шағып алды. Ол кене энцефалитін жұқтырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жетінші арнаға” сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазір ол облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оған "кене энцефалиті" диагнозын растады.

Мамандардың айтуынша, 16 мамыр күні студент орманда жүргенге кене шаққан. Алайда жігіттің отбасы бұл туралы ешкімге хабарламаған. Соның салдарынан жағдайы ауырлай берген. Қазір дәрігерлер асқынған инфекцияның ауыр зардаптарының алдын алуға тырысып жатыр.

Жалпы өңірде қауіпті жәндіктердің шағуынан шамамен бес жүзге жуық адам зардап шеккен. Олардың үшеуінде кене энцефалиті расталды. Олар – Бурабай және Сандықтау аудандарының тұрғындары. Қазір олар қажет ем қабылдап жатыр.

"Кене шаққаннан кейін ешқандай белгі болмауы мүмкін. Адам өзін ауырмадым деп ойлайды. Әдетте, алғашқы белгілер жеті-он күн аралығында пайда болады. Вирусты кене энцефалитінің асқынулары өте әртүрлі болады. Ол орталық жүйке жүйесіне – ми мен жұлынға әсер етеді. Салдары қайтымсыз болуы мүмкін", – дейді Облыстық балалар ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Ербол Жұмағалиев.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының Stan.kz редакциясына берген жауабында баланың ауыр жағдайда жатқанын айтылған.

“17 жастағы бала жансақтау бөлімінде жатыр. Алдын ала қойылған диагноз – кенелік вирустық энцефалит. Қазір жағдайы ауыр, есін білмейді деп бағаланып отыр. Облыстық балалар ауруханасының базасында барлық қажетті тексерулер мен емдеу шаралары жүргізіліп жатыр”, – деп хабарлады ведомство.

Бұған дейін Қазақстан шекарасының маңынан қауіпті кене түрі табылған еді. Ресейдің оңтүстік өңірлерінде, Қазақстан шекарасына жақын аумақтарда мутант кене, яғни өрмекші тәрізді Hyalomma анықталды. Ол басқа кенелерден жылдам, әрә және бірнеше шақырымнан адамның ізіне түсе алады.

Айым Болатқызы
Жұма, 29 Мамыр, 2026 08:24