Алматыда 70 адам коронавируске шалдықты деген видео жалған - Денсаулық сақтау министрлігі
Алматыда 70-ге жуық адамнан коронавирус анықталды делінген видео әлеуметтік желіні шулатты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі айтылған видеоның жалған екендігін жеткізді.
Әлеуметтік желіде тараған видеода әлдебір ер азамат өзін елордалық дәрігермін деп таныстырып, коронавирустың Алматыда 70-ге жуық адамға жұққанын айтқан. Бұған қоса ол осыған байланысты дүйсенбіден 10 күнге ақысыз демалысқа шығамын дейді.
«Қазақстанда коронавирустық инфекция тіркелгемеген. Естеріңізге сала кетейік, жалған ақпарат таратқандар ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ресми ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook-тегі парақшасынан оқи аласыздар және тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 байланыс-орталығына қоңырау шалуға болады», - деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Видеоның авторы Алматы облысының тұрғыны болып шыққан.
"Тексеру шаралары барысында бейнежазбадағы ер азаматтың кім екендігі анықталды. Ол 1980 жылғы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталық ауруханасының дәрігер гинекологы болып шыққан. Қазір ол тергеліп жатыр. Өзінің жалған ақпарат таратқандығын толығымен мойындап, өз ісіне өкінетіндігін жеткізді. Алдағы уақытта ер азаматқа тағайындалатын жаза анықталатын болады", - деді Алматы облысының ПД басшысы Серік Күдебаев.