Ақтөбеде премиум санаттағы үйге ақша салғандар 2 жылдан бері баспаналарына кіре алмай жүр
Ақтөбеде 60-қа жуық үлескер екі жылдан бері үйлеріне кіре алмай жүр. Премиум санаттағы баспананың жарты ақшасын алдын ала берген жұрт компания құрылысты созғанына наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Ақтөбенің Батыс-2 ауданында салынып жатқан премиум санаттағы үйдің алдына 60-қа жуық үлескер апта сайын жиналады. Компанияға бар ақшасын салған жұрттың төзімі таусылды. Пәтер жалдауға мәжбүрміз дейді. Олар жаппай полицияға арыз жазып жатыр.
Марат Ахметов ескі баспанасын сатып, 9 миллион теңгесін жарнамасы жер жарған құрылыс компаниясына берген. Келісім бойынша жаңа пәтер екі жыл бұрын берілу керек екен, бірақ құрылыс әлі аяқталмаған.
“2022 жылдың соңғы төртінші тоқсанында үй бітеді деген. Содан бері үйге кіре алмай жүрміз. Бір жылдан асты. Құрылыс мүлдем тоқтап қалды. Біз сияқты біраз адамдар сандалып жүр. Соңғы ақшасын салып жіберіп, міне енді үйге кіреміз деп екі жылдан бері пәтер жалдап қиналды. Неге бұның мәселесін қарамайды?” – деді үлескер Марат Ахметов.
“Ақшаны желтоқсан айында салдым. Содан бері күтіп жүргенімізге екі жарым жыл болды. Кілтімізді әлі алған жоқпыз. Үй салатындар ақша жоқ дейді. Енді пәтер жалдап жүрміз. Бала-шағам бар. Әйелімнің аяғы ауыр. Қиын болып кетті. Сотқа арыз жаздық. Бір айдың шамасы болды, ешқандай жауап жоқ”, – деді үлескер Мерғали Жалмағамбетов.
Бес қабатты баспананың құрылысы аяқталуға жақын. Оны салып жатқан компания үлескерлерді сабыр сақтап, күтуге шақырады. Құжат бойынша әлі уақыт бар дейді.
“Мемлекеттік архитектура органының талоны бойынша "Қазына Премиумның" бітетін мерзімі – 2024 жылы 31 желтоқсан. Осыған дейін компания құрылысты бітіру керек. Сондықтан да қазір уақыт әлі бар. Құрылысты тоқтатқан жоқ. Құрылыс жүргізіліп жатыр. Қазір екінші корпуста терезелерді қондырып жатыр”, – деді құрылыс компаниясының заңгері Гүлмира Сүндетбаева.
Алданып қалудан қорқатын халық полицияға жаппай арыз жазып жатыр. Ал тәртіп сақшылары "алаяқтық" бабы бойынша іс қозғап, тергеуді бастап кетті.