Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақылды, парасатты адам": Беларусь президенті Лукашенко Тоқаевты әбден мақтады (видео)

Фото: news.mail.ru

Беларусь президенті Александр Лукашенко Тоқаевты ақылды адам деп атап, оның қытай тілін білетінін ерекше атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мұны Лукашенко “Великий камень” Беларусь–Қытай индустриялық паркінің жаңа басшысын тағайындау барысында айтты. Аталған қызметке бұрын Қытайдың Гонконг арнайы әкімшілік аймағында (Сянган) ұзақ уақыт бойы Беларусьтің бас консулы қызметін атқарған Татьяна Харлап тағайындалды. 

Тағайындау кезінде Лукашенко Татьяна Харлаптан қытай тілін білетін-білмейтінін сұрады. Осы тұста ол Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен болған жеке әңгімесін еске алды.

“Ол қытай тілін үйрену үшін ең бастысы қорықпау керегін айтты. Біз иероглифтерді салу үшін суретші болу керек деп ойлап, қорқамыз. Негізі бастысы қорықпау”, – деді Лукашенко.

Беларусь президенті индустриялық парк басшысына қытай тілін білу маңызды екенін айтты. Сондай-ақ үлгі ретінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты мысалға келтірді.

“Құмыраны Құдай емес, адам күйдіреді. Қазақстан президенті Тоқаев аудармашы болып жұмыс істеген, қытай тілін жетік біледі. Қазақстанның президенті ақылды, парасатты адам. Мен солай ойлаймын. Құдай емес қой, бірақ өзі үйренген. Демек, үйренуге болады”, – деді Лукашенко.

Беларусь-Қытай “Великий камень” индустриялық паркі Минск пен Пекин арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың ең ірі жобасы. Оның құрылысы 2015 жылы басталған. Бүгінде парк жоғары технологиялы халықаралық бизнес алаңына айналып, онда 160-тан астам резидент жұмыс істейді.

Айта кетейік, бұған дейін Былтыр наурыз айында Александр Лукашенко Минскідегі Тәуелсіздік сарайында рәсім жасап, жетінші рет Беларусь президенті қызметіне кіріскені туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 16 Қаңтар, 2026 17:24