Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баланы уақытында сөйлеуге үйретудің құпиясы

Белгілі педагог  Сухомлинский « Баланың ақылы –  саусағының ұшында» деген екен.

доп2

Педагогтың бұл тұжырымының рас екенін, қазір түрлі ғалымдардың өткізіп жүрген тәжірибе жұмыстары да растап жатыр. Педагогтар мен логопедтер, дефектологтар «су-джок» терапиясын қолданады. Stan.kz бүгінде көптеген ата-ананың үлкен мәселесіне айналған жағдай бойынша,  назарларыңызға қарапайым әрі өте пайдалы кеңестерді ұсынады.

«Су-джок» сөзінің өзі адамның табаны мен алақаны деген сөз. Соңғы кездері мамандар әсіресе, балалардың алақаны мен табанын жұмсақ мүйізшелері бар доптармен жаттықтырады. Ол алақанға жұмсақ тиеді, балаларға қызықты әрі кішкентай мүйізшелері саусақ арасындағы бұлшық еттердің жұмысын жақсартады.

Су-джок терапиясының практикадағы пайдалы қасиеттері:

  • Баланың ертерек сөйлеуіне ықпал етеді
  • Алақан мен табандағы нүктелерді қозғау арқылы,миға сигнал түсіреді
  • Сөздің анық, дұрыс шығуына әсері мол

Ашық түсті, мүйізді доптармен ойнаған баланың ойлау қабілеті де ертерек дамиды:

  • Баланың бұлшық ет тонусын ретке келтіреді.
  • Алақандағы нүктелер арқылы ми дамуын жылдамдатады
  • Баланың есіту,сөйлеу қабілетін ашады
  • Сезімталдықты оятады

Жұмсақ доптармен массажды төмендегідей ойындар арқылы жасаған пайдалырақ.

доп4

1. Жұмсақ допты алақанға салып, жоғары- төмен домалатады.

2. Допты алақанға салып, екі қолдың саусақтарын біріктіріп, айналдыру керек.

3.Допты  екі қол саусақтарының ұшымен ұстап, оңға қарай айналтыра домалату керек.

4. Допты екі қол саусақтарының ұшымен ұстап, қысып-босатып жаттығу жасау керек. Сондай-ақ, бұл қимылды бірнеше мәрте қайталаған дұрыс.

5. Саусақ ұшымен допты ұстап,солға қарай бұрау керек.

6. Допты жоғарыға 20-30 см қашыққа лақтырып, қағып алу жаттығуын жасаңыз.

7. Алақанға допты алып, қос қолдың саусақтарын бір біріне кигізу керек. Допты алақанмен  қысып- босатып бірнеше мәрте қайталау керек.

8. Жұмсақ допты бір қолдан екінші қолға ауыстырып ойнаймыз. Бұл кезде уақытына қарай жылдамдықты арттыру керек.

Жасына толмаған баланың миын дамыту үшін, саусақтарын қозғалта отырып айтатын өлең немесе ертегілерді пайдаланыңыз.

Мысалы: Баланың қолын өз алақаныңызға қойып, саусақтарын таныстырыңыз.

Бас бармақ, балан үйрек,ортан терек, шылдыр шүмек, кішкентай бөбек. Міне осы атауларды айта отырып, сіз баланың саусағына массаж жасайсыз.

Қазақта ежелден баланың ойлау, сөйлеу қабілетін арттыру үшін ойын барысында айтылатын мынадай өлең жолдары да бар:

Қуыр, қуыр, қуырмаш,

Қане, балам, көңіл аш.

Бас бармағың атаң,

Құрметте оны, ботам.

Балан үйрек апаң,

Еркелегін, ботам.

Ортан терек әкең,

Әкеңдей бол бекем.

Шылдыр шүмек анаң,

Сыйла оны, балам.

Кішкентай бөбек өзің,

Қуанатын көзім.

Немесе,алақаннан жоғары қарай білектің, шынтақтық бұлшық еттерін қозғау жаттығуларына арналған әндер де бар.

Мына жерде атасы бар,

Мына жерде апасы бар,

Мына жерде әкесі бар,

Мына жерде анасы бар,

Мына жерде өзі бар,

Мына жерде күлкінің көзі бар.

Қазір балаларға арналған тура осы жұмсақ доптың сақина, білезік тәрізді үлгілері де бар. Олардың түстері де алуан түрлі. Сол ойыншықтарды пайдалана отырып, түрлі ойындар ойлап табуға болады.

Перзентіңіз балабақшаның жоғарғы тобына баратын болса, жұмсақ доппен алақанға әріптерді жазуға болады.

Сақиналарды баланың есте сақтау қабілеті мен, зейінін дамытуға қолданыңыз.

доп6

Мысалы, қызыл сақинаны оң қолыңның, ортан терегіне кигіз деген тапсырма. Немесе ересек адам өз саусағына сақинаны киіп, балаға жасырсын. Міне осы кезде бала түсті үйренеді, оң мен сол қолды ажыратады, саусақтардың атауын үйренеді. Әрі есте сақтау қабілетін жаттықтырады екен.

Бұл жаттығуларды қазіргі кезде логопедтер жиі қолданады екен. Егер сіз балаңызды кішкентай кезінен осындай ойындарға баулып өсіретін болсаңыз, кейіннен шығатын біраз мәселенің алдын аларыңыз анық.

Оқи отырыңыз:

Алматының әскери қызметкері қос бүлдіршінді өлімнен құтқарып қалды

Құжатын жоғалтқан қазақстандық отбасы балаларын мектепке оқыта алмай жүр

ОҚО-да мұғалімдер сағатын көбейту үшін сау балалардың тағдырын ойыншық қылған

Мәдина Сәдуақасова өзін күйеуімен табыстырған жандарға алғыс айтты

Талқылау