Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлыбритания қазақстандықтар үшін маусымдық жұмыс визасының мерзімін ұзартты

Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Қазақстан үшін "маусымдық жұмыс визасы" бағдарламасының мерзімі ұзарғанын жария етті. Статистика бойынша екі жыл бұрын британиялық фермаларға 400-ге жуық қазақстандық тартылса, былтыр бұл көрсеткіш 2 700 адамға жуықтапты. Енді маусымдық виза жобасы аясында бұдан да көп еңбек мигранты келуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: transfergo

Қазақстандықтар үшін маусымдық жұмыс визасы жобасының мерзімі ұзарады. Бұл туралы Ұлыбританияның сыртқы істер министрі айтып, еңбек мигранттарының құқығына қатысты мәселенің барын да айтып қалды. Сол себепті бұл мәселені бірлесіп реттеу керек деді саясаткер.  

"Бірақ ең бастысы, жұмысшылардың құқығы қорғалып, арадағы ашкөз делдалдардың оларды шығынға батыруына жол бермеуіміз қажет. Сіздермен бірлесе отырып, мұндайды болдырмаудың амалын тауып, жалпы заңсыздыққа төтеп бергеніміз жөн. Адамдардың біздің елде жайлы сезініп, жақсы тәжірибе жинап, әрі тапқан нәпақасын шашау шығармай елге жеткізгенін қалаймыз", – деді елдің сыртқы істер министрі.

Еуропалық Одақтан шыққалы Ұлыбританияда жұмыс күшіне сұраныс күрт артқан. Мәселен, 2019 жылы 2500-ге жуық маусымдық жұмыс визасы берілсе, 2021 жылы он есе ұлғайып, 25 500-ден асты. Былтыр 32  700-ден аса еңбек мигранты осы визаға қол жеткізіпті. 

Маусымдық жұмыс визасы британиялық бау-бақша мен құс шаруашылығының ісін дөңгелетуге беріледі. Жұмыстың түріне қарай рұқсатнама үш айдан алты айға дейінгі мерзімге белгіленген. 



Айта кетейік, Focus on Labour Exploitation, қысқаша FLEX атты саяси зерттеу ұйымы тақауда еңбек мигранттарының мәселесіне қатысты баяндама жариялады. 399 сауалнама мен 83 еңбек мигрантынан алынған сұхбаттан біраз нәрсені түйіндепті. 

Баяндаманың төртінші бетінде Әмина есімді отандасымыздың цитатасы қойылған. Онда Ұлыбританияда жұмысқа тұру үшін қазақстандықтар дүние-мүлкін сатып, жұмысынан кетіп, қарызға несие алғаны айтылады. Сөйтіп белшесінен пайдаға батанына сеніп келген. Ал түптеп келгенде жағдай олай болмай шықты. 

Зерттеу көрсеткендей, сауалнамаға қатысқан жұмысшылардың көбі Ұлыбританияға келу үшін қарызданған. Тіпті кей жұмысшы шығынын өтеу үшін мыңдаған фунт стерлинг төлеген. Осы шығындарды толығымен жабу үшін несие алуына тура келген. Бұл берешегі бар жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы одан әрі нашарлап, қарыздан құтылу мүмкіндігін төмендетуі мүмкін. Аталған мәселенің шешімін табу үшін әрі қарай талдау жүргізу қажет. Дегенмен зерттеуге қатысқан операторлар мен делдалдар жұмысшыларды Ұлыбританияға келу шығынынан босату идеясын қолдап отыр.

Айжан Қамзанова Лонданнан 200 шақырым жердегі бау-бақша фермасында еңбек етіп жүр. ТМД елдерінен Тұманды Альбионға келген жұмысшылармен бірге бүлдірген мен таңқурай жинайды. Айжанның айтуынша, араларында 40 шақты қазақстандық бар.

Ағылшын фермасының жұмысшысы Айжан Қамзанова бастапқыда жұмыстың ауыр болатынын айтты.

"Жұмыс әрине бастапқыда ауыр болды. Денеміз үйрене алмай, біраз уақыт шаршап, аяғымыз ауырып, жылдамдық үшін тез-тез істеген қолдарымыз ауырды. Қазір үйреніп те алдық. Келгенімге бір жарым айдай болды. Қарыздарымды жіберіп, ендігі жинап бастап жатырмын", – деді Айжан Қамзанова.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық әйел күйеуімен бірге Ұлыбритания маусымдық жұмыстардан 6 айда 8 миллион табыс тапқаныны туралы жаздық.

Талқылау