Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қала тұрғындарын Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Қадірлі жерлестер! Бүгін Ұлы Жеңіске – 80 жыл. Баршаңызға мерейтой құтты болсын! Ақтөбе өлкесі – талай батырлар мен ержүрек ұл-қыздарды түлеткен киелі мекен. Кеңес Одағының құрамына кірген елдердің ортақ қасіретіне айналған зұлмат соғысқа өңірден 122 мың жауынгер шақырылды. Сол боздақтарымыздың 36 мыңнан астам майдан даласынан елге оралған жоқ. Сұрапыл қан майданда ерлік көрсеткен 35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры атанса, 8-і — "Даңқ" орденімен марапатталды. Биыл – қан майданда ел үшін жанын берген қаһарман қыз, Шығыстың қос шынары, Кеңес Одағының Батыры – Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл. Апамыздың есімін ұлықтау – бізге абыройлы міндет.
Отан алдындағы парызын адал атқарып жүрген азаматтарға, ел тыныштығын күзеткен ерлерге деген құрметтің айшықты белгісі болған Отан қорғаушылар күнінде еліміздің әскери әлеуеті мен қорғаныс қабілеті паш етілді. Әскери парад – еліміздің бейбіт болашағына деген сенімнің, әскери қуатымыздың және ұлттық рухымыздың айқын көрінісі болды. Мемлекет басшысы бір сөзінде "Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз!", - деді Асхат Шахаров.
Бұнымен қоса облыс әкімі Ұлы Жеңіс күнімен соғыс ардагері Василий Грецкийді құттықтады. Василий Иванович Грецкий – өңірдені көзі жалғыз екінші дүниежүзілік соғыс ардагері. Қазір оның жасы 101-де. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Василий Ивановичке соғыс жылдарындағы ерлігі үшін зор алғысын білдіріп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мерейтойлық медальді кеудесіне тақты.
"Сіз сол бір сұрапыл соғыстың ауыр сынақтарынан өтіп, бостандық пен әділдікке деген берік сенімді сақтай білдіңіз. Отанға деген шексіз сүйіспеншілік, ерлік пен батырлықтың жарқын үлгісін көрсеттіңіз. Біз жас ұрпаққа үлгі ретінде Жеңіс сыйлаған батырлардың ерлігін әрдайым жадымызда сақтаймыз", - деп Мемлекет басшысы құттықтау хатында атап өткен.
Сондай-ақ Ақтөбеліктер "Ардагерлерге тағзым" онлайн-акциясына қатысты.
Акцияға Өңірлік коммуникациялар қызметі белсенді қолдау көрсетіп, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Алексей Маресьев, Өтеген Сейітов сынды көрнекті батырларға арналған бірнеше танымдық бейнероликтер дайындады. Ақтөбенің орталық көшелері осы майдангерлердің құрметіне аталған.
Бүгін, 9 мамыр күні бүкіл ел Ұлы Жеңістің 80 жылдығын ерекше құрметпен атап өтті. Ақтөбеліктер майдан даласынан оралмаған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, Даңқ обелискіне, Кеңес Одағының Батыры, қазақтың аты аңызға айналған мерген қызы Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешеніне, Батырлар аллеясына және басқа да ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты шараларға ардагерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жас жауынгерлер, студенттер, қоғамдық ұйымдардың, түрлі мекеме өкілдері мен қала тұрғындары қатысуда.