Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жасанды интеллект арқылы дауыс өзгертеді: Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Қазақстанда енді алаяқтар жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, адамдардың дауыстары мен видеоларын өңдеу арқылы халықты алдауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Қазақстан Ұлттық Банкі аяқтардың жаңа схемаларды пайдалана бастағанына айтып, азаматтарға ескерту жасады. 

“Алаяқтар жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, жақын адамдардың дауысын немесе бейнесін имитациялайды. Олар туыс немесе таныс ретінде хабарласып, түрлі сылтаумен ақша аударуды, сілтемеге өтуді, қосымша жүктеуді, мессенджерде жаңа функцияларды іске қосуды немесе жеке деректерді айтуды сұрайды. Тіпті азаматтарға жөнелтушінің деректері көрсетілмеген гүл шоқтарын жібереді. Содан соң сол адамға қаскөйлер хабарласып, өздерін жеткізуші қызметтің қызметкерлері ретінде таныстырады да, келіп түскен хабарламада көрсетілген код арқылы гүл шоғының жеткізілгенін растауды сұрайды”, – делінген хабарламада.

Ұлттық Банк тағы да бірнеше алаяқтық схемаларын бөлісті.

"Сондай-ақ, пошта жөнелтілімдерін жеткізуге қатысты оқиғалар белгілі болды. Азаматтар "пошта бөлімшесінен тапсырысты алу" сылтауымен хабарламалар немесе зиянды сілтемелер алады. Онда олардан жеке деректерін енгізу талап етіледі. Нәтижесінде алаяқтар телефондағы жеке деректерге, соның ішінде банк қосымшаларына қол жеткізе алады. Алаяқтар мессенджерлерде фотосуреттер түрінде зиян келтіруі мүмкін бағдарламалық қамтылымды да жібереді. Фотосуретті ашуға және көруге тырысқан кезде орнату файлы (".APK" кеңейтілімі) іске қосылады. Осылайша, олар мобильді құрылғыны басқаруды өз қолына алып, оған қолжетімділікті бұғаттай алады”, – делінген ақпаратта.

Мобильді құрылғылардың көмегімен іске асырылатын алаяқтықтың жиілеп бара жатқанын ескере отырып, Ұлттық Банк азаматтарды абай болуға, үшінші тұлғаларға құпия ақпаратты бермеуге, күдікті телефон қоңырауларына сенбеуге, сұратулардың түпнұсқалығын бірнеше рет тексеруге, күмәнді сілтемелер мен файлдарды ашпауға, сондай-ақ HopToDesk, RustDesk, RUDesktop, AnyDesk, TeamViewerжәне т.б. қашықтан қол жеткізу қосымшаларын орнатпауға шақырады.

Үшінші тұлғалар тарапынан алаяқтық әрекеттерін болдырмау үшін ҚҰБ мемлекеттік органдардың немесе Ұлттық Банктің қызметкерлері атынан белгісіз қоңыраулар шалынған кезде әңгімені тоқтатуды, қажет болған жағдайда мемлекеттік органның ресми нөмірі бойынша өз бетінше өтініш жасауды ұсынады. 

Еске салсақ, осыған дейін Қарағандыда жеті баланың анасы алаяқтық жасады деген күдікке ілінген еді.

Талқылау