Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таеквондодан бас бапкер жалған құжат жасап, жасөспірімдер жарысына қатысқан: Министрлік оны жауапқа тартпаған

жалған құжат жасапФото: Скрин Ақырыс Сейітқазы подкастынан

Желіде таеквондодан Ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтан 21 жасында жалған құжат жасап, жасөспірімдер арасындағы жарысқа қатысты деген ақпарат тарады. Сол кезде 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы жарысқа қатысқан спортшы алтын медаль жеңіп алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аталған жағдайды журналист Диас Нұрақын Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, таеквондодан Ұлттық құраманың бас бапкері 2001 жылы Азия чемпионатына Есбол Ерден деген атпен қатысқан.

"Ол Азия чемпионатына 2001 жылы Есбол Ерден деген есіммен қатысқан. Сондай-ақ жүлделі бірінші орын алған. Алайда оның жасы сол кезде 21-де болған дейді. 1981 жылы туғанымен, құжатқа 1984 жылғы деп жаздырған екен. Осы құжатпен 2005 жылға дейін әртүрлі жарыстарға қатысып, жүлдегер атанған. Интернеттегі ашық мәліметтерде Есбол Сұлтанның 2002 жылы Азия ойындарында қола жүлде жеңіп алғаны жазылған. Сондай-ақ тағы бірнеше беделді жарыстарда жүлде алыпты. Тек 2006 жылдан бастап қайтадан өзінің түпнұсқа төлқұжатын пайдаланған", – деп жазды журналист.

Журналистің мәліметінше, полиция жалған құжатты тексергенімен, 25 жыл бұрынңы оқиға деп істі жаба салған. 

"Жалған құжат жасатқанын полиция тексерген. Олардың мәліметінше, Есбол Ерденұлына 1997 жылы Шымкент қалалық АХАЖ бөлімі төлқұжат берген. Сосын 2000 жылы ОҚО, Қазығұрт ауданы АХАЖ бөлімі берген жалған туу туралы куәлік негізінде тағы бір төлқұжат жасалған. Онда туған жылын 1984 жыл деп көрсеткен. Мұның бәрін құзырлы орган өкілдері дәлелдегенімен, 25 жыл бұрын жасалған заңсыздық (қылмыс) деп істі жылы жаба салыпты", – дейді журналист. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Туризм және спорт министрлігінен мән-жайды сұрап білді. 

Туризм министрлігінің мәліметінше, Есбол Сұлтанов бас бапкер лауазымына қойылатын барлық талапқа толықтай сәйкес келеді.

"Есбол Сұлтанов ел Конституциясы мен заңдарын біледі және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарына толықтай сәйкес келеді. Оның "Дене шынықтыру және спорт" мамандығы бойынша жоғары білімі, жаттықтырушыға арналған аттестаты және дене шынықтыру мен спорт саласында кемінде 5 жылдық еңбек өтілі бар. Есбол Ерденұлының спортшы ретінде спорттық мансабынан айтарлықтай көп уақыт өтті. Ал оның сол кездегі нәтижелеріне бапкері жауапты болған. Дегенмен бұл жағдай Есбол Ерденұлының кәсіби білімі мен қабілетінің жеткілікті екенін жоққа шығармайды. Бұл оның қазіргі қызметіне лайық кандидат екенін дәлелдейді", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ министрлік қолданыстағы халықаралық ережелерде жалған құжатпен спорттық жарыстарға қатысқаны үшін жауапкершілік көзделмегенін жеткізді.

Есбол Сұлтанов туралы не белгілі?

Сұлтанов Есбол Ерденұлы 1984 жылы 1 наурызда дүниеге келген. Ол спортшы ретінде таеквондодан Қазақстанның жастар, кейін ересектер құрамасында өнер көрсеткен.

2000 жылы Ирландияның Килларни қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында, 68 келі салмақ дәрежесінде ширек финалға дейін жеткен.

Ал 2001 жылы Тайваньның Чжанхуа қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған. 

2002 жылы Пусанда (Оңтүстік Корея) өткен Азия ойындарында ол 72 келіге дейінгі жеңіл салмақта бақ сынады. Қазақстандық таеквондошы жартылай финалға дейін жетті. Ол әлем чемпионы, ирандық спортшы Хади Саеиге жол беріп, қола жүлдені еншіледі.

Арада екі жыл өткен соң Есбол таеквондодан ірі халықаралық жарыстарда тағы екі медаль жеңіп алған. Ол German Open халықаралық турнирінің күміс жүлдегері, Оңтүстік Кореяның Соннам қаласында өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған.

бапкерФото: taekwondo_wt_kz Instgaram парақшасынан алынды

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Есбол Сұлтанов спорттық мансабын 2008 жылы аяқтап, бапкерлік қызметке ауысады. Ол еңбек жолын Алматыдағы "Шаңырақ" спорт интернатында көмекші ретінде бастаған. Бапкерлер кадеттер мен жасөспірімдер арасында ел чемпионаттарының бес жеңімпазын, Азия чемпиондарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін тәрбиелеген.

2014 жылдан 2020 жылға дейін Есбол Ерденұлы Алматы қаласы ересектер құрамасын басқарған. Оның жетекшілігімен алматылықтар республикалық жарыстарда медальдар саны бойынша көш бастап, үш рет Конфедерация кубогын жеңіп алған.

Сұлтанов кадеттер (12–14 жас) құрамасының бапкері ретінде де табысты жұмыс істеді. Оның жетекшілігімен үш жас қазақстандық әлем чемпионатының алтын жүлдегерлері атанды. Бірнеше спортшы Азия чемпионатында топ жарды.

Есбол Сұлтанов 2023 жылдың қыркүйегінде Тунис мемлекетінің шақыруымен бас бапкерлікке барды. 2024 жылы өткен Париж Олимпиадасында оның қос шәкірті жүлделі болып, бірі – қола, екіншісі – алтын медаль алды. Осылайша Дүниежүзілік Таеквондо федерациясы Есбол Сұлтановты 2024 жылдың "Үздік бапкері" деп таныды.

Осыдан кейін президент Тоқаев Сұлтановтың жетістіктерін атап өтіп, бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керегін айтты.

Биыл қаңтар айында Есбол Ерденұлы таеквондодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері лауазымына тағайындалды.

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 24 Шілде, 2025 13:44
Талқылау