Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген

Күйеуі әйелінен шизофрениямен ауыратынын жасырып келгенФото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Жанна (аты өзгертілген) 16 жыл бойы күйеуінің шизофрениямен ауыратынын білмеген. Шындық тек ажырасқаннан кейін ғана ашылыпты. Әйел жылдар бойы жолдасының ашуланшақ мінезін, жиі ызаланып жүруін жай ғана "ер азаматқа тән қаталдық" деп қабылдап келген. Ал күйеуінің анасы баласының нақты диагнозын бұрыннан білгенімен, бұл туралы келініне ешнәрсе айтпапты. Көп ұзамай олардың үлкен ұлы да шизофренияға шалдыққаны анықталған. Stan.kz тілшісі әйелмен хабарласып, жағдайдың қалай болғанын толығырақ сұрап білді.

"Түрлі белгілер болған екен, тек оны түсінбегенмін"

Әйел бұрынғы күйеуімен 16 жыл бірге өмір сүргенін, соның бір жылы ажырасу процесі жүріп жатқан кезең болғанын айтты. Жаннаның сөзінше, күйеуі психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғанын айтқан, алайда бұл жай ғана депрессияға байланысты деп түсіндірген.

"Күйеуім нақты диагнозды тек ажырасу кезінде айтты. Кейін бәрін саралап қарасам, шын мәнінде бұған дейін де түрлі белгілер болған екен, тек мен оны түсінбегенмін. Мысалы, оның логикасы біртүрлі еді. Бір мысал айтайын, оның сүйікті әзілінің бірі "Ірімшікте тесік көп болса, ірімшік аз болады. Сонда ірімшік көп болса, демек, ірімшік аз" деген сөз. Логикасы дұрыс сияқты көрінеді, бірақ біртүрлі, қисынсыз екенін сезесің. Осы сияқты оғаш ойларды жиі айтатын. Кейде ашуға булығып кететін. Бірақ оған қатты мән бермейтінмін, өйткені бұл ер адам, олар бәрібір ашуланшақ, эмоцияға берілгіш деп ойлайтынмын", – деп түсіндірді Жанна. 

"Шындықты жасырғаны үшін бұл әулетті ешқашан кешірмеймін"

Жаннаның айтуынша, ажырасу барысында күйеуінің туыстарымен сөйлесе жүріп, күтпеген жайтқа тап болған. Оның жақындары бір әңгіме арасында "Оның шизофрениясы бар ғой" деп жай ғана, күнделікті бір жағдай туралы айтып тұрғандай айта салған. Бұл сөз Жанна үшін төбесінен жай түскендей болыпты. Ал оның таңданысына олар "Иә, біз бұрыннан білеміз" деп немқұрайлы жауап берген.

"Күйеуімнің бүкіл отбасы диагнозын біліп жүрсе де, маған айтуға қажет деп таппапты. Соңында үлкен балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды, ал кенжесінде түсініксіз жағдай. Бұл шындықты менен жасырғаны үшін бұл әулетті ешқашан кешірмеймін. Ажырасу барысында да олардың шынайы бет-бейнесі ашылды. Бұрын жақсы адамдар сияқты көрінгенімен, шын мәнінде ондай емес екен. Диагноз жайлы ешкім ашық айтпады, тек "сен білетін шығарсың" деген сылтаумен үндемей қалды", – деді Жанна.

Жанна күйеуі диагнозы туралы айтып берген сәтте абдырап қалғанын, сондықтан көп жайттың есінен шығып кеткенін жеткізді. 

"Осы сәт бойынша нақты ешнәрсе есіме түспей тұр. Дегенмен мұндай факті туралы естігеннен кейінгі жағдайымның ауыр болғаны сонша, менің психикам сол естелікті жойып жіберген. Бұрынғы күйеуіме байланысты көп нәрсе есімде жоқ. Қазір еске түсіргім келсе де, біреу жадымды өшіріп тастағандай күй кешемін. Мұны психикалық қорғаныс механизмі деп есептеймін. Сондықтан бұл сұраққа нақты ештеңе айта алмаймын, себебі мүлде есімде жоқ", – деді Жанна.

Әйел бұл жағдайдың өзі де, ұлына қойылған диагноз да өте ауыр тигенін айтады. Оның сөзінше, ұлының психотерапевті, психиатры және өзі бірлесіп жұмыс істеу арқылы баланың жағдайын тұрақты ремиссияға жеткізген. Қазір ұлы дәрі ішпейді. Алайда бұл ремиссия қанша уақытқа созылатыны белгісіз. 

"Өмірге зор үмітпен және сеніммен қарайтын адаммын. Жақсы адамдар бар екеніне сенемін. Бұл жағдай менің өмірге деген сенімімді, өмірлік ұстанымдарымды өзгертті деп айта алмаймын. Әрине, бір кездері мен үшін баламның денсаулығы ең басты нәрселердің бірі болды. Сол үшін оны инклюзивті мектепке ауыстырдым. Иә, бір кездері бар күшімді балама арнадым. Қазіргі жағдайымыз тұрақты болғандықтан, аз да болса дамылдап алуға мүмкіндік туды", – деді Жанна.

"Уақытты кері айналдыруға мүмкіндік болғанда, бәрін өзгертер едім"

Әйел бұрынғы күйеуі туралы сөз қозғағанда қуаныштан гөрі, өкінетін тұсы көп болғанын жасырмады. Жанна кез келген адам жарына адал болу үшін өзінің диагнозын айтуға міндетті деп санайды. Екіншіден, дүниеге келетін балаларының алдында жауапкершілік алуы маңызды. Себебі тұқымқуалаушылық деген нәрсе жайдан-жай пайда болмайды, дейді кейіпкеріміз. 

"Егер уақытты кері айналдыруға мүмкіндік болғанда бәрін өзгертер едім. Әрине, бұл адамға тұрмысқа шықпас едім. Өйткені уақыт көрсеткендей, ол менің адамым емес, мен де оның адамы болмағанмын. Мұнда біреуді жаман, біреуді жақсы деуден аулақпын. Жай ғана біз бір-бірімізге лайықты адамдар емес екенбіз. Сондықтан, иә, бәрін басқаша істер едім. Қазір мен нені ескеру керек екенін білемін. Егер бірнәсе маған күмәнді көрінсе, демек, ол жайдан жай емес. Бұрынғы күйеуімнің ашуға булығып кететін кездері, біртүрлі қисынсыз ойлары болғанда, іштей "бұл жерде бір гәп бар" дегендей ойлайтынмын. Бірақ біз көбіне өз ішкі дауысымызды елемейміз", – деді Жанна.

Жаннаның сөзінше, некеде жүрген кезінде жұбайына ешқандай күмән болмаған. Әйел "күйеуіңе сенбесең, онда не үшін жанында жүрсің?" деген принциппен өмір сүріпті.

"Бір күні балам шошып қалғанын айтып, "дауыстар естіп жүрмін" деді. Сөйтіп, оған осы диагноз қойылды. Осы кезде, ең бірінші, бұл дерттің әкесінен берілгені туралы ой келді. Себебі ажырасу кезінде, яғни сот процесі жүріп жатқанда, бұрынғы күйеуім өзі айтты. “Иә, менде шизофрения болған, есепте тұрғанмын” деді. Ал балаға да дәл осы диагноз қойылған кезде, дәрігерлер бұл тұқым қуалайтын ауру деді. Сондықтан бәрі қайдан шыққанын түсінуге болады. Ал енді бұл дерт бұрынғы күйеуіме кімнен берілгенін білмеймін. Оның туыстары бұл туралы тіс жарып ештеңе айтпайды, бәрі үнсіз. Шынымды айтсам, мен бұл сұраққа бас қатырмадым. Өйткені маған қазір бәрібір", – деді әйел.

Әйелдің айтуынша, баласы қызбен қарым-қатынаста жүргенін және сүйіктісіне өзінің диагнозын ашық айтқан екен. 

"Балам бұл мәселені жасырып, іште бүгіп қалуға болмайтынын жақсы түсінеді. Бәрі ашық айтылуы керек екенін біледі. Сондықтан өзі бұл туралы жасырмай, еркін айтады", – деді Жанна.

"Диагнозды жасыру – басқа адамның таңдау құқығын бұзу"

Осы ретте жоғары санатты психиатр-дәрігер, психотерапевт Мария Токарева жақыныңыздың немесе танысыңыздың осы диагнозбен ауырып жүргенін қалай байқауға және көмектесуге болатынын айтып берді.

Мария Токорева психотерапевт

Фото: Stan.kz / психиатр-дәрігер, психотерапевт Мария Токарева

"Шизофрения өте күрделі диагноз және оны тұрмыстық жағдайда бірден анықтау оңай емес. Аурудың бастапқы кезеңінде науқастың өзі де не болып жатқанын толық түсінбеуі мүмкін. Жақындары оның мінез-құлқындағы өзгерістерді көбіне шаршау, стресс немесе мінез ерекшелігі деп қабылдайды. Алайда кейбір белгілерге назар аудару маңызды. Себепсіз көңіл күйдің күрт өзгеруі, апатия немесе шамадан тыс белсенділік, өзімен-өзі сөйлесу, қисынсыз ойлар мен сөздерді айтуы. Бұл ойлау жүйесінің бұзылуының белгісі", – деді Мария Токарева.

Дәрігер мұндай белгілерді байқаған жақын адам міндетті түрде мән беруі керек және мүмкіндігінше науқасты психиатр дәрігерге апаруға тырысуы қажет дейді.

Мария Токарева өз тәжірибесінде кездескен осыған ұқсас оқиғаны мысалға келтірді. Мұнда ер адам әйелімен екі жылдай бірге өмір сүріп, оның оғаш әрекеттері мен ата-анасының үнсіздігіне күмәнданып, кейін әйелінің психикалық аурумен есепте тұрғанын білген. Ер адамның айтуынша, егер оған бұл туралы некеге дейін ашық айтылғанда, ол саналы түрде шешім қабылдар еді. Сондықтан мұндай диагнозды жасыру басқа адамның таңдау құқығын бұзу деп есептейді.

"Егер адам кейде тұйықталып, ашушаң немесе оғаш қылықтар көрсетсе, бұл психикалық ауытқудың алғашқы белгілері болуы мүмкін. Жақындары оны көбіне шаршау немесе мінез деп қабылдайды, бірақ сау адам ашуын бақылап, дұрыс қарым-қатынас орната біледі. Агрессияны басқара алмау маманға жүгінуге себептердің бірден бірі. Сол сияқты, бұрын ашық-жарқын болған адам кенет тұйықталып кетсе, бұл да ескерту белгісі. Мұндайда қысым көрсетпей, түсіністікпен қарап, дәрігерге, әуелі, невропатологқа, кейін қажет болса психотерапевтке баруға кеңес беріледі", – деді Мария Токарева.

Бүгінде психиатрия саласында психикалық аурулардың пайда болу себептері толық зерттеліп бітпеген деп отыр дәрігер. Дегенмен әлемдік статистикаға сенсек, ата-анасының бірінде психикалық ауытқу болған жағдайда баланың немесе немересінің де дәл сондай диагнозбен ауыру ықтималдығы жоғары екен.

"Бірақ бұл 100% деген сөз емес. Егер ата-ананың беруінде психикалық ауру болса, оның баласы міндетті түрде ауырады деп кесіп айтуға болмайды. Мұндай тәуекел бар, бірақ ол нақты болатынына кепіл жоқ. Отбасында психикалық диагнозы бар адам болса, бұл туралы балаға ашық әрі түсінікті түрде айту қажет. Балаға психикалық саулықтың маңызын ерте жастан түсіндіріп, көмек сұраудан ұялмауға үйрету керек. Ауыр диагноздың өзі үкім емес, уақтылы емделсе, адам толыққанды өмір сүре алады", – деп түсіндірді маман.
Айым Атамбаева
Жұма, 25 Шілде, 2025 15:53
Талқылау