Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Тілімді қорламай, елден кет” дегендер болды": Қазақ тілін қазақтарға үйретіп жүрген корей азаматы өзіне жасалған хейт туралы айтты

Қазақ тілін өз бетінше бір жылда меңгеріп шыққан онлайн тіл орталығының директоры Владислав Тен қазір қазақтарға тілді қарқынды түрде үйретіп жүр. Көпшілік тарапынан әдетте қолдау тауып жүрген кәріс азаматының бастамасы кейбір желі қолданушыларының сынына қалған. Владислав Теннің сөзінше, ол өзге ұлт өкілі ретінде қазақ тілін үйретіп жүргені үшін қазақ тілділер тарапынан хейтке ұшыраған. Stan.kz тілшісі мәселенің мән-жайын полиглоттың өзінен білген еді.

Владислав Тен, Facebook

Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйретуі кейбір адамдарға ұнамайды екен деп бастады сөзін Владислав Тен. Айтуынша, өзіне қатысты жағымсыз пікірлер жазып, негативке толы хаттар жіберіп жатқандардың дені – қазақ тілді желі қолданушылары. 

“Әдетте адамдар қолдау білдіріп, бастамамды көтермелеп отырады, әсіресе белсенділер.  Жақында кейбір қазақ тілді желі қолданушылары жекеге шығып, “тілімді қорлама”, “елден кет”, сен қазақ емессің”, “қазақ тілінің қадіріне жете алмайсың” деген сынды хабарламалар жазып, пікір қалдырған еді.  Меніңше, бұл – ортағасырлық сана.

Хейтерлер менің күлкімді келтіреді. Түсінемін, намыстанады ғой. Кәріс, тіпті қытай деп те айтуға болатын өзге ұлт өкілі қазақ тілін, ең қасиетті құндылығын басқаларға үйретіп жүр. Оларды түсінуге болады”, – дейді ол.

Күнделікті кем дегенде бес тілде сөйлейтін Тен өзінің негізгі мақсаты қазақ тілінде таза сөйлеу дейді.

“Тілді үйрену мәселесіне басқа қырынан қарау керек. Бір қызығы, желіге салатын посттарымды көбі “ақымақтарға арналған” деп есептеп, мазақ деп ойлайды. Менің ойыма тілді мазақ ету келген емес. Тек зерттеуші ретінде желіде сұрақ қоямын, пікірім білдіремін”, – дейді Владислав Тен. 

Айтуынша, тілге қатысы мұндай мәселенің барын Қазақстанда ғана байқаған.  Өзі бұрынырақ өмір сүрген Өзбекстанда, сөзінше, барлығы дерлік өзбекше сөйлейді.

“Қазақ тілінің мәселесі неде? Өзге ұлттың қазақ тілін білмеуінде емес. Қазақтардың қазақ тілін білмеуінде. Мәселен, бірталай жыл өмір сүрген Өзбекстанда өзбектердің барлығы өзбекше сөйлейді”, – дейді ол. 

Полиглот хейтке қатысты ешкімге өкпе сақтамайтынын жеткізді. Өзін сынағандардың пікірін қисынсыз, бос сөз деп есептейді. 

“Адамдардың барлығын жақсы көремін, ешкімге ренжімеймін. Қарапайым желі қолданушылары, өмірде танымайтын адамдар тарапынан хейт бар. Әңгімелері бос сөз. Қазақ тілін қатты сүйемін, сондықтан ешкімге ренішім жоқ. Буллинг жайлаған заманда мұндай пікірлерді абайлап айту керек деп есептеймін”, – дейді ол.

Бес тілде еркін сөйлейтін полиглот қазақ тілін академиялық тұрғыда меңгергенін айтады.

“Орта деңгейді еңсердім, Қазтест эксперименталды емтиханнан өтіп, C1 деңгейін алдым. Көп адам мені өз бетімше қазақ тілінен сабақ береді деп ойлап жүр. Шын мәнінде менің жеке онлайн оқу орталығым бар. Менімен бірге дипломы бар қазақ тілінің мұғалімдері жұмыс істейді. Туындаған сұрақтарыма солардан жауап аламын”, – дейді Lingva.kz орталығының директоры.  

Айтуынша, өзіне сабақ алуға келетіндердің дені орыс тілді қазақтар. 

“Қазақ тілін білмейтін қазақтар негізінен білмегенін сұрауға ұялады. “Қазақпыз, бірақ қазақша білмейміз. Қазақтар бізді қолдамайды, күледі, шала қазақ деп атайды” деп жатады. Туғаннан бастап қазақ тілін ана тілі ретінде білетіндерге басқаларды кемсіту оңай. 

Орталықта бізге келген адамдар кемсітуге ұшырамайды. “Сен қазақ емессіз бе?”, “Мына сөздерді де білмейсің ба не?” деген сияқты сөздер айтылмайды”, – дейді ол.



Владислав Тен өзінен бай-қуатты азаматтар сабақ алатынын жасырмады. 

“Менен сабақ алатындар кімдер? Вице-министрлер, шенеуніктер. Аттарын атай алмаймын. Себебі көп мұғалімдер қазақ тілін білсе де, оны шет тілі ретінде түсіндіре алмайды. Оны ана тілі ретінде емес, шет тілі ретінде түсіндіру керек. Яғни қазақ тілінің негізінен бастап: осы шақ, келер шақ, өткен шақ және т.с.с. Мәселен, орыс тіліндегі “дождь идет” деген тіркесті алсақ, қазақ тілінде жаңбыр бара алмайды, жауады. Бұл – тілдік философия. “Жауу” деген етістікте нағыз философия жатыр. Оны не себепті жауады деп қолданатынын қазақ тілінен беретін мұғалімдердің көбі түсіндіре алмайды.

Қазақ тілінің мұғалімдері менен шеберлік сағатын алады. Оларға қазақ тілін шет тілі ретінде үйретудің алгоритмін үйретемін. Әрине, қазақ мұғалімдері қазақ тілін жақсы білетініне таласым жоқ, себебі бұл олардың ана тілі. Ал мен тілді шет тілі ретінде үйретемін”, –  дейді қазақ тілінен сабақ беріп жүрген Тен.

Владислав Тен қазақтар тарапынан жиі еститін тағы бір тіркеске қатысты назын білдірді. 

“Қазақ тілі қазақтардың қанында болуы керек деп айтып жатады. Осындай ешқандай ғылымға негізделмеген нәрсені айтуға құқық бар ма? Мысалы, мен – жергілікті кәріспін, кәріс тілін білмеймін, ол менің қанымда да жоқ. Кейбірі тіпті Тоқаевты қазақша білмейді деп сынға алады. Ол – орыстілді адам. Қазір тілді үйреніп алды, тамаша емес пе?”,– деп пікірін білдірді ол.

Осы ретте оқытушы тілді нөлдік деңгейден бастап өз алгоритміне сай үйрететінін айтады. 

“Адамдар үшін бұл мазақ сияқты көрінеді, “барамын”, “келемін”-ді не үшін үйренеміз деп ойлайды. Не үшін? Себебі адамдар бұл қарапайым базалық нәрсені білмейді. Қазақша түсінбейді, орыс тілді ортада туып-өскен. “Қазақша сөйле” дейтіндердің барлығы патриот емес. Айтуға, әрине, оңай.

Мәселен, маған қазақ тілін ешкім үйреткен жоқ. Көп мұғалімге жүгінгенмін, ешкімнің қолынан келмеді, өз бетімше меңгеріп шықтым. Келешекте Қазақстан қазақ тілді болатынына мен сенемін. Бірақ біз мейлінше бірігіп жұмыс істеуіміз керек”, – дейді ол.                                                                                        

Талқылау