Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Жыл сайын бала туамын деп жақында көз жұмды”: Қазақстандық әйелдер ер адамдардың вазэктомия жасатуын талап етіп жатыр

ВазэктомияФото: Freepik.com

Желіде жақын арада балалы болу жоспарында жоқ ер адамдарға вазэктомия жасатуды ұсынған әйелдің жазбасы қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Threads желісінде “la22at” парақшасының авторы вазэктомияға қатысты жазба жариялады. Ол жазбасында вазэктомияның ер адамның денсаулығына теріс әсері жоқ екенін айтып, абысынының оқиғасын бөліскен.

“Ер адамдар! Егер сіз бұдан былай әйеліңізбен балалы болуды жоспарламайтын болсаңыз, вазэктомия жасатыңыздаршы! Бұл ұрықсыздандыру емес. Эрекция бәрі өз қалпында қалады. Қазір ғана абысынымның жүкті екенін білдім. Ол осымен төртінші баласына жүкті. Оның тұңғышы 5 жаста, екіншісі 3 жаста, ал үшіншісі босану кезінде шетінеп кеткен. Кенжесі әлі 5 айға да толған жоқ. Оған қоса, ол барлық баласын кесарь тілігі арқылы босанған. Ал күйеуі өзі де баланы қаламағанын айтқан. Яғни барлық жауапкершілік абыныма түсіп тұр”, – деп жазды ол.

Автордың сөзінше, жатыр жүктілік кезінде 20 есе үлкейеді және ол кез келген уақытта жарылуы мүмкін.

“Жүктілік кезіндегі жатыр үрілген шар секілді. Ол кез келген сәтте жарылуы мүмкін. Сіздің әйеліңіздің жатыры жарылады, ойлаңызшы. Кесарь тілігінен қалған тігістің бітуіне кем дегенде бір жыл қажет. Желімі кеппеген шинаны елестетіңізші, ал сіз оны барып тағы үресіз. Әйел ішкі қан кету кезінде минутына 300 мл дейін қан жоғалтады, сонда әйеліңіз перзентханаға барып, ота жасатып, баланы босанғанша 5-ақ минуты бар. Үлгеретіңізге кім кепіл?” – деп жазған ол.

Ол жазба соңында дәрігерлерден вазэктомия туралы мәлімет сұраған.

“Дәрігерлер, өтініш, вазэктомия туралы көбірек айтыңыздаршы. Ол қанша тұрады, қалай және қайда істейді, қандай артықшылығы мен кемшілігі бар, бәрін. Бала көтертпейтін дәрі-дәрмектер мен спираль туралы жазбауларыңызды сұраймын. Контрацепцияның ешбір әдісі вазэктомия секілді 100% кепіл бермейді”, – деп жазған ол.

Жазба желі қолданушыларының арасында екіұдай пікір қалыптастырды. Оқырмандардың бір тобы әйелді қолдаса, бір тобы вазэктомия болашақта балалы болуды 100% жоспарламайтын ер адамдарға ғана арналғанын жазған.

Мәселен, пікір иелерінің бірі басынан өткен жеке тәжірибесін бөліскен. Оның айтуынша, жүкті болмау үшін қолданған тығындәрілер мен ішкен дәрілерінің кесірінен бірнеше ауру пайда болған. 

“Мен де ер адамның вазэктомия жасатқаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені 5 жыл тығындәрімен сақтанып жүрді, салдарынан эндометрийдің гиперплазиясы пайда болды. Дәрігердің кеңесімен бала көтертпейтін дәрі іштім, жақпады, бас ауру, жүрек айну, етеккірдің дұрыс келмеуі мазалады. Кейін басқасына ауыстырып едім, бала көтеріп қойдым. Енді менің 3 балам бар. Түсік жасатуды жоспарладық, бірақ түсік тастап, жатырымды тазалауға тура келді”, – деп жазды ол.

Өзге қолданушы жыл сайын бала босанған келінінің жақында өмірден өткенін жазды. 

“Туыс келінім осылай қайтыс болды. Босанғанына 4-ақ ай, ал жүктіліне 3 ай. Жыл сайын туудың не керегі барын түсінбеймін. Оның ағзасы көтермеді, салдарынан 4 бала анасыз қалды”, - деп жазды ол.

Тағы бір қолданушы вазэктомияны болашақта балалы болғысы келмейтіндер ғана жасату керегін айтты.

“Әрине, әйел неге түрлі дәрімен өз ағзасын улап жатыр. Біраз ерлі-зайыпты ажырасуға бел буса ше? Ер адамның вазэктомия істеткені бұрынғы әйелінің жуапкершілігінде қалмай ма? Вазэктомиядан кейін қалпына келтіру операциясын жасатқанымен, балалы болу мүмкіндігі 100% орнына келетініне кепілдік жоқ”, - деп жазды ол.

Вазэктомия туралы жазбаға ер адамдар да пікір қалдырған. Олардың сөзінше, жоспарланбаған жүктіліктің алдын жатырдың түтікшелерін байлау арқылы алуға болады.

“Жатыр түтікшелерін байлауға болады, жатырын алып тастауға болады, ақыры балалары бар екен”, “Жай ғана мүшеқаппен сақтануға долмай ма? Вазэктомиядан кейін балалы бола алуға кепілдік жоқ, ересек адамдар емес пе?”, - деп жазған олар. 

Вазэктомия дегеніміз не?

Вазэктомия – бұл ер адамдарға жасалатын стерилизацияның хирургиялық әдісі. Ол әдетте болашақта бала сүйгісі келмейтін ерлер үшін контрацепция тәсілі ретінде қолданылады. Яғни вазэктомия арқылы ұрық өтетін шәует жолдарын кесіп немесе толықтай бөгеп тастайды. Нәтижесінде ер адам балалы бола алмайды, бірақ бұл оның жыныстық құштарлығына, эрекциясына немесе эякуляциясына әсер етпейді.

Вазэктомия жасатқан ер адамдар қайтадан балалы бола алады, ол үшін дәрігерге барып, қалпына келтіру қажет. Алайда оның нәтижесі әртүрлі факторға байланысты, өйткені отаны жасатқан жыл көбейген сайын, жағдайды қалпына келтіру ықтималдығы соғұрлым төмендей береді.

Вазэктомияға дәрігердің көзқарасы қандай?

Stan.kz тілшісі Atlas clinic медицина орталығының негізін қалаушы, уролог, андролог Нұрлан Мұқановпен сұхбаттасып, маманнан вазэктомияға қатысты маңызды сауалдардың жауабын алды.

Урологтың айтуынша, вазэктомия – контрацепцияның ең сенімді, ұзақ мерзімді әдістерінің бірі. Оның тиімділігі 99% жоғары.

“Вазэктомия – әлемдегі ең сенімді контрацепция әдістерінің бірі саналады. Оның тиімділігі орта есеппен 99,8% тең, яғни процедурадан кейін жүкті болу ықтималдығы бар болғаны 0,1-0,2%. Бұл әдіс ер адамның ұрық жолдарын арнайы хирургиялық тәсілмен жабуға немесе кесіп тастауға негізделген. Нәтижесінде сперматозоидтар шәуетке түспейді, бірақ ер адамда жыныстық функция, гормондық фон және эрекция өзгермейді”, – деді ол.

Дәрігер вазэктомияның бірден толық әсер бермейтінін түсіндірді. Операциядан кейін белгілі бір уақыт бойы (орташа 8–12 апта немесе шамамен 20–30 эякуляция) сперматозоидтар жолдарда сақталып қалуы мүмкін, сондықтан осы кезеңде қосымша контрацепция қолдану керек. Қорытынды бақылау анализі – спермограмма жасап, шәуетте сперматозоид жоқ екеніне көз жеткізу әдістің толық тиімді болғанын дәлелдейді.

Ғылыми деректерге сүйенсек, вазэктомия ер адамның жалпы денсаулығына теріс әсер етпейді. Бұл процедура простата обырының даму қаупін арттырмайды, гормондарға әсер етпейді және тестостерон деңгейін төмендетпейді. Сонымен қатар еркектің жыныстық белсенділігі, потенциясы мен либидосына ешқандай теріс ықпал етпейді.

“Эрекция, оргазм және жыныстық функция толық сақталады. Вазэктомия тек ұрық жолдарын жабуға бағытталған, сондықтан сперматозоид шәуетке түспей қалады, ал гормондар мен жыныстық функция бұрынғыдай жұмысын жалғастыра береді”, – деді дәрігер.

Андролог сондай-ақ вазэктомияның жанама әсерлеріне тоқталды. 

“Операциядан кейін алғашқы 2–5 күн ішінде ісіну, аздап ауырсыну немесе жайсыздық сезімі болуы мүмкін, бұл қалыпты жағдай. Әдетте мұндай белгілер жеңіл сипатта өтеді және салқын компресс пен тынығу жеткілікті. Өте сирек жағдайларда (шамамен 1–2%) гематома немесе қабыну сияқты асқынулар байқалуы мүмкін, олар дер кезінде медициналық көмекпен оңай емделеді. Көп ер адам бірнеше күннен кейін қалыпты өмір салтына оралады, ал жыныстық өмірді дәрігердің ұсынысына сәйкес қысқа уақыттан соң қайта жалғастыруға болады”, – деді ол.

Нұрлан Мұқанов вазэктомияны қалпына келтіруге бола ма деген сауалға да жауап берді. Оның сөзінше, вазэктомия жасатқан ерлерде балалы болу мүмкіндігі бар, бірақ 100% кепілдік жоқ.

“Вазэктомия 100% қайтымды емес. Вазэктомиядан кейін балалы болу үшін арнайы операция – вазовазостомия немесе вазэктомияның кері операциясы жасалады. Бұл процедура кезінде бұрын кесіліп, жабылған ұрық жолдары қайта ашылып, бір-бірімен микроскопиялық әдіспен тігіледі”, – деді ол.

Уролог операцияның нәтижесі уақытқа тікелей байланысты екенін түсіндірді. Мәселен:

  • Вазэктомия жасалғаннан кейін алғашқы 3–5 жыл ішінде кері операция жасалса, ұрық жолдарының өткізгіштігін қалпына келтіру ықтималдығы шамамен 60–80%.
  • 10 жылдан артық уақыт өткен соң тиімділік айтарлықтай төмендейді, небәрі 20–30% шамасында ғана.

Кейбір ер адамдарда сперматозоид өндірісі қалпына келмей қалуы немесе жолдар толықтырылғанымен сперматозоид сапасы төмен болуы мүмкін. Бұл жағдайда ұрықтандыру табиғи жолмен жүзеге аспайды.

“Сондықтан вазэктомияны уақытша шара ретінде қарастыруға болмайды. Вазэктомия – тұрақты контрацепция әдісі. Ер адамда болашақта бала жоспарлау ниеті болса, бұл әдісті таңдамағаны жөн. Көптеген уролог вазэктомияны тек балалы болу жоспарын толық аяқтағанына сенімді адамдарға ғана ұсынады, себебі оны 100% қалпына келтіру кепілдігі жоқ. Кейбір жағдайларда балалы болуға басқа жолдар қолданылуы мүмкін, мысалы сперматозоидты тікелей ұрық безінен алу (TESA, PESA) немесе экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО). Бірақ бұл әдістер қымбат, күрделі және әрқашан нәтижелі бола бермейді”, – деді Нұрлан Мұқанов.

Сонымен қатар дәрігер вазэктомияның жыныстық функцияға, потенцияға, либидоға әсері болады деген көп ер адамның қорқынышына себеп жоқ екенін айтты. Өйткені процедура тек ұрық жолдарын бұғаттауға бағытталған, сондықтан еркектің гормондық жүйесіне араласпайды.

“Еркек гормондары, әсіресе тестостерон бұрынғы деңгейінде сақталады. Эрекция, оргазм, либидо да өзгермейді, себебі олар ұрық жолдарына емес жыныс бездерінің, жүйке жүйесінің және қанайналымының жұмысына байланысты. Көп адам эякуляция көлемі өзгеріп кетеді деп қорқады. Шын мәнінде, сперматозоид жалпы шәуеттің тек 2–5% бөлігіне ғана тең, сондықтан вазэктомиядан кейін эякуляция көлемі дерлік сол күйінде қалады, көзге көрінерлік айырмашылық болмайды”, – деді дәрігер.

Уролог ретінде еліміздің ер адамдарына вазэктомия жасатуға кеңес бересіз бе?

Нұрлан Мұқанов ең алдымен ислам діні тұрғынан жауап берді. 

“Дін өкілдерінің пікірінше, алла жаратқан нәрсені қайтымсыз өзгертуге адамның қақы жоқ. Сондықтан бұл мәселе әр адамның жеке сенімі мен діни ұстанымына байланысты шешілуге тиіс. Ал медицина тұрғысынан қарасақ, вазэктомия – ұзақ мерзімді және тиімді контрацепция әдісі. Оны әдетте балалы болу жоспарын толық аяқтаған ер адамдарға ұсынады. Оған қоса, егер ер адам әйелінің гормоналды препараттарды пайдаланғанын қаламаса, спираль секілді әдістерден бас тартса немесе қауіпсіз әрі ыңғайлы контрацепцияны көздесе, вазэктомия қарастыруға болатын нұсқа”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгергенін айтып берген еді.

Балнұр Жұмаділла
Дүйсенбі, 24 Қараша, 2025 15:07
Талқылау