Валюта айырбастау бекетіне кіріп-шыққан павлодарлық 9 миллион теңгесінен айырылып қалды
Павлодарлық полицейлер көліктен 9 миллион теңгені ұрлап кеткен қылмыскерлерді қолға түсіріп, қамауға алды.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі мамандарының айтуынша, Павлодар қаласының тұрғыны ірі көлемдегі ақшаны көлікте жоғалтқан.
“Жәбірленуші валюта айырбастау пунктінен көп көлемдегі ақшаны алып шығып, көлігінің артқы орындығына қояды да дәріханаға кіреді. Кейін машинасына келіп, артқы әйнектің сынып тұрғанын және 9 миллион ақша салынған портфелінің ұрланғанын біледі. Сол жерде бірден полицейлерге хабар берді. Тергеу-жедел тобы оқиға орнына келіп, осы ауданда жұмыс істеп жүрген «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлерінен жауап алған. Олардың біреуі портфель ұстап жүгіріп бара жатқан жігітті көргенін және үстіндегі киген киіміне дейін айтып берді”, – деді мамандар.
Полицейлер сыртқы бейне бақылау камераларындағы жазбаларды қайта қарау барысында жәбірленушінің артынан бір жігіттің ақша айырбастау пунктіне кіріп, кейін артынан еріп шыққанын көреді. Ол «Қазақтелеком» АҚ қызметкері сипаттаған адамның бейнесімен дәл келді.
“Полицейлер тез арада оның жеке басын анықтап, фотосуретін полицияның барлық бөлімшелеріне жолдады” дейді мамандар. Полицейлердің жедел тексеруінің нәтижесінде қылмыскер Павлодар-Астана автожолында қолға түскен. Полиция қызметкерлері 32 жастағы ер азамат басқарған «Ниссан Кашкай» автокөлігін тоқтатып, ішіндегі екі жігітті тексереді.
Нәтижесінде біреуі бейнежазбаға іліккен күдікті болып шыққан. Тексеру барысында жолаушылардан ірі көлемді ақша табылған. Сондай-ақ, олардың тұрғылықты жерінен 6 млн теңге үшінші күдіктіден тағы 2 млн теңге ақша алынды. Куәгерлердің көмегінің арқасында қылмыс тез арада ашылып, ұрлықшылар қамауға алынды.
Оқи отырыңыз:
Шымкентте жолаушыларға таласқан автобус жүргізушілері төбелесті (видео)
Елімізде оқушыларға интернетке кіруге заңмен шектеу қойылуы мүмкін
ОҚО тұрғыны 23 жылдан соң тапқан немересін жақын досының қызына үйлендірді