"Вагонда сырт киіммен ұйықтадық": Наурыз мейрамын тойлау үшін Нұр-Сұлтаннан Алматыға жолға шыққан жолаушылар тастай суық пойызға тап болған
Наурыз мерекесіне орай Нұр-Сұлтаннан Алматыға бет алған бір топ жолаушы, есігі жабылмайтын, тастай суық әрі қараңғы вагондарға тап болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.
Түнгі сағат 22:40-та вагонға отырған жолаушылар, жарық жүрген соң қосылады деп ойлаған. Бірақ қара түнек жол бойы жалғасқан. Қатты суықтан вагонның жан-жағынан суық жел үрлеп, еденге мұз қатқан. Сорақысы вагонда жағатын көмір де болмады, - дейді жолаушылар. Ал, жол жүру құны тальгоның билетінен де қымбатқа шыққаны оларды мүлдем ашындырып жіберген.
"Вагон өте суық. Сырт киіммен ұйықтадық. Дәретхана даладағыдан бетер лас әрі суық. Жарық жоқ. Түнде тас қараңғы. Біз билетті бір ай бұрын сатып алдық. Бағасы мен вагонның жағдайы мүлдем сәйкес келмейді. Қазіргі кезде осындай тозығы жеткен вагондар жүреді деп ойламағам. Тіпті көмір жоқ. Мерекелік көңіл-күйімізді бұзды. Билет құнын қайтарып, моральдық өтемақы төлесін", - дейді наразылығын жасырмаған жолаушы Сәния Құрбанова.
Вагондағы бұл былықтарды пойыз басшысы Ұлжан Мамырова да растады. Мереке кезінде вагон жетіспеушілігінен, қысқа еш дайындығы жоқ вагондар жолға шыққан.
- "Халыққа алдын ала ескерткен жоқ": Жолаушылар Ақтөбе әуежайының кенеттен жабылып қалғанына наразы
- Ақтау жағалауындағы "бекіре" арт-нысанының төңірегінде жанжал шықты: Желі қолданылушылары әкімдікті әділетсіздікке жол берді деп отыр
- "Балаларымыздың арасында соғысты ашық насихаттауда": Байқоңырдағы оқушылар акциясы қазақстандықтардың ашуына тиді
"Менде қазір 19 вагон келе жатыр. Соның 3 вагоны осындай болып тұр. Үш вагонында жылуы кішкене нашар болып келе жатыр. Өйткені қысқа дайындалмаған вагондар салқын болып тұр. Вагондардың жағдайы да өте төмен", - дейді пойыз басшысы Ұлжан Мамырова.
"Қазақстан темір жолы" компаниясының өкілі, еш жағдай жасалмаған вагондармен тасымалданған бұл жолаушыларға өтемақы қайтарылмайды деді. Мерекеде сұраныс күрт өскен соң, жолаушыларды діттеген жерге аман жеткізу басты мақсат болғанын айтты. Бүгінгі таңда жолаушылар тасымалының базасында 2000-нан астам вагон бар. Оның ішінде зауыттан шыққанына 44 жыл болған вагондар да кездеседі. Мұндай санаттағы вагон саны 800.
"Осы пойыз өз паркіне келгеннен кейін тексеріс жұмыстарын жүргіземіз. Егер тексеріс жұмыстарында қателіктер дәлелденіп жатса, арнайы шараларды қабылдайтын боламыз. Бірақ өтемақы заңнамада қарастырылмаған. Жолаушылар тасымалында пойыз кешігіп келген жағдайда ғана үш пайыз өтемақы төленеді", - деп түсіндірді "Қазақстан темір жолы" ҰҚ" АҚ БАҚ-пен жұмыс жөніндегі департаментінің менеджері Мәди Мұхамедқали.
Былтырдың өзінде темір жол билетінің бағасы 7 процентке өскен. Бірақ қызмет көрсету сапасы әлі күнге сын көтермейді. Тәулік бойы тоңып, мерекеде тауы шағылған жолаушылар "Қазақстан темір жолының" басшылары билеттен түскен пайда мен көмірдің қайда кеткенін түсіндірсін, деп талап етуде.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
