Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларымыздың арасында соғысты ашық насихаттауда": Байқоңырдағы оқушылар акциясы қазақстандықтардың ашуына тиді

9 наурызда Байқоңыр қаласында Путинді және Украина жерінде өтіп жатқан арнайы операцияны қолдау мақсатында акция өткен болатын. Митингіге тіпті оқушылардың шыққаны туралы деректер айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Әлеуметтік желіде жиынға қатысқан оқушылардың ата-аналары Ресейді қолдау акциясынан хабарсыз болғаны айтылған. 

Бұнымен қоса асөспірімдердің акция кезінде қолдарына Ресейдің туын ұстап тұрған сәтіндегі суреттері де жарияланды. 

Суреттерден митингіге қатысқандардың арасында қазақ балалары да болғанын көруге болады. Сонымен қатар шерушілер алаңда тізбектеліп тұрып, үлкен қоршау жасаған. Ал қоршаудың ортасына көліктермен Z әріпін бейнелегендері байқалады. Сонымен қоса Ресейді қолдауға келгендер адамдарды қаз-қатар тұрғызып V белгісін де көрсеткен.

Айта кетсек, бұл белгілер Украина жеріне кірген Ресей әскерінің техникаларында таңбаланған.

Ал әлеуметтік желі қолданушылары әкімдіктің акцияға оқушыларды тартқанына наразылықтарын білдіріп жатыр. 

“Балалар жылында Байқоңырда қазақстандық оқушылар арасында соғысты насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр ма? ҚР Конституциясының 20-бабының 3-тармағына сәйкес соғысты насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді. Тәртіп бұзушылар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған”, – деп жазды Мұрат Балабай белсенді Facebook парақшасында. 

Оның айтуынша, акцияны Байқоңыр қаласының әкімшілігі мен Роскосмос ұйымдастырған. 

“Бұл оқиға туралы бірінші болып Роскосмостың Бас директоры Дмитрий Рогозин өзінің Twitter парақшасында хабарлады. Акцияға ең қызығы 10-11 сынып оқушылары қатысқан. Ата-аналардың айтуынша, оқушыларды орталық алаңда іс-шара болады деп шақырған. Олар митинг ұйымдастырып жатқанын білмеген. Балаларды саяси акцияға пайдалану қаншалықты заңды?”, — деп жазды ол парақшасына.

Белсенді саяси оқиғаға Қазақстанның оқушыларын араластыру қаншалықты заңды деп бас прокуратураға сауал жолдады. Сондай-ақ Қызылорда облысының әкімінен бұл мектептердің директорларын жұмысынан шығаруды сұрады. 

Осы жағдайға қатысты Stan.kz ақпарат агенттігіне Байқоңыр әкімшілігінің баспасөз қызметі пікір білдірді. 

“9 наурызда қаланың қоғамдық ұйымдары Байқоңыр қаласында “Біз біргеміз” ұранымен флешмоб түрінде Ресейді қолдау шарасын өткізді. Еріктілер мен қоғамдық ұйымдардың қатысушыларынан басқа, флешмобқа Байқоңыр қаласының барлық тұрғындары қатыса алды. Өйткені дайындалып жатқан іс-шара туралы ақпарат әлеуметтік желілер мен жабық чаттар арқылы таратылды.

Байқоңыр қаласының мәртебесі туралы” келісімге сәйкес Байқоңыр қаласының тұрғындары Ресей азаматтары да, Қазақстан азаматтары да бола алады. Флешмобты өткізу кезінде қандай да бір тіркеу жұмысы немесе олардың жеке құжаттары мен өзге де деректерін тексеру көзделмеді. Байқоңыр қаласының әкімшілігіне және құқық қорғау құрылымдарына акция ұйымдастырушылары мен қатысушыларына қатысты шағымдар түскен жоқ”, – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар Қызылорда облысының білім басқармасы Байқоңыр қаласындағы өткен бұл шараның ресейлік мектептерінің бірінде ғана ұйымдастырылған жеткізді. 

“Осы акцияға қатысты әлеуметтік желілерде таратылған жазбаға сәйкес тиісті зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде акция Ресей үкіметіне қарайтын мектептердің бірінде өткізілгені белгілі болды. Қаладағы Қазақстан үкіметіне қарайтын 5 білім беру ұйымында бұндай акциялар ұйымдастырылмаған. Сондай-ақ аталған шараға қазақстандық оқушылар қатыспаған. Сонымен қатар, білім басқармасы Байқоңыр қаласы мектептерінің әкімшіліктеріне орын алған мәселе бойынша жағдайды бақылауды тапсырды”, – дейді басқармадан. 

Бұнымен қоса Байқоңырда Путинді қолдау үшін ұйымдастырылған шеруге байланысты ҚР-ның арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасы түсінік берді.

“Бұл — негізі Байқоңыр әкімшілігі ұйымдастырған іс-шара. Мақсаты — бейбітшілікті қолдау. Бірақ акцияға осы қалада тұратын қазақстандықтар қатысқан жоқ. Мүмкін қазақтарды көріп, дау туындаған шығар. Бірақ олар — Ресей азаматтары”, — дейді білім басқармасының өкілдері.

Талқылау