Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украинада қаза тапқан ресейлік сарбаз соғысқа бетіне "ота" жасатуға қажетті қаржы жинау үшін барған

25 мамырда Ленинградск облысы Волосовск ауданы Большой Сабск ауылында 21 жастағы сарбаз Антон Федосеев жер қойнына тапсырылды. Жігіт әскерде борышын өтеген соң пластикалық отаға ақша жинау үшін және анасына көмектесу үшін әскери қызмет туралы келісімшарт жасаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Север.Реалии басылымына сілтеме жасап. 

сарбаз

Антон кемістікпен дүниеге келген: босану барысында кіндігі бетіне оралып қалған. Нәресетеге шұғыл ота жасалыпты. Жігіт көпбалалы отбасыда өскен. Ал әкесі 2004 жылы қаза тауып, балаларды анасы жалғыз тәрбиелеген. Антон мұрнының өзгелердікімен бірдей болғанын қалаған дейді. Ауылда тұрғандықтан, отаға ақша жинау мүмкін болмапты. Осы себепті әскерден кейін келісімшартпен қызмет етуге қалған. 

Үйде өз болашағын көрген жоқ

2020 жылы Антон Федосеев Бегуницкий агротехнологиялық техникумын тракторшы мамандығы бойынша аяқтаған. 2020 жылы оқуын тәмамдаған соң 20 жастағы жігітке әскерге шақырту келген. 

"Соңғы рет 2020 жылы хат алмастық. Бұл кезде Мурманскте борышын өтеп жүрген. "Сәлеметсіз бе, мені ұмытып қалмадыңыз ба? Мен шілде айынан бері әскерде борышымды өтеп жүрмін" деп жазды. Антон келісімшарт туралы ойланып жүргенін жиі айтатын. Бәлкім, үйінде өз болашағын көрмеген шығар. Бір жерде тұру керек, ал ауылда жұмыс табу – нағыз ерлік. Әскерде оңай, ақша мен тұрақтылық туралы уәде бересің, осылайша бала қалып қояды. Бұдан кейін байланысқа шықпады. Мен де хат жазбадым", – деп еске алды Волосовск халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиешісі Наталья Сабодаш. 

Наталья 20 жылдан бері тәрбиеші болып жұмыс істеген оңалту орталығында Антон екі жыл болған. Алғаш рет бастауыш сыныпта, екінші рет сегізінші сыныпта түсіпті. 

"Балалар әр түрлі себеппен және әр түрлі мерзімге түседі. Әдетте ата-аналар "өмірлік жағдайдың қиындағаны" туралы жазады. Жұмыс табу керек болса, жұмыс іздейді, жөндеу жұмыстарын жүргізеді, ішімдікке салынса, емделеді. Антонның әкесі болмады, анасы ішімдік ішетін. Мұндай отбасыдан шыққан балалар сабақтан қалып, жиі жанжалдасып жатады. Алайда Антон бөлек еді. Жауапкершілігі мол, сабақты жақсы оқыды, барлық КВН ойындарына қатысатын. Інісі Мишамен бірге түскенде, бауырына қамқор болып жүрді. Балалар кеткен соң барынша байланысып тұруға тырысамыз. Көбісі хабарласпайды. Ал Антон менімен сөйлесіп, қоңырау шалатын, хат жазатын", – деді Наталья. 

Антонның әпкесі Алена Федулова бауыры Украинаға қаржылық жағдайын жақсарту үшін барды деп есептейді. 

"Колледжді аяқтаған соң тәжірибеден өтті. Жергілікті шаруашылықтарда ақшаны толық төлемейді, кешіктіреді. Ол тұрақтылықты қалады. Осы себепті келісімшартқа қол қойды. Біз райынан қайтаруға тырыстық. Антонға Украинаға баруды ұсынғанда, білуімше, бас тарту мүмкіндігі болған. Алайда ол "Мен қорқақ емеспін" дейтін, осы себепті келісті", – дейді әпкесі Алена.



Федосеевтер отбасындағы ең үлкені Алена қазір 38 жаста. Күйеуі және 16 жастағы қызымен Волосовода тұрады. Қарияларға азық-түлік таратып, үй шаруасына көмектесумен шұғылданады. Ақысы көп емес, дегенмен күйеуі де жұмыс істегендіктен ақша жеткілікті екенін айтады. Өзге інілері де Волосовода тұрады. Ал кіші інісі Миша өзінің қарауында екен. 

"Барлық мәселелерге қарамастан, отбасымыз бауырмал еді. Анамды ешкім жазғырмайтын. Ауылда жұмыс табу қиын. Бұрын анам зауытта есеп жинайтын, аула сыпырып, мектеп асханасында жұмыс істеді. Кейін ішімдікке салынып, денсаулығымен мәселе туындады. Кейін мен көрші пәтерді жалға алып тұрдым. Сосын Волосоваға көшкен соң, інілерім де келді. Ал анам Большой Сабск ауылында қалды", – деді Алена.

Алена соңғы рет бауырымен 10 мамырда сөйлескен. Антон жалақысының жоғары екенін, енді анасына қаржылай көмек көрсете алатынын айтыпты.

"Бір жерге жібергенін, біраз уақыт байланысқа шықпайтынын жеткізді. Сосын демалысқа шығып, міндетті түрде келемін деген. Бет-әлпетінен ұялатын. Үнемі пластикалық ота жасатқысы келді. Бізде мұндай ақша қайдан болсын", – деп еске алды әпкесі. 

"Адам шығыны айтарлықтай көп"

Антон Солтүстік флоттың жағалау әскері, Кутузов бригадасындағы 200-жеке мотоатқыштар Печенг орденінде механик-жүргізуші болып қызмет еткен. Олар Норвегия мен Финляндия шекарасынан бірнеше шақырым жерде орналасқан. Екі жыл бұрын дәл осы бригада әскердегі жағдайдың нашар екенін айтқан. 

Әскерилер жемқорлық үшін де шағымданған. Айтуларынша, әскерде қызмет ету үшін ақша төлеу керек, сыйлықақы алу үшін жартысын беру қажет. Сарбаздар өздеріне 60 мың рубльден жоғары жалақы төлегенін айтады. Ал жұмыс істеп, мұндай ақша табу қиын екен. 

Наурыз айының басында басылымдар украиналық сарбаздардың 200-жеке мотоатқыштар дивизиясына жасаған шабуылы туралы жазған. Журналист Юрий Буцовтың сөзінше, атыс орнында 30-дан аса жойылған әскери техника мен КАМАЗ жүк көліктерін санап шыққан. Украиналықтар басқарылатын "Джавелин" ракеталарын пайдаланыпты. Ол жоғарыдан төмен қарай ұшып, танктің осал тұсына тиеді екен. Аталмыш бригада 1997 жылдан бері бар. 2014 жылы бригада Донбасстағы соғысқа қатысқан. 

"Украинадағы "арнайы операцияға" қатысқан 200-жеке мотоатқыштар бригадасында адам шығыны өте көп. Жіберілген 648 сарбаздың 645-і өлген. Тек үшеуі тірі, олардың екеуі жарақат алған", – деді Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Алексей Арестович. 

Ал Ресей қорғаныс министрлігі бұған қатысты ешқандай пікір білдірмеген. 

Антон Федосеевтің отбасына сарбаздың қаза тапқаны туралы 19 мамырда айтылған. Үйге сарбазды цинктен жасалған табытқа салып әкелген. Жерлеу рәсімі 25 мамырда өтіпті. 

"Бұл сұмдық қой. Немеремнің жасы 21-де, Антон да осы жаста еді. Енді немеремді де ешкім ешқайда жібергісі келмейді. Бұрын әскерге бар, бір жыл борышыңды өте дейтінмін. Енді әскерге қарсы адаммын. Антон орталықтағы соғысқа барып қаза тапқан алғашқы бала емес. Сәуірде жабық табытпен тағы бір сарбазды алып келді. Көпбалалы отбасыдан шыққан, ол да ақша үшін барыпты. Әр түрлі әңгіме бар. Жастарды қомақты ақшамен қызықтырады, сосын келісімшартқа қол қойдырады", – дейді Наталья Сабодаш. 

Алена Федулованың сөзінше, қазір бауырының қаза табуына байланысты өтемақы алу үшін үкімет құжаттарды рәсімдеуде көмектесіп жатыр екен. 

"Рәсімдеуді жеңілдетті десе болады. Балалардың табытпен оралғанына келсек... Бізге арнайы операция керек пе, білмеймін. Мен бұл туралы айта алмаймын, тіпті жаңалықтан да оқымадым. Аз білсең, көп ұйықтайсың", – деп түйіндеді ол.

Талқылау