Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрғындарды балағаттаған Щучинск қаласының әкімі қызметінен кетті

Тұрғындарды балағаттап аты шаққан Щучинск қаласының әкімі қызметінен кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: olzhas_nurmagambetov01 парақшасынан

Ағымдағы жылдың тамыз айында Олжас Нұрмағамбетов аудан әкімдігінің Instagram парақшасынан тікелей эфирге шыққан. Ол жарты жылда атқарған жұмыстары бойынша есеп берген. Эфир соңында қала тұрғындарының жазбаша өтінішін оқыған. Эфир өшті деп ойлап қалған әкімнің тұрғынды балағаттаған видеосы жарияланып кетіп, ол халық арасында талқыға түсті.

2 қазан күні Щучье қаласы әкімі Олжас Нұрмағамбетовтің өкілеттігі тоқтатылғаны белгілі болды.

"Бурабай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2023 жылғы 2 қазандағы шешімі негізінде Бурабай ауданы әкімінің 2023 жылғы 2 қазандағы өкімімен Бурабай ауданы Щучинск қаласының әкімі Нұрмағамбетов Олжас Байболатұлының өкілеттілігі тоқтатылсын. Щучье қаласы әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы шешім О.Б.Нұрмағамбетовтың жеке өтініші негізінде қабылданды", – делінген аудан әкімдігінің парақшасында.

Жарияланған жазбада аудан әкімінің Олжас Нұрмағамбетовке Щучье қаласының дамуы мен гүлденуіне қосқан үлесі үшін Алғыс хат табыс етілгені айтылған.

Талқылау